Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дін жолында шеккен қиындықтары
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дін жолында шеккен қиындықтары
3 жыл бұрын 5391

Пайғамбарымыздың Алла жолына шақырудағы қиындықтары

Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм)  бен сахабалары Исламды уағыздау жолында қандай қиындықтарға ұшырады? Небір қастандықтарға, ауыр азаптарға, аштық пен шөлге қалай төзді? Алланың жолында шын ықыласпен қызмет етіп, өз жанын қалай пида етті?

Алла расулы(саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Шекпеген азабым мен қиындығым қалмады», – деген.

Әнәс (р.а.) айтады: «РасулАлла (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм)  «Ант етемін, Алла жолында ешкім көрмеген қиыншылықтарды көрдім. Алла үшін ешкім тап болмаған қиындықтар мен қорқыныштарды бастан кешірдім. Отыз күн, отыз түнді аш өткіздім, Біләлдің қолтығына қысқан азығынан басқа менде де, Біләлде де талғажау етерлік нәр болған жоқ», – деген. (Ибн Кәсир, әл-Бидая 3/47238).

Пайғамбарымыздың көкесіне айтқаны

Бәйхақи былай риуаят етеді: «Әбу Тәліп Пайғамбарымызға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Жиенім! Маған сенің қауымыңның адамдары келді. Біраз нәрселер айтты. Мені де, өзіңді де қинамасаңшы, көтере алмайтын шоқпарды белге байлап қайтеміз?! Жұрт қаламайтын сөздерді оларға айтпай-ақ қойсаң болмай ма?» – дейді. Алла расулы көкесінің көзқарасының өзгергенін, қолдау көрсетуге қиналатынын, ендігі жерде өзіне сүйеніш болудан бас тартатынын ойлап:

«Көке! Оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатса да, мен бұл ісімнен бас тартпаймын. Не Алла дінін жеңіске жеткізеді, не болмаса мен осы жолда шыбын жанымды қиямын», – деді көзі жасаурап. Осыны айтып, бұрылып кетіп бара жатқанда, Әбу Тәліп: «Жиенім! Бері кел!» – дейді. Алла расулы қайтып келеді. Әбу Тәліп оған:

«Бопты, ісіңді жалғастыр. Сені ешкімге де бермейтіндігіме ант етемін», – дейді. (Ибн Кәсир, әл-Бидая 3/42239).

Пайғамбарымыздың көкесі қайтыс болғаннан кейін көрген қиындықтары

Абдуллаһ ибн Жағфар (р.а.) айтады: «Әбу Тәліп қайтыс болғаннан кейін, Құрайыш басбұзарларының бірі Пайғамбарымызды (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) балағаттап, оның үстіне топырақ шашады. Алла расулы үйіне келгенде, Фатима (р.анһа) жылап тұрып әкесінің бет-жүзіндегі топырақты тазалайды. Сонда Алла расулы:

«Жаным қызым, жылама. Сен мынаны біл: Алла әкеңді қорғайды», – дейді. Содан соң басынан өткендерін еске алып: «Әбу Тәліптің көзі тірі кезде, Құрайыштың маған тиісуге батылы бармайтын. Ол қайтыс болғаннан кейін, небір сұмдықтарды бастады» – дейді.

Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Әбу Тәліп қайтыс бола салысымен Құрайыштар небір қитұрқылықтарға барып, Пайғамбарымызды қорлықтан көз аштырмады. Сонда Нәби (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Ей, көкешім! Орның мұншалықты тез үңірейіп қалар деп ойламап едім!» – деп, оған деген сартап сағынышын білдірген». (Ибн Кәсир, әл-Бидая 3/134240).

Харис ибн Харистің айтуынша: «Бір күні әкемнен: «Мына жиналғандар кімдер?» – деп сұрадым. «Араларынан шыққан, дінінен тайған әлгі адам бар емес пе, соның төңірегіне топтасқандар ғой», – деп жауап берді әкем. Олардың не деп жатқанын білуге құмартып, қастарына жақындадым. Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көпшілікті Аллақа иман келтіруге шақырып тұр екен. Ал олар оның ұсынысын қабылдамай, өзін мазақ етіп, дөрекі қылықтар көрсетіп жатты. Күн сәске болғанда, халық тарап кетті. Қарсы алдымыздан асығып-аптығып, сүрініп-қабынып, келе жатқан, алқымы ашылып кеткен, қолында құмырасы мен сүлгісі бар бір әйел шыға келді. Алла расулы (с.а.с.) құмыраға қол созып, суын ішті, дәрет алып, басын көтерді де: «Жаным қызым, алқымыңды жап, әкеңді еш уайымдама!» – деді.Біз бұл әйелдің кім екенін сұрағанымызда, ол өзінің қызы Зейнеп екенін айтты».

Мәнбитул-Әзди былай дейді: «Надандық дәуірінде Пайғамбарды (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көрдім. Ол: «Ей, адамдар! «Лә иләһә иллАлла» деңдер, ақыретте азапқа ұшырамайсыңдар!», – дейтін. Адамдардың бірі оған қарата түкіріп, бірі топырақ шашып, балағаттады. Сөйтіп тұрғанда, күн түс болды. Қарсы беттен бір жас қыз көрінді. Қолында су толы үлкен құмырасы бар. Алла расулы сол сумен беті-қолын жуды да: «Қызым, қорықпа! Әкеңе ешкім қастандық жасай алмайды, масқара да ете алмайды», – деді. Мен ол қыздың кім екенін сұрағанымда, жанымдағылар: «Ол – Алла расулының қызы – Зейнеп», – деді. Ол жүзі нұрлы, жаны жаздай жадыраған қыз болатын 216 (Табарани, әл-Муғжамул-кәбир 22/432 (1052).

Уруа ибн Зубәйр (р.а.) айтады: «Ибнул-Астан мүшріктердің Пайғамбарымызға көрсеткен ең ауыр қорлығы қандай екенін сұрадым. Ол былай деді:«Бірде РасулАлла Қағбаның Хижр жағында намаз оқып тұрғанда, Уқба ибн Әбу Муайт шыға келді. Киімімен мойнын орап, бар күшін салып оны буындыра бастады. Сол кезде Әбу Бәкір (р.а.) келіп қалып, Уқбаның иығынан кері жұлқи тартты. «Қойсаңшы, бұл кісіні «Раббым – Алла» дегені үшін өлтіргелі жатырсың ба? Ол сендерге Раббыларыңнан қаншама мұғжизалар әкелді. Егер ол өтірікші болса, өтірігі өзіне, ал шын сөйлеген болса, онда дайын болыңдар: сендерді қорқытқан азаптың бір ұшығы сендерге келеді, күмәнсіз, Алла шектен шыққан, өтірікшілерді жетістікке жеткізбейді» деген аятты оқыды».  (Бұхари, Сахих 3/1400 (3643)241).

Ибн Әбу Шәйба Амр ибн әл-Астан естігенін былай жеткізеді: «Мен Құрайыштың айғамбарымызды қалай өлтірмек болған бір күнді білемін. Ол былай болған еді: Құрайыштың беделді адамдары жиналып, Пайғамбарымыздың Алла жолында шеккен қиындықтары Қағбаның көлеңкесінде отырған болатын. Алла расулы (с.а.с.) Ибраһим мақамында намаз оқып тұр еді, кенет Уқба ибн Әбу Муайт орнынан атып тұрып, киімімен Пайғамбарымыздың мойнын орап, буындыра бастады. РасулАлла тізерлеп отырып қалды. Халық оны өлді деп ойлап, әбігерге түсті. Әбу Бәкір (р.а.) қарсы беттен жүгіріп келіп, Пайғамбарымызды (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жатқан жерінен тұрғызып алды да, Уқба ибн Әбу Муайтқа «Раббым – Алла» дегеніне бола кісі өлтіресің бе?» деп айқайлады.

Халық тарқаған соң, Алла расулы намаз оқуын жалғастырды. Намазын оқып бітіргеннен кейін, Қағбаның көлеңкесінде отырған Құрайыштардың қасына барып: «Ей, Құрайыш қауымы! Мұхаммедтің рухын уысында ұстаған Аллақа ант етемін, (қолымен мойнын көрсетіп) әлі-ақ кәлладан айрылып, көздеріңе көк шыбын үймелейді», – дейді. Алла расулының бұл сөзі оларға ауыр тиіп, Әбу Жәһіл: «Әй, Мұхаммед! Сен надан әрі дөрекі емес едің ғой?!» – деп Пайғамбарымызға таңданысын білдіргенде, Алла расулы оған: «Сен де солардың (өлетіндердің) бірісің», – дейді». (Ахмад ибн Ханбәл, Мүснәд 2/218 (7036)242).

Бірде Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсмадан (р.а.):  «Сенің көргендеріңнің ішінде мүшріктердің Пайғамбарымызға жасаған ең ауыр қиянаты қандай еді?» – деп сұрағанда, ол: «Мүшріктер Пайғамбарымыздың пұттар туралы айтқанын Қағбада өзара әңгімелеп отырды. Сол кезде Алла расулы (с.а.с.) көрінді, барлығы оған тұра ұмтылды. Сол сәтте Әбу Бәкірге «Тездетіп жолдасыңа бар» деген дауыс келді. Әкемнің шашы төрт өрім болатын. Шашын да жөнге келтірместен, Қағбаға қарай тартты. Жеткен бойда: «Не деген сұмдық! «Раббым Алла» дегеніне бола адам өлтіресіңдер ме?» – деді. Мұны естіген мүшріктер РасулАлланы жайына қалдырып, Әбу Бәкірдің өзіне тұра ұмтылды.

Мүшріктермен алысып-жұлысып үйіне келген Әбу Бәкір шашын ретке келтірмек болып, қолын төбесіне апарады. Уыс толы жұлынған шашын көріп, ол: «Ей, құдіретті Раббым! Сен аса ұлықсың!» – деді». (Хайсами, Мәжмәуз-зәуаид 6/11 (9814)).

Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Бір жолы мүшріктер Пайғамбарымызды (с.а.с.) оңдырмай соққыға жықты. Пайғамбарымыз есінен танып қалды. Әбу Бәкір (р.а.): «Не деген сұмдық! Раббым – Алла» дегені үшін адам өлтіресіңдер ме?!» – деп айқайлады. Мүшріктер: «Мынауың кім?» – деп, мұрын шүйірген араларындағы танымайтындарға олар: «Бұл – Әбу Бәкір деген жынды», – деп жауап береді» 221 . (Хайсами, Мәжмәуз-зәуаид 6/12 (9815)244).

Алидің Әбу бәкірдің батылдығы жайында айтқаны

Мұхаммед ибн Ақил айтады: «Али (р.а.) бір сөзінде

«Ей жамағат, адамдардың ең батылы кім, білесіңдер ме?» – деп сұрайды.

«Сенсің, мүміндердің әмірі», – дейді олар.

«Иә, кіммен жекпе-жекке түссем, оны міндетті түрде жеңетінмін, сөйтсе де ең ержүрек адам мен емеспін. Ол – Әбу Бәкір (р.а.). Өйткені біз Пайғамбарымызға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм)  арнап, шарбақ тұрғызып, мүшріктердің шабуылдамауы үшін «Алла расулының қасында кім тұрады?» дегенімізде, Әбу Бәкірден басқа ешкімнің батылы жетпеді. Ол қылышын қынынан суырып, Алла расулының қасынан кетпей, оған қастандық жасамақ болғандарға қарсы тұрды. Міне, сондықтан да меніңше, ол – адамдардың ең жүрегі түктісі. Тағы бірде Пайғамбарымызды (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Құрайыштардың ұстап алғанын көрдім. «Көп тәңірді бір тәңір еткен сенсің бе?» – деп оны жұлқылап, ары-бері итеріп, әбден есін шығарды. Арамыздан жалғыз Әбу Бәкірден өзгесі оны арашалауға батылы бара қоймады. Ол жүгіріп барып, бірімен жұдырықтасып, бірін итеріп, бірін қағып:

«Раббым – Алла» дегені үшін адам өлтіресіңдер ме, өңшең азапқа ұшырағырлар?!» – деп айқайлады».

Риуаятшы айтады: «Сосын Али (р.а.) үстіндегі шапанын шешті де, иығы селкілдеп, қатты жылады. Көзінің жасы сақалын жуып кетті. Содан былай деді: «Алла үшін айтыңдаршы. Перғауынның тегінен шыққан мүмін артық па, жоқ Әбу Бәкір ме?» – деп сұрады. Ешкім тіл қатпағаннан кейін: «Аллақа ант етемін, Әбу Бәкірдің бір сағаттық өмірінің өзі Перғауын тегінен тараған мүмін секілділердің әлем толы жақсылықтарынан  артық. Өйткені олар иманын жасыратын. Ал Әбу Бәкір иманын ашық жария ететін», – деді.

Пайғамбарымызға көршілері Әбу ләхаб пен уқба ибн Әбу Муайттың көрсеткен қорлықтары

Рабиа ибн Убәйд әд-Дили (р.а.) былай деген:

«Пайғамбарымызға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Құрайыштардың көрсеткен қорлықтары мен жәбір-жапасы туралы жұмған ауыздарыңды ашпайсыңдар. Өз басым Құрайыштардың Пайғамбарымызға көрсеткен бірталай қоқан-лоққысына куә болдым. Солардың бірі мынау: Алла расулының үйі Әбу Ләхаб пен Уқба ибн Әбу Муайттың үйлерімен іргелес еді. Екі әлем Сардары (с.а.с.) үйіне келгенде, өзі жоқта есігінің алдына тасталған малдың ішек-қарын, қан-жынын, шашылып жатқан қоқысты көретін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) аяғының ұшымен ыбырсыған қоқысты ысырып тастап, «Көршіге жасаған сый-құрметтерің осы ма, ей, Құрайыштар?» деп ренжитін». (Хайсами, Мәжмәуз-зәуаид 6/18 (9120)249).

Уруа ибн Зубәйр (р.а.) былай дейді: «Әбу Тәліп дүниеден озғаннан кейін, Алла расулының көрген күні қараң болып, қайғы-қасіреттен көз ашпады. Ол бәлкім қолдау табармын деген үмітпен Таифтегі Сақиф тайпасына тартады. Бұл тайпаның көсемдері Абду Яләйл, Хубәйб, Мәсғудтарға жолығып, оларға Құрайыштардың өзіне және сахабаларына көрсеткен қиянаты мен қастандық әрекеттерін айтып, мұңын шағады, өзіне қорған болуын сұрайды. Алайда, бұл үш ағайынды бірінен бірі өткен қатыгез боп шықты. Бірі: «Егер Алла сені пайғамбар етіп жібергені рас болса, мен Қағбаның жабуын ұрлап алып, масқараңды шығарамын», – десе, екіншісі: «Уаллаһи, бұдан былай сенімен сөйлессем, Хубәйб атым өшсін. Бізге сендей пайғамбармен сөйлесу қайда-а-а, өреміз жете қоя ма?» – деп мысқылдады. Үшіншісі де бауырла-рынан қалыспай: Пайғамбарлыққа сенен басқа адам табылмаған ба? Сені таңдаған құдайыңда да көз жоқ екен?» – деп қыңыр тартты.

Олар Пайғамбарымыздың не мақсатпен келгенін былайғы жұртқа жариялайды. Көпшілікте көз жоқ, олар Алла расулын (с.а.с.) мазақ етіп, екі әлем Сардарының жолын бөгеп, артынан тас боратады, аяғын жарақаттайды. Өздері осы істеген істеріне мұраттарына жеткендей мәз болып, қарқылдап күліседі. РасулАлла бұлардан құтылғанша асығады. Аяғынан қан сорғалап, ауыл шетіндегі әлдекімнің жүзім бауына барып бой тасалайды. Жүзім ағашының саясында Сақиф тайпасының өзін ит қосып қуғанына қамығып, едәуір уақыт отырады. Қас қылғанда, жарақатының қаны тиылмай қойды.

Айтқандайын, бауға кіргенде, Рабианың екі бірдей ұлы Утба мен Шәйбаны көреді. Көруін көргенімен оң қабақ таныта қоймас деген оймен оларға жоламайды. Сырттай бақылап біраз отырған Утба мен Шәйба әлден уақытта Аддас деген христиан құлынан Пайғамбарымызға бір шоқ жүзім беріп жібереді. Аддас қожайындары беріп жіберген сәлемдемені әкелгенде, Екі әлем Сардары «Бисмилләһ» деп алып жейді. Аддас өмірі естімеген бұл сөздің қандай мағына беретінін білуге құмартады.

Расулалаһ: «Сен өзі қай елденсің?» – деп сұрайды.

«Ниновадан», – дейді Аддас. Пайғамбарымыз: «Юнус ибн Мәтта деген ізгі адамның жерлесі екенсің ғой, солай ма?» – деп сұрайды. Аддас таңырқап: «Юнус ибн Мәттаны қайдан білесіз?» – деп сұрағанда, Алла расулы оған Юнус туралы айтып береді. Басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз: «Юнус – менің бауырым. Ол да пайғамбар болған. Мен де сол сияқты пайғамбармын», – деген.

Аддас: «Маған Юнус ибн Мәтта туралы айтып бересіз бе?» – дейді. Алла расулы Юнус туралы түскен аяттарды оқып бітірер-бітірмес, Аддас РасулАлланың әлі қаны тоқтамаған аяқтарына жармасып сүйе бастайды. Утба мен Шәйба құлдарының бұл әрекетін көре тұра, қарсылық көрсетпейді. Аддас қожайындарына қайтып оралғанда: «Саған не болды? Мұхаммедке сәжде етіп, аяғын сүюге дейін бардың ғой? Бізге өмірі көрсетпеген құрметті көрсеткенің қалай?» – дейді. Аддас: «Ол тегін адам емес. Алланың бізге жіберген Юнус ибн Мәтта деген пайғамбарына қатысты ақиқатты айтып берді, Юнустың Алла расулы екенін айтты», – дейді. Утба мен Шәйба күліп: «Байқа, сені ана сүтімен бойыңа сіңген, ата дәстүрі мен дініңнен шығарып жүрмесін, ол қулығына құрық болмайтын өте айлакер адам», – дейді.

Ал Пайғамбарымыз бір адам болса да иманға келгеніне шүкіршілік айтып, Меккеге қайтады». (Халаби, Сирә 2/56251).

"Сахабалар салған сара жол" атты кітаптан.
 "Көкжиек" баспасы.

 

 

0 пікір