Иманға келді, хижаб киді... Атақты ирландиялық әнші әрі композитор Шинейд О'Коннор дүние салды. О'Коннор кім?
Иманға келді, хижаб киді... Атақты ирландиялық әнші әрі композитор Шинейд О'Коннор дүние салды. О'Коннор кім?
9 ай бұрын 4193

Ирландиялық әнші әрі композитор Шинейд О'Коннор 56 жастан асқан шағында бақиға аттанды. Жергілікті RTE радиосы әншінің өлім хабарын жеткізіп, оның отбасына және жора-жолдастарына көңіл айтты әрі осындай қайғылы сәтте оның жеке өміріне құрметпен қарауға шақырды.


Ирлания елінің премьер-министрі Лео Варадкар өзінің твиттер парақшасында бүкіл Ирландия халқына көңіл айтып, әншінің қазасына өкініш білдіретіндігін жеткізді:

«Шинейд О'Коннордың қазасын есту өте ауыр. Оның әндерін бүкіл әлем сүйіп тыңдайтын, ал таланты - қайталанбас әрі теңдесіз» -

- деп қайғысын жеткізді.

Шинейд О'Коннор 80-90 жылдары өзінің бірегей даусымен музыка әлемін бағындырған болатын. Әсіресе, оның «Ешнәрсе саған тең келмейді» деген әні кезінде әлемдегі ең мықты ән ретінде таңдалды, сол кездің өзінде өлең жинағының жеті миллион данасы сатылған еді. Әндерімен қоса өзінің қызу қандылығымен әрі елден ерекше шаш үлгісімен (басын тақырлап алып тастау) танымал болған ол, католик шіркеулерінде орын алған сексуалды зорлыққа қарсы күресумен де атағы шықты.

Бұнымен қатар, Шинейд О'Коннор әлеуметтік, саяси проблемаларға да әлемнің назарын аудартуға тырысты. Мысалы, Палестинаны отарлаған Исраил билігін ашық сынға алды. Оның бұған қатысты бір сөзінде: «Исраил билігінің істеген ісін мақұлдай алатын жер бетінде ешбір ақылды адам жоқ» деген болатын. 

Ислам дінін қабылдауы

Шинейд О'Коннор 2018 жылы иманға келіп, мұсылман болу мәртебесіне қол жеткізді. Ол сол жылы өзінің твиттер парақшасында: 

«Мен мұсылман болғандығыммен мақтанатындығымды мәлімдеймін. Ислам - барлық саналы дін зерттеу саяхатының табиғи нәтижесі. Киелі кітапты зерттеу ісінің бәрі түбінде Исламға алып келеді» -

- деп, Жаратушысының хақ дінін тапқандығын бүкіл әлемге жар салған болатын.

Сондай-ақ, ол өзінің 2019 жылы берген сұхбатында

«Құранды зерделеп оқып отырсаң іштей өзіңді өмір бойы мұсылман болып жүргеніңді ұғасың. Менің басымнан өтті» деді.

Ол өзінің Исламға келу жолын былай түсіндіреді: 

«Әртүрлі діндердің қасиетті кітаптарын оқып, зерделей бастадым. Мақсатым - Құдай жайында ақиқатты табу еді. Қандай да бір дінді қабылдаймын деген ойыма да кіріп шықпаған. Әсіресе Исламды соңына дейін жиыстырып қойдым, себебі ол дінге деген негативті пікірде едім. Алайда күндердің бірінде Құранның бір параграфын ғана оқығаным сол екен, бірден жоғымды тапқандығымды ұқтым. Сөйтсем мен өмір бойы іштей мұсылман болып жүріппін, бірақ оны өзім білмеппін»

- дейді мархұм бір сөзінде. Содан кейін атақты әнші Құдайды мойындап, оның қасиетті дінін "хақ" деп біліп, өзінің бұрынғы үйреншікті киім үлгісін тастайды да, хижабқа өтеді. 

Хижаб киюі

Бір сұхбатында онымен сұхбаттасып отырған журналист хижабты кию себебін сұрайды. Сонда әнші себебін былай деп түсіндірген болатын:

«Хижабты киюімнің себебі, мен хижабты жақсы көремін. Бұрын қалайша крест тағып жүрген болсам, хижаб кию де мен үшін солай. Өйткені хижаб - менің мұсылмандығымның анықтамасы, менің мұсылман жұртшылығының бір мүшесі екендігімнің белгісі» деген еді.

Шинейд О'Коннор Ислам дінін қабылдағаннан кейін есімін «Шухада Садақат» деп өзгертеді. Алайда ресми аты-жөні өз қалпында қалады.

Шинейд О'Коннор үстіміздегі жылдың (2023) 26 шілдесінде 57 жасына таяған шағында бақилық болды. Оның артында төрт баласы қалды: бір қыз және үш ұл.

Әлем жұртшылығының, соның ішінде жерлестерінің есінде ол - батыл, ашық пікірлі, хақты хақ, жалғанды жалған дейтін тіке мінезді, әділетсіздікті жаны сүймейтін жан ретінде қалары сөзсіз. Ал біз үшін Шинейд О'Коннор - өмірінің соңғы сәтінде һидаят жолын тауып үлгерген бақытты жан! Жатқан жері жәннәт болсын! 

Дайындаған А. Қасым.


 

0 пікір