Жиі ораза ұстайтын Сабит ибн Әслам
Жиі ораза ұстайтын Сабит ибн Әслам
8 жыл бұрын 3334
Бақ БЕР

Сабит ибн Әслам әл-Бәнани табиғин дәуіріндегі дүниеге қызықпайтын захид, құлшылыққа берілген абид, күнәға жоламайтын тақуа кісілердің бірі еді. Әбу Мұхаммед деп те аталатын. 120 (милади 737) жылы қайтыс болды.

Хадис ілімінде сенімді (сиқа) ғалым еді. Басра қаласының ең ірі ғалымы әрі рауилерінің қатарында болатын. Сабит  әл-Банани көптеген сахабадан (р.а.) хадис риуаят еткен. Әнас ибн Малик, Ибн Омар, Ибн Зүбәйір, Шәддад (р.а.) осылардың қатарында. Ең көп Әнас ибн Маликтен риуаят еткен. Ата ибн Әби Рабах, Қатада, Юнус ибн Үбәйд, Сүлейман Тәйми, Хүмәйд, Дәуіт ибн Әби Хинд, Алии ибн Зәйд ибн Жәдан, Ағмаш және тағы басқалар да (р.а.) одан хадис жеткізген. Хадистері Кутуби ситта атты әйгілі алты ірі хадис жинақтарында бар.

Әнас ибн Малик (р.а.) Басрада болған кезінде дәрістеріне көп қатысқан. Ол туралы айтылғандар:

Әнас ибн Малик (р.а.) ол туралы былай деген: «Барлық нәрсенің кілті бар. Жақсылықтың кілті Сабит».

Бәкір ибн Абдуллаһ (р.а.) «Дәуірінің ең құлшылыққа берілген адамын көргісі келгендер Сабит әл-Бәнаниге қарасын»

Шұғба (р.а.): «Сәбит әл-Бәнани Құран кәрімді бір тәулікте оқып бітіретін, жиі ауыз бекітетін»

Ибни Шәузап: «Бірге жолға шығатынбыз. Бір мешітке кезіге қалсақ, сол жерде міндетті түрде намаз оқитын»

Хұмайд (р.а.): «Біз қасымызда Сабит әл-Бәнани де бар кезімізде бәріміз Әнас ибн Маликке баратынбыз. Бірақ Сабит кездесе қалған мешітте намаз оқимын деп бізден артта қалып қоятын. Біз хазірет Әнастың үйіне барғанымызда «Сабит қайда, Сабит қайда? Мен өзі Сабитті жақсы көремін» дейді.

Aхмед ибн Ханбәл (р.а.):

«Әнас ибн Малик (р.а.) Сәбит әл-Бәнаниге «Сенің көздерің Расулалланың көздеріне қаншалықты қатты ұқсайды» деп расулалланы еске алып, жылай бастайтын, көзінен жас парлайтын»

«Жамиу караматил әулия» кітабы «Сабит әл-Бәнани хазірет жайлы былай дейді: «Қайтыс болған кезде қабіріне кірпіш қалады. Кірпіштердің біреуі түсіп кетті. Сонда оның қабірдің ішінде намаз оқып отырған кезінде көрді. Қабірінің маңайынан өткендер іштен Құран кәрімнің даусын еститін»

Сабит ибн Әслам әл-Бәнани риуаят еткен хадистердің кейбірі:

Пайғамбарымызға (с.а.у.) пәленше өте тәкаппар дегенде, «Оны күтіп тұрған ажал жоқ па екен?!» деді.

Әнас ибн Маликтен риуаят етті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандардың бірінің қалын сұрап барды. Барған кісісі көзге қораш көрінетіндей өте арық екен, бойы шөгіп кетіпті. Пайғамбарымыз одан «Сен Алладан әлдене тілеп дұға еткен кезің болды ма?» деп сұрады. Ол «Иә. Аллам, мені ақыретте қайтып жазалағың келсе, соны осы дүниеде басыма келтір дейтінмін» деді. Пайғамбарымыз «Сүбханалла, сенің оған шамаң жетпейді ғой. Одан да «Раббана әтина фид дүния хаасанатан уә фил аһирати хасанатан. Уақина азабаннар (Раббым, маған осы дүниеде де, ақыретте де жақсылық бере гөр! Мені азабыңнан сақтай гөр!) демедің бе?!» деді.

«Кім мені түсінде көрсе, анығында өңінде көргені. Өйткені шайтан менің бейнеме кіре алмайды»

«Мұсылманның түсі пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің біреуі...»

«Ақырзаманда өзі надан, өзі көп құлшылық жасаушылар мен өзі пасық, өзі Құранды көп оқитындар болады»

Ардақты сахабалар «Уа, расулалла, жаныңызға келгенде бәріміз дүниені тарс ұмытамыз. Жүрегімізді тек қана Алланың зікірі баурап алады. Бірақ жаныңыздан жырақтай бастасақ, қайтадан дүние тіршілігіне араласып, әлгі күйімізді бұзып аламыз. Бұл өзі екіжүзділіктің белгісі емес пе деп қорқамыз» деді. Сонда пайғамбарымыз «Жаратушы ие жайында сендердің сенімдерің қандай?» деп сұрағанда, бәрі «Ашық та, жасырын да Алла Тағала біздің иеміз» деді. «Пайғамбарларың жайлы не айтасыңдар?» дегенде «Ашық та, жасырын да пайғамбарымыз өзіңізсіз» деді. Сонда пайғамбарымыз «Бұл екіжүзділікке жатпайды» деді.

 Әнас ибн Маликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Қиямет күні құлдың амалы әкелінеді. Бізге беймәлім әрі сол жаққа тән таразының бір басына салынады. Бірақ ауыр тартпайды. Алла Тағаладан мөрленген бір парақ әкелініп, таразының сол басына қоса салынғанда ғана салмақ басады. Парақтағы сөз лә иләһа иллалла болады».

Сабит әл-Бәнани хазірет намазды былай түсіндіреді: «Алла есебінде намаздан өткен бағалы іс жоқ. Олай болмаса, Алла Тағала Зәкәрияны (а.с.) «Періштелер оған үн қатқанда, ол михрабта намаз оқып тұрды» деп айтпас еді»

«Жиырма жыл өте жиі намазға тұрдым. Осы жиырма жыл бойы тұтас оның игіліктерін жинадым»

«Алла Тағала еске алынған жерге таудай күнәмен кірсе де, ол орыннан шыққан кезде адам денесінде титтей де (кісі ақысынан өзге) күнә қалмайды»

Елу жыл барлық түндерін құлшылықпен өткізді. Таңсәрі уақытында үнемі мына дұғаны оқитын: «Жасаған ием құлдарынан біріне қабірде намаз оқуды нәсіп етсе, сол құлы мен болғым келеді»

«Өзінде мына екі қасиет болмаған адам басқа барлық қасиеттерді бойына жинаса да, шынайы құлшылық жасаушы құл бола алмайды. Ол екі қасиет: намаз бен ораза. Бұлар ол құлдың еті мен қаны секілді».

Науқастанған кезінде жұрт Сабит ибн Әслам хазіреттің қалын сұрап барды. Жанындағыларға әлденені түсіндіріп жатыр екен. Жаңа барғандар сәлем беріп қасына отырғанда: «Сүйікті бауырларым, бұрынғыдай намаз оқып, ораза ұстай алмай, Алланы зікір ете алмай, сендердің жандарыңа бара алмаудамын» деді. Сөйтті де былай деп дұға етті: «Жасаған ием, осы үш нәрсені дәл қалағанымдай етіп жасай алмаған кезімде мені бұл дүниеде бір сағат та ұстама»

Сабит ибн Әслам хазіреттің көзі ауыратын. Бірде көз дәрігеріне барды. Дәрігер «Мына айтқанымды орындасаң, көзің жақсарады» деді. Сабит (р.а.) «Ол не?» деп сұрағанда, дәрігер «Енді жылама» деді. Сонда Сабит (р.а.) «Жыламайтын көзден жақсылық болмайды» деді.

«Арасында бір мезгіл Алла Тағаланы еске алған болса, сол күн табысты өтті деген сөз»

Өзі әңгімелеуде:

«Ашулы бір жас жігітке анасы жиі ақыл айтып «Ұлым, алдыңда сондай бір күн бар, сол күнді үнемі есіңе ал» дейтін. Ұлының ажалы жақындағанда, анасы оны құшақтап «Ұлым, саған осы күнді айтып ескертетінмін» деді. Ұлы: «Анашым, менің кешірімі, жарылқауы және игілігі мол Жаратушы ием бар. Бүгін сондай игіліктерінен мені мақұрым етпес деп үміттенемін» деп жауап қатты. Алла Тағала әлгі жас жігітке мейірімін төкті. Өйткені Алла Тағаладан ылғи жақсылық күтетін.  Яғни Алла жақсылық пен игілік иесі, ол кешірімді дегенді әбден жүрегіне сіңіріп, іштей бек иланған болатын»

«Мүмін қиямет күні Алла Тағаланың алдына шығады. Алла Тағала оған: «Әй, құлым! Сен дүниеде жүргенде, маған құлшылық жасайтын құлдарымның қатарында құлшылық етуші ме ең?» деп сұрағанда, әлгі мүмін «Иә, солармен бірге мен де құлшылық жасайтынмын, уа, раббым» дейді. Алла Тағала тағы «Әй, құлым, дүниеде жүргенде менен тілеу тілеп, маған жалбарынған, мені еске алатындармен бірге сен де жалбарынып мені еске алушы ма ең?» деп сұрайды. Әлгі мүмін тағы да «Иә, уа, раббым» деп жауап қатады. Сонда Алла Тағала «Мені еске алған барлық кезде мен де сені еске алдым. Қай жерде дұға оқып, жалбарған болсаң, ол дұғаны қабыл алдым» деп бұйырады». Іле Сабит Бәнани (р.а.) мына хадисті білдірді: «Мүміннің дұғасы еш кері қайтарылмайды. Қайтарымы не дүниеде, не ақыретке қалады. Немесе күнәларына кешірім етіледі».

Сабит әл-Бәнани (р.а.) ізгі кісілердің біреуі жайлы былай деді:

Бір күні бұл кісі жолдастарына «Раббымның мені еске алған сәтін білемін» деді. Жолдастары бұған таңданды. «Сонда қалай білесің?» деп сұрады. Ол «Мен Алла Тағаланы еске алған уақытымда, өйткені пенде Алла Тағаланы еске алғанда, Алла да құлын еске алатындығын білдірген» деп түсіндірді. Сол кісі жолдастарына «Мен дұға оқыған кезде, Алла Тағаланың дұғамды қабыл еткенін білемін» деді. Жолдастары бұған таңырқап, «Ол қалай?» деп сұрады. Сонда әлгі сөзін: «Дұға оқығанда, жүрегімде бір қорқыныш билеп, денем сескеніп, көңіліме қуаныш үяласа, дұғамның қабыл болғанын түсінемін» деп түсіндірді.

«Мүмін қабірге қойылған кезде тірі кезінде жасаған жақсы істері оны қоршап алады»

«Әлдекімнің өлімді жиі еске алуы іс- әрекеттерінен байқалады»

«Бір сағат (бір сәт, белгілі бір мөлшерде) өлімді еске алған адам қандай бақытты»

«Жиырма төрт сағатты құрайтын күн мен түнде Әзірейіл келіп, әрбір жан иесіне соғып кетпейтін сәт жоқ. Егер сол адамның жанын алу бұйырылса, жанын алады. Бұйырылмаса, қайтып кетеді».

«Дәуіт (а.с.) Алла Тағаланың азабын еске алған кезде буыны босап, сылқ ете қалатын. Ал Алла Тағаланың рақымын еске алғанда, қайта бұрынғы қалпына келіп, есін жиятын».

«Мұсғаб ибн Зүбәйірдің қабырғасының жанында, оңашалау жерде тұрдым. «Мүминун» сүресінен «Ха мим. Бұл кітаптың түсуі Азиз, Алим Алладан. Ол күнәні кешіруші, тәубені қабыл етуші, азабы ауыр, игілік иесі Алладан, одан басқа ешқандай құдай жоқ. Қайтып соның алдына барамыз» деген аяттар бар бетті аштым. Сол сәтте жанымда бір кісі пайда бола кетті. Маған аяттың «Ғафириз занби (Күнәларды кешіретін) деген жерін оқығанда «Әй, күнәларды кешіруші Аллам! Күнәларымды кешір» «Қабилат тауба (тәубаны қабыл етуші)» деген жерін оқығанда «Уа, тәубаларды қабыл етуші Аллам, тәубамды қабыл ете гөр!» «Шадидул иқаб (азабы қатты)» деген жерін оқығанда, «Уа, азабы қатты Аллам, мені азабыңнан сақтай гөр!» де деді. Іле жоқ болып кетті. Оң-солыма қарап көре алмадым»

«Яхьия (а.с.) бір күні Ібілісті (шайтанды) көрді. Оның үстінде ішек-бауырдың ілініп тұрғанын көрді. «Бұл не?» деп сұрады. Шайтан «Адамдардың құмарлықтары» деді. Шайтан бұлардың бірін былай деп білдірді: «Мен адамдарға көп тамақ жегізіп, денесін ауырлатамын. Олар сонда босаңсып, жалқауланатын болады. Сөйтіп оларға намаз оқуға, Алла Тағаланы еске алуға жол бермеуге тырысамын».

Әнас ибн Малик (р.а.) жеткізуде: Ұхыд соғысында бір мезет мұсылмандардың ыдырап кеткені байқалды. Сол сәт «Мұхаммедті (с.а.у) өлтіріпті» деген сөз тарады. Мәдина жақтан дауыстар шықты. Осы кезде ансардан бір әйел шығып, әкесі, ұлы, бауырлары және жұбайымен кезікті. Бірақ есі ауып, оларды тани алмай қалды. Жанындағылардан бұлар кімдер деп сұрады. Оған «Әкең, бауырың, күйеуің мен балаң ғой» деп жатты. Бірақ ол әйел Расулалланың жайы қалай деп сұрап, соған елеңдеумен болды. Бір уақытта Расулалланың жанына барып, «Ата-анам жолыңа садаға кетсін. Уа, Расулалла, сіз тірі болсаңыз болды, басқа еш нәрсеге де мойымаймын» деді.

Сабит әл-Бәнани «Фуссилат» сүресіндегі Ха-Мимді отызыншы аятында «Расында «Раббымыз Алла» деп, артынан табандылық танытқандарға (және ізгі іс істегендер бар ғой) оларға (ажал алқымдағанда немесе үрей қысқанда) «Қорықпаңдар, жабырқамаңдар. Өздеріңе уәде етілген жұмаққа қуаныңдар деп періштелер түсетін болады» деген жерге дейін оқып тоқтады. Сөйтті де мүмін қабірде тірілтілген кезде, дүниеде жүргендер өзімен бірге болған екі періштесі оны күтіп алады. Оған қорықпа, уайымдама деп, оны дүниеде уәде етілген жұмақпен сүйіншілеп қуантады. Алла Тағала әлгі мүминнің қорқынышын сейілтеді және қуантады. Қиямет күні адамдар қатты қиналғанда дүниеде иман етіп, ізгі істер жасағандар қуанышта болады» деді.

«Дәуіт (а.с.) күні мен түнін отбасына арнап бөліп қойған еді. Кез келген уақытта бала-шағасының әйтеуір біреуі құлшылық жасап тұратын. Сөйтіп оның әулеті бір тәулікті түгелдей құлшылықта өткізетін. Құран кәрімде «Сәба» сүресінің он үшінші аятында Дәуіттің (а.с.) әулеті жайында былай делінген: «Уа, Дәуіт әулеті,  шүкір етіңдер. Құлдарымның арасында (тиісінше Аллаға көп) шүкір ететіндер аз».

«Мүмин бір қажеті үшін Алла Тағалаға дұға еткен кезде, қажетін өтеу үшін Алла Тағала Жәбірейіл періштені өкіл етеді. Кейін Алла Тағала Жәбірейілге «Бұл пендемнің сұрағанын орындағанға дейін асықпа. Өйткені мен мүмин құлымның дауысын естігенді ұнатамын» деп бұйырады. Дұға тілеген нашар адам болса, тағы да Жәбірейілді міндеттейді. Бірақ «Оның қалауын дереу орында. Өйткені күнәкар, нашар адамның дауысын естігенді ұнатпаймын» деп бұйырады».

Көпшілік адам бір жерде отырып, Алла Тағаладан жәннатты сұрап, тозақтан бізді сақта деп тілеместен әлгі жерден тұрып кетсе, періштелер «Бұл кісілер өте маңызды екі нәрсені ғапылдықпен ұмытты» дейді.

Мынандай нәрселер айтылады: Бір кісі бар еді. Әкесін бір жерде ұрып жатыр екен. Оған жұрт «Әкеңді неге сабап жатырсың? Не деген көргенсізсің?» дейді. Сонда әкесі «Оған тиіспеңдер, білгенін істесін. Өйткені дәл осы жерде кезінде мен де өз әкемді сабаған болатынмын. Енді сол өз басыма келді» деді.

«Біз ілімді үйренерде бөтен пиғыл араластырмадық. Бірақ Алла Тағала бізге жақсы ниет нәсіп етті. Өйткені пайдалы ілім адамды ізгі ниет пен ықыласқа жетелейді»

Сабит әл-Бәнани хазірет түндерін құлшылықпен өткізетін, бала- шағасына «Тұрып Алла Тағалаға құлшылық жасаңдар. Мынаны еш ұмытпаңдар, түнде тұрып құлшылық жасау қияметтің алапат қорқынышынан әлдеқайда жеңіл» дейтін.

«Небір адамдарды көрдім, көп намаз оқығаннан жастыққа бас қоюға уақыт таппайтын»

Маған Әнас ибн Малик (р.а.) былай деді: «Уа, Сабит, менен аларыңды ал. Менен өткен сенімді адам таппайсың. Өйткені мен нені үйренсем де Расулалланың (с.а.у.) тіке өзінен үйрендім. Расулалла (с.а.у.) Жәбірейілден үйренді. Жәбірейіл болса, Алла Тағаладан үйренді».

1) Taбақатул кубра, 1 т. 36 б.
2) Tахзибут тахзиб, 2 т. 3 б.
3) Жамиу караматил аулия, 1 т. 376 б.
4) Хилиятул-аулия, 2 т. 318 б.
5) Киямет ве ахирет, 127 т. 128 б.

0 пікір