ХҰЛАҒУ ХАН. Аббасит халифалығын құлатып, парсы ильханатын құрған моңғол қолбасшысы
ХҰЛАҒУ ХАН. Аббасит халифалығын құлатып, парсы ильханатын құрған моңғол қолбасшысы
1 жыл бұрын 5054
Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

Хұлағу хан – Моңғол империясының негізін қалаған Шыңғыс ханның немересі. 1217 жылы дүниеге келген. Бауыры Ұлы қаған Мөңке оны империяның батыс аймағына - әрі билеуші, әрі бас қолбасшы (генерал) қылып тағайындайды. Аббасит халифалығын құлатады. Моңғол империясының жік-жікке бөліну кезеңінде Иран жерінде «Моңғол ильхан мемлекетін» құрады. Ирак жерін 10 жыл басқарады. 1265 жылы бақилық болады.


Жастық шағы

Толуйдың баласы, Шыңғыс ханның немересі Хұлағу 1217 жылы дүниеге келеді. Хұлағу Толуйдың бесінші ұлы. Кішкене күнінен бері парсы мәдениетіне деген қызығушылығы тым ерекше болған.

Баста Хұлағу шіркеу әкейінен христиандықты оқиды, алайда, христиан болып кетпей, әкесі сияқты ескі моңғол наным-сенімінде қалады. Әйтсе де, онысы христиан дін өкілдерін қорғауына және оларға қолдау білдіруіне кедергі жасамады. Себебі, анасы Соқақтан бике мен әйелі Дұқұз хатун христиан дінін ұстанатын еді. Хұлағудың христиандарға қолдау білдіруінің бір себебі де осында жатыр.   

Саяси тәжірибесі

Моңғол империясының құрылуынан бері Хұлағудың үлкен ағасы Мөңке «Ұлы қаған» лауазымын иеленсе, Хұлағу 1251 жылында ұйымдастырылған құрылтайда моңғол қолбасшыларының шешімімен Азияның батыс өңірлерін жаулап алу, «Әл-Мут» қамалына сыйынған «Ассасиндерді», яғни, «Исмаилия» ағымының өкілдерін тізе бүктіру және Аббасит халифатын шабуылдау міндетін өз мойнына алады.

Сөйтіп, ол 1253 жылы 800 мың әскерден құралған қалың қолмен, өзіне тапсырылған міндеттемелерді жүзеге асыруға аттанады. Әуелі Орта Азиядағы «Амудария» өзенінен өтеді. Одан кейін Шыңғыстың екінші ұлының билігіндегі «Шағатай хандығының» шегарасынан асады. Ақырында 1256 жылы парсы жеріне аяқ басады.

Сол жылдың (1256 ж.) аяқ тұсында «Әл-Мут» қорғанын басып алған Хұлағу, Исмаилия жамағатының бекіністерін бірінен соң бірін бағындырады. Исмаилия жамағатының көшбасшысы – Рукнуддин Хуршах ибн Аләуддинді тұтқындап, оны Моңғолияға жолдайды. Моңғолияда Ұлы қағанның әмірімен дарға асылады. Оның артынан Исмаилия ағымының өкілдерін қойша бауыздап, жаппай қырғынға ұшыратады.  

«Бағдад» қаласын жаулауы

Исмаилия жамағатының өкілдерін тізе бүктіргеннен кейін, ағасы Мөңкенің тапсырған жоспары бойынша, келесі кезек - Бағдад қаласын басып алу болатын. Мақсат - тоқырауға айналған Аббасит халифатын құлату еді.

Аббасит халифатының астанасы Бағдад (Ирак) қаласына жорыққа аттанған кезінде Хұлағу өзінің ағасы Ұлы қаған Мөңкенің өсиет хатын басшылыққа алады. Мөңкенің өсиетінде мына нәрселер жазылған еді:

«Шыңғыс ханның заңнамасы мен Оның жалпы және жалқы қаулыларын ұстан. Сенің бұйрықтарыңа бойсұнып, тыйымдарыңнан тыйылғандарға мейірімділік көрсетіп, оларды әртүрлі нығметтерге бөле. Ал саған бағынбай, қарсы келгендерді түп-тамырымен бірге қорлық пен азапта тұңшықтыр...».

Өсиеттің жалғасында:

«Егер Бағдад халифасы саған бойсұнатындығын білдірсе, оған тиме. Ал егер көкіректеніп, қарсы тұрса, оны да өзге жоқ болушылармен бірге жоқ қыл!» - делінген-тін.

1257 жылы Хұлағу алғашқыда Аббаси халифасы «Мұғтасым»-ға дипломатиялық хаттар жолдап, өзіне бағынуды талап етеді. Алайда, моңғол әскерлеріне қарсы тұрар қауқары болмаса да халифа Мұғтасым бағынудан бас тартады. Онымен қоймай моңғол қолбасшысының шамына тиер сөздер жазып хат жолдайды:

«Ей, ғұмырының қысқа болуын тілеп келген бозбала! Өзін бүкіл әлемді уысында ұстап тұрмын деп ойлайтын және екі күндік жеңіске мас болған пенде!...».

Хұлағудың жауабы да кешікпеді:

«Бойларын ашу мен ыза билеген әскерлерімді Бағдатқа бастап барғанымда, егер сен жер-көкке жасырынсаң, сені жұлдыздан түсіріп аламын. Сені төбеден төменге лақтырамын. Мемлекетіңде тірі жан қалдырмаймын. Қалаңды, өңіріңді, жерлеріңді отқа ораймын!» - дейді Хұлағу хатында. 

Хұлағу әскерлерін бастап «Хамадандағы» бекінісінен Бағдатқа аттанады. Тигр өзенінен өтіп, сақпанмен (катапульта) Бағдат қаласына оқ жаудырады. Ақыры қаланың қамалын бұзып, қалаға кіреді...

Жау әскері Бағдатты қырық күн тонайды. Тұрғындарды қырып, жойып, қалада хаос тудырады. Соңының жақындағанын сезген халифа Мұғтасым Хұлағудан рахымдылық сұрап, ағасы Мөңкенің өсиетіне сай өзіне және халқына кешірімділік танытуын өтінеді. Алайда Хұлағу халифаның өтінішіне құлақ аспады. Өйткені, өзі де кезінде Ассасиндерге қарсы қолдау білдіруін сұрағанда, өтінішін қанағаттандырмай қойған болатын.

Халифаның өлімі

1258 жылы қантар айының 17-ші жұлдызында болған шайқаста халифа Мұғтасым жеңіліске ұшырайды. Одан кейін 23 күн өтіп, ақпан айының 10-ші жұлдызында Бағдат қаласы құлайды. Мұғтасым өлтіріледі.

Моңғол дала заңы бойынша, соғыс жағдайында қолға түскен патшаның немесе әміршінің қаны төгілмеуі тиіс. Сондықтан, Хұлағу халифаның қаны ақпас үшін, оны кілемге орап, кілемнің сыртынан өлелгенше таптап, ұрып-соғуды бұйырады. Халифа Мұғтасымның өлімімен бірге Аббасит халифаты да тарих сахнасынан жойылады.

Бағдат қаласын алғаннан кейінгі қырғынды тарихшы, Ислам ғұламасы Ибн Кәсир (р.а.) былай әңгімелейді:

«Адамдардың көбі құдықтарға, шөптердің арасына, лас каналдарға тығылып, неше күн жасырынып жатты. Кейбір адамдар сауда орындарында, ғимараттарда жасырынып, есіктерін бекітіп алған еді. Бірақ «татарлар» есікті өртеп немесе сындырып кіріп, ішіндегілерді өлтіруге оқталады, жасырынған халық ғимараттың төбесіне қашып шығады, алайда татарлар ол жерде де оларды қуып жетіп, ғимараттың төбесінде малша бауыздады. Ғимараттың суағарынан төгілген қан көшеге суша ағып жатты...» -

- дейді ғұлама.

Бағдат қаласы ол кезеңде мәдениет пен ғылымның ошағы болатын, әрідесе Ислам орталығы еді. Алайда Хұлағу мен оның әскерлері зәулім ғимараттар мен ауруханаларды қиратып, жүз мыңдаған кітаптарды өзенге лақтырды. Кітапханаларды өртке орап, бағалы, сирек кездесетін ғылыми кітаптарды өртеді.

Мәліметтерге қарағанда, Хұлағудың жауыздығынан жүз мыңдаған қала тұрғыны қаза тапқан, ал өлтірілген мұсылман ғалымдарының саны Ибн Батута «жиырма төрт мыңға жетеді» дейді.

«Айну Жәлут» шайқасы. Алғашқы жеңіліс.

Бағдат қаласын жаулап алғаннан кейін Хұлағу Әзірбайжанды алады. Одан кейін Сирия жеріне баса-көктеп кірген ол, «Халеп» қаласын қоршайды. Қала тұрғындары берілуден бас тартқаннан кейін, катапультамен оқ жаудырып, қаланың тас-талқанын шығарады. Одан кейін Дамаск қаласына жақындайды. Дамаск қаласы соғыссыз беріліп, Хұлағудың әміріне кіреді. Сирия жерін басып алғаннан кейін, 1260 жылының бел жарымында Ғазаға жетіп (Палестина), Мысырдың шегарасына табан тірейді.

Ол кезде Сайфуддин Құтуз Мысырдың билігін өз қолына алған кез еді. Хұлағу Құтузға төрт елші жіберіп, хат жолдайды. Хатында Құтуздан мойынсұнуын талап етеді, әйтпесе әйел бала-шағасын, тамыр-таныстарын, елін, жерін тып-типыл етіп, жоятындығын ескертеді.

Бірақ Мәмлуктер кәпірге қарсы қасиетті соғыс жариялайды. Келген елшілердің бастарын алып, «Зүйәлә» қақпасына іліп қояды. Мысыр патшасының елшілеріне істеген ісі Хұлағудың құлағына жеткеннен кейін, ол Сириядағы өкілі Қетбуғаға әскер әзірлетіп, моңғол елшілерінің кегін алу мақсатында мәмлүктерге қарсы жорыққа шығуын бұйырады.

Бірақ ұзақ соғыстан қажыған моңғол әскерлері мәмлүктерге ойдағыдай төтеп бере алмады. Мәмлүктер оларды «Айну Жәлут» жазығында қарсы алып, тактикалық соғыс айла-тәсілмен моңғол әскерлерінің құтын қашырады. Шайқас үдей түскен сайын, моңғол әскерлерінің жеңіске деген сенімдері азая бастайды. Ақыры қолбасшылары Кетбұғаның мұсылман қолбасшыларының бірінің қолынан жер жастанғанын көрген олар, жан сауғалап жақынарадағы төбелерге шығып қаша бастайды.

Хұлағудың соңғы жорығы.

«Айну Жәлут» жазығындағы жеңілісі Хұлағуға ауыр тиген еді. Ол жеңілістен кейін 1262-1263 жылдары «кавказ» жерін өз билігіне қосуды ойлайды. Ол кезде кавказ жері өзінің немере інісі «алтын ру-тайпаның» лидері Берке ханның әмірінде болатын. Берке ханның мәмлүктермен достық қарым-қатынасы Хұлағуды одан бетер ызаландырады. Хұлағу мен Берке бірнеше рет соғысады. Соңында Терек өзенінен өту кезінде мұз жарылып, Хұлағу әскерінің басым бөлігі су астына кетеді. Бұл жағдай – Хұлағу ханның жорықтарына нүкте қояды.

Моңғол ильханаты

Хұлағу парсы жерінде «Моңғол ильханатын» құрады. Ильханаттың тұрақты мекені – Иран, ал ильханаттың астанасы «Мәраға» қаласы болды. Ильханат сөз жүзінде ғана моңғол империясына қарасты еді (ал іс жүзінде билік көбіне жергілікті парсылық лауазым иелерінің қолында еді). Ильханаттың құрамына – кавказдың оңтүстігі (Әзірбайжан, Армения), Ирак жері, Ауғанстан, Түрікменстан, қазіргі Түркияның шығысы кірді..

Хұлағу ханның басқа бір тұсы

Хұлағу хан кішкене күнінен парсы тілі мен әдебиетіне және  парсы мәдениетіне деген аса бір қызығушылығымен танымал еді. Ол мұсылман парсы жерінің патшасы болып тағайындалғаннан кейін, өзінің мәжілісіне көптеген парсы философтары мен ғалымдарын және дана хәкімдерін жинаған екен. Және де, ильханатта араб тілінің статусын төмендетіп, оның орнына парсы тілінің деңгейін көтерген.

Мәліметтерге қарағанда, Хұлағу хан ғылым мен ғалымдарды жақсы көрген деседі. Мәселен, Рашидуддин әл-Һәмәзәни және Ата әл-Жуәйни сынды тарихшылар, оның құрылыс пен ғылымды сүйгенін жазады. Ол жөнінде әл-Жуәйни өзінің «Тәриху Фәтихиль Аләм» атты еңбегінде былай сөз етеді:

«Хұлағудың қирандыларды қайта қалпына келтіру әуестігі бар болатын... Ол қиратып, артынан қайта тұрғызатын» дейді ол.

Мәліметтерге қарағанда Хұлағу қирандыға айналған «Хабушан» қаласын бірнеше жыл өтіп, қайта қалпына келтіреді, осылайша қала тұрғындарының құтты мекендеріне қайта оралуларын қамтамасыз еткен.

Тарихшы әл-Һәмәзәни өзінің «Жәмиъу әт-Тәрәуих» атты кітабында Хұлағудың ғылым-білімді және ғалымдарды жақсы көргендігін жазады. Тарихшының айтысына қарағанда, Хұлағу ғалымдарды өзіне жақын тартып, оларды өз мәжілісіне шақыратын болған. Хұлағудың парсы мәдениетіне ғашық болуымен қатар, әл-кимиямен және пәлсафамен әуестенгендігі де айтылған.

Ильханатты билеп тұрған шағында «Мәраға» қаласында обсерватория соқтырғандығы да айтылады. Обсерваторияда мұсылман ғалымдары, христиан ғалымдары, тіпті қиыр шығыстан ғалымдар келіп, өз зерттеулерін жүргізетін болған. Обсерваторияны салдыру пікірін оған Насыруддин әт-Туси[1] білдірген деседі.

Хұлағудың қайтыс болуы

1265 жылы, қаңтар айының 9-ші жұлдызында, 48 жасына келген шағында Хұлағу дүние салады. Артында 15 ұрпақ қалдырады. Ұлы Әбақа әкесі қайтыс болғаннан кейін орнына таққа отырады.

Хұлағудың өлімі жайында екі түрлі пікір бар. Бірінде, Хұлағудың эпилепсия сырқатынан көз жұмғандығы айтылса, екіншісінде – оның өліміне 1261 жылы Бейбарыстың бірнеше рет жеңіске жетуі себеп болған делінген, мәмлүктерден жеңіліс тапқанына қатты күйінген ол, ақырында миына қан құйылып өлген екен-мыс. 

Денесі Иранның солтүстік батысында орналасқан «Арумия» теңізінің жағалауындағы 300 метр биіктіктегі жартастың төбесіне қойылады және моңғол әдет-ғұрпына сай келесі өмірде қызмет етсін деген сеніммен Хұлағумен бірге оның күңдері де бірге көмілген. Хұлағу – моңғол әдет-ғұрпына сай көмілген соңғы әмірші. 


[1] Насыруддин Әбу Жаъфар ат-Туси – 13 ғасырда өмір кешке ирандық математик, механик және астроном. 1201-1274 ж.

Дереккөз: aljazeera.net  
 
0 пікір