Имам Тирмизи: «Бұл кітап кімнің үйінде болса...»
Имам Тирмизи: «Бұл кітап кімнің үйінде болса...»
9 жыл бұрын 7795
Бақ БЕР

Мұсылман үмбетіне аты әйгілі Имам Тирмизи ірі сегіз хадис ғалымдарының бірі болып табылады. Негізгі аты: Мұхаммед ибн Иса ибн Сәура ибн әд-Даххақ. Әбу Иса деп те аталады. Түбі арабтан шыққан. Тирмиз аймағынан болғандықтан, Тирмизи деген атты алған. Тирмиз Иранның солтүстігіндегі Жәйһун өзенінің солтүстігіндегі қаланың аты. «Кутубу ситта» (алты кітап) деп аталған ең сенімді алты ірі жинақтың біреуінің құрастырушысы.

Имам Тирмизи мол ілімімен қатар өте бір дұрыстығымен танылған. «Әркім досының дінінде» деген хадиспен қарасақ, араласқандары сол ғасырдағы ең тақуа, ең білгір кісілер болса, оның басқаша болуы мүмкін емес те еді. Өзі өте бір діндар әрі тақуа кісі еді. Дүниеге еш қызықпайтын. Бар қайғысы ілім алу және соған амал ету болатын. Алладан қорқып көп жылайтын. Тіпті осы себепті көзі соқыр болып қалған деседі. Жинақтаған ілімін жаюға ерекше мән беретін. Осындай қасиеттерімен жұртқа жаққан.

Туылған мерзімі:

Taрихшылар оның туылған мерзімі жайлы нақты уақытты атамаумен бірге шамамен hижри 209 жылы деп көрсеткен. Захаби «Һижри 210 жылдың шамасы» деген. Туылғанда көзінің ақауы болғандығы, хадис сапарларынан кейін жасы ілгерілегенде, көзі көрмей қалғандығы айтылады.

Имам Тирмизи Тирмиз қаласында өсіп, ғылыми саяхаттарға шығуды бастамай тұрып, әуелі сол жердің ғалымдарынан хадис тыңдаған. Атасы Маруази екенін өзі айтқан. Кейіннен Маруден яғни Тирмизден кеткен. Бұл сөзі Тирмизден туылғанын көрсетуде.

 

Білім алуы

Деректерде Тирмизидің хадис үйренуді тұп-тура қашан бастағаны айтылмайды. Тек өмір жолына қарағанымызда, жиырма жасында бастағанын түсінеміз. Баста Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт секілді ірі хадис ғалымдарынан сабақ алған. Алғаш хадис үйрену үшін 234 жылы сапарға шыққанға ұқсайды. Есте сақтауы да, зеректігі де өте мықты болған. Жаттау мен тез ұғуда алдына жан салмайтын. Осы қасиетінің арқасында кездескен хафыздар мен шейхтардың ілімін тез қағып алатын.

Сапарлары:

Имам Тирмизи хадис ілімін арттыру үшін Хорасан, Ирак және Хижаз жақтарға сапарға шыққан. Сол жерлерде кездескен хадис шейхтарынан хадис тыңдап, бұларды мықтап жадына тоқып, хадис ілімін арттырған. Шам мен Мысырға бармағаны айтылуда. Осы себепті сол аймақтардағы ғалымдардан хадис тыңдау мүмкіндігі болмаған. Мәселен, Хишам ибн Аммар секілді айтулы кісілерден хадис тыңдай алмаған.

Хадис тарихшылары Бағдатқа барғандығы туралы түрлі пікірлер білдірген. Кейбірі «Бағдатқа барған болса, Ахмед ибн Ханбәлдан міндетті түрде хадис тыңдар еді» деуде. Анығында Тирмизи Бағдатқа Ахмед ибн Ханбәл қайтыс болғаннан кейін барған секілді. Өйткені Ибн Ноқта санаған кісілер Имам Ахмедтен кейін өмірден озғандар. Хатиби Бағдадидың оны атамауы Бағдатқа бармағанын білдірмейді. Неге десеңіз, «Тариху Бағдат» атты еңбекте аттары аталмаған көп кісі бар.

Tирмизи бұл сапарының ізін ала Бұһара мен Нишапурда болып біршама уақыт Бұһаридың дәріс алқасына қатысқан. Бұл мерзімде онымен пікірталастыратындай деңгейге жетіп, ілімінен көп сусындаған.

Имам Тирмизи мына қалаларды зиярат еткен: 1-Хорасан, 2-Басра, 3-Kуфа, 4- Уасыт, 5- Бағдат, 6- Meкке, 7- Mәдина, 8- Рәй.

Ілімі:

Тирмизи ислами ілімдердің түрлі салаларына жетік болған. 

1. Хадис ілімі: Хадистердің тізбектері, мәтіндері, жету жолындағы таластар, сахихын әлсізінен ажырату, сахих, хасан не әлсіздерді анықтау турасындағы білімі мықты болған. «әл-Жами» атты еңбегі осының ең ашық дәлелі болып, мағлұматтың кеңдігін, түсінігінің тереңдігін және білімінің молдығын көрсетуде.

2. Хадис иллеттері: Бұл ілім хадисші қол жеткізетін ең ұлы мақсат пен шың. Tирмизи бұл ілім саласында имам әрі іріктеулі тұлғалардың бірі еді. Бұл салада өте жақсы еңбек қалдырып, жалпы ұстазы Бұһаридың білімі мен көзқарасын негізге алған.

3. Жарх пен Таду ілімі: Хадис пен иллеттерін білу, дұрысын бұрысынан ажырату, сахих, хасан және әлсізін білу тек өте күшті жарх пен тадил және рижал яғни рауилерді білумен байланысты. Айтқандай, Тирмизи рауилердің есімдері, лақаптары, ныспылары, сенімді немесе әлсіз болу халдері секілді мәселелерде өте бай мағлұматқа ие еді. Оның осы саладағы сөздері, ғалым мен ариф әлдекімнің ойларын көрсетеді.

4. Фиқһ ілімі: Имам Тирмизи фиқһ мәзһабтарының көзқарастары, таластары, амалға тақырып болатын үкімдер секілді мәселелерде өте кең мағлұматқа ие еді. Ол Әбу Ханифа мен жолдастарына тән рәйге негізделген фиқһымен қатар Малик, Саури мен Шафиғидың фиқһын, Ахмед ибн Ханбәл мен Исхақ ибн Рахауайх секілді хадисшілердің фиқһ түсінігін өте жақсы білген. «әл-Жами» атты еңбекте жасаған салыстырмасы мен таңдаулар осы саладағы білімін анық аңғартуда. Айтқандай, Мүбарак ибн әл-Әсир былай деген: «Фиқһтағы кемелдігі ерекше болатын».

Ұстаздары:

Ұстаздарынан кейбірі: Құбайба ибн Саид, Исхақ ибн Рахауау: Mұхаммед ибн Амр әс-Саууақ әл-Бәлһи, Mahмуд ибн Гайлан, Исаал ибн Mуса әл-Фазари, Ahмед ибн Mәни, Әбу Мұсғаб әз-Зұһри, Биши: Муаз әл-Aқди, Хасан ибн Ахмед ибн Шуайб, Әбу Аммар Хүсейін ибн Харис, әл-Mуаммар Aбдуллаһ Мұғауия әл-Жұма: Aбдулжаббар ибн әл-Aла, Әбу Құрайб, Aли ибн Хижр, Али ибн Саид ибн Масруқ әл-Kинди, Aмр ибн Али әл-Фаллас, Имран ибн Мұса әл-Kaзили Мұхаммеб ибн Хүмейд әр-Рази, Mұхаммед ибн Рафи,  Mұхаммед ибн Әби Яһья әл-Aдани, Наср ибн Али, Ханнад ибн әс-Сарий, Яһья: Аксани, Яхья ибн Талха әл-Ярбуи, Юсуф ибн Хаммад әл-Maри Ибраһим ибн Абдуллаһ әл-Харауи, Суайб ибн Наср әл-Mаруази.

Tирмизидың қолындағы ең көне деректер Mалик пен Хаммадтың хадистері мен әл-Ләйс, Қайс ибн әр-Рабидың хадистері. Тізбектері болса, көбіне Бұһари мен Хишамдыкі.

Еңбектері:

Еңбектері өте құнды болғандықтан, Ислам әлемінің түкпір түкпірінде ғасырлардан бері қолдан түспей келеді. Tирмизидің ғалымдар арасындағы орны осы еңбектері арқылы айқындала түскен.

a. Жеткен еңбектері:

1-әл-Жамиус-сахих; «Сүнән» деп аталған бұл еңбегінде ол  тек хадистерді жинақтап қана қоймай, әр хадистен кейін «Әбу Иса былай дейді» деп хадис турасындағы өз ойларын да білдірген. Хадистерді ислам құқығының тақырыптарына сай ретпен жүйелендіруі, қайталауларға жол бермеуі еңбектің тиімділігін арттырған. Хадис білгірлерінің айтуынша, «әс- Сүнәннің» басқа жинақтардан артықшылығы мынада: хадистердің сенімділік дәрежелерін көрсетуі, әлсіз тұстарына назар аудартуы, рауилерге қатысты мәлімет беруі, құқықшылардың хадистерден шығарған қорытындыларын тілге тиек етуі және мәзһабтардың көзқарастарына орын беруі. Тирмизи бұл еңбегі жайлы былай дейді: «Мен осы «Жамиул кәбирді» жазып бітіргенімде, оны алғаш Хижаз ғалымдарына көрсеттім. Бәрі де ұнатты. Кейіннен алып Ирак ғалымдарына апардым. Олар да бірауыздан еңбекті мақтады. Соңында Хорасан аймағы ғалымдарына ұсындым. Олар да  ұнатты. Сөйтіп барып еңбекті ілім ізденушілерге тараттым. Бұл еңбек кімнің үйінде болса, сол жерде сөйлеп тұрған пайғамбар бар деген сөз».

  2- әл-Иләл; «Ылали кабир» деген атпен белгілі теңдессіз еңбек. Сүнәннің қосымшасы деп те білінеді. Өте пайдалы еңбек.

3- әш-Шәмаил; Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кескін келбеті мен бойындағы қасиеттерін жеткізетін еңбек ретінде нешеме рет түсіндірмелер жазылған. Бірнеше басылымдары бар.

4- Tасмияту асхаби расулиллаһ (с.а.у); «Әсмаус-сахаба» деген атпен белгілі еңбек.

b. Бізге жетпеген еңбектері:

1- Kитабут-тарих.

2- Kитабуз-зухд.

3- әл-Әсма уәл-куна.

Бұған қоса, фиқһ туралы бір кітабы да болғаны айтылады.

 

Ол туралы

Тирмизидің ілімінің молдығы жайында ұстазы Бұхаридың мойындауы бәрінен асып кеткен. Бұхари оған былай деген: «Сен менен емес, қайта мен сенен көп ілім үйрендім»

Омар ибн Ауак былай деген: «Бұхари қайтыс болғанда, Хорасанда ілім, уара мен тақуалық тұрғысынан кейінге Әбу Иса секілді өзге тұлға қалдырған емес»

Ибн Хиббан былай деген: «Әбу Иса хадис жинаған, жүйелендірген, жаттаған әрі дәрісін өткізетін кісі еді».

3- Әбу Яғла әл-Халили: «Жұрт мойындаған сенімді, аманатқа қылдай қиянаты жоқ, ілімімен аты шыққан кісі еді».

4- Әбу Саид әл-Ыдриси: «Хадис ілімімен ізінен ерген имамдардың бірі. Сүнән, Taрих пен Илалды жазған. Бұлар мол ілім жинақтаған, ізгі кісінің еңбектері. Есте сақтау қабілеті мықты санаулы имамдардың бірі».

5- Mүбарак ибн әл-Әсир былай деген: «Хадис хафызы ірі имамдардың бірі»

6- Хафыз әл-Mуззи былай деген: «Санаулы хадис имамдарынан ұлы Алланың мұсылмандарды сусындандырған тұлғаларының бірі».

7- Захаби былай деген: «Алдыңғы қатарлы хафыз, өте қабілетті хадис имамы».

8- Ибн Касир былай деген: «Заманында өз саласында алдына жан салмағандардың бірі».

Қайтыс болуы:

Имам Тирмизи һижри 279 жылы Ражаб айының он үші Дүйсенбі күні түнде Тирмизге қарасты Бұғ ауылында көз жұмған. Ол кісіге Алла тағала разы болсын дейміз.

0 пікір