Қасиетті Құранның алғаш рет жинақталып, кітап күйіне келтірілуі
Қасиетті Құранның алғаш рет жинақталып, кітап күйіне келтірілуі
2 жыл бұрын 4972
Абдусамат Қасым, Исламтанушы

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде үздіксіз уахи келіп тұрғандықтан, Құран мәтіндерін кітапқа айналдырып‚ «мұсхаф» күйіне келтіру мүмкін емес еді. Бұлай жасалған жағдайда, жиі-жиі өзгерістер енгізу керек болар еді,  өйткені араға кейіннен түскен бірнеше аятты орналастыру үшін, одан бұрын жазылып қойған аяттарды қайта өшіріп, оларды қайта жазуға тура келер еді, осылай қайта-қайта әуре-сарсаңға түсілер еді. Бұл – бір.

Екіншіден, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көзі тірісінде көптеген қарилар Құран аяттарын жаттап, үнемі оқып тұратын, және де сахабалардың біразында Құран аяттарының жазулы нұсқалары да болатын. Сондықтан түпмәтіннің сақталуы тұрғысынан алаңдауға себеп жоқ-тұғын.

Алайда, Әзіреті Пайғамбар (с.а.у.) дүниеден өткеннен кейін, тәңірлік жолкөрсеткішіміз Құран Кәрімнің түпмәтінінің үмбеттің ижмасынан өтіп, бірде-бір сөзінде күмән болмайтындай және қияметке дейін ешбір адамның қарсы шықпайтындай талапта жинақталып, кітап күйіне айналуы шарт болды. Бұнымен қатар, Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) кейін мұсылмандардың басшысы болып тағайындалған Әзіреті Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде «Йәмама» соғысы орын алған болатын. Осы соғыста Құран жаттаған 70 қари шейіт болды. Бұл жағдай сахабаларды ойландырмай қоймады. 70 қаридің шейіт болуы - Құранға қатысты сақтық шарасын қабылдаудың шарт екендігін көрсетті.

 Сахаба Зәйд ибн Сәбит (р.а.) бұл жайында былай әңгімелейді:

«Йәмама соғысында (ондаған қари) сахабалардың өлімінен көп ұзамай, мені Әзіреті Әбу Бәкір (р.а.) шақыртты. Құзырына бардым. Қасында Әзіреті Омар (р.а.) отыр екен. Әбу Бәкір маған:

- «Омар айтады: Йәмамада көп Құран қариларын жоғалттық. Осылай жалғаса берсе, көп қариымыздан айырыламыз, олармен бірге Құран аяттарының да біразы жоғала ма деп қорқамын. Сондықтан, Құранды жинақтауға бұйырық беріңіз» - дейді. Мен: «Алла елшісі істемеген істі қалай істемекпін? – десем, Ол (Омар): «Аллаға ант етейін, бұл істе қайыр бар» дейді. Омар маған мұның жақсылық екендігін айта-айта ақыры Алла Тағала ол істі көңіліме қондырды. Соңында, оның пікірінің дұрыстығын ұқтым» - деді.

Кейін Әбу Бәкір маған:

- «Сен жассың. Тыңсың. Зерексің. Сені ешкім сынға ала қоймайды. Оның үстіне Алла елшісінің уахи жазушыларының бірі едің. Құран аяттарын жинақта!» - деп тапсырма берді. Уаллаһи, егер бір тауды қозғалт десе, оның ауыртпалығы – Құранды жинақтау жауапкершілігінің ауыртпалығының қасында түк болмай қалар еді. Сонымен не керек, Құранды құрма жапырақтарынан, жалпақ тастардан және адамдардың жадынан жинақтай бастадым» дейді сахаба Зәйд ибн Сәбит (радияллаһу анһ). («Сахих Бұхари»).

Дереккөздердің бір ауыздан келтіруі бойынша, Әзіреті Әбу Бәкір Зәйдке бұл жауапты істі тапсырып жатып, Құран аяттарын жинақтау кезінде тек өзінің жадысына ғана сенбеуін, алып келінген әрбір аятқа екі куагердің бар-жоғын қарауын да әмір етті[1].

Шешім қабылданғанан соң Әзіреті Омар (Алла одан разы болсын) халыққа жөнеліп:

- «Кім Алла елшісінен Құраннан әлдебір нәрсе алған болса, оны бізге әкелсін!» - деп жар салды. Мұсылмандар жарлықты ести сала, әркім өзі жазып алған аятты алып келе бастады. Ол кезде жұрт Пайғамбарымыздан үйренген аяттарды парақтарға, тақтайларға, құрма жапырақтарына, терілерге жазып алатын.

Сахаба Зәйд ибн Сәбит ешкімнен ешбір аятты екі куәгердің куәлік етуінсіз қабылдамады. Өйткені Әзіреті Әбу Бәкірден (р.а.) пәрмен солай болатын. Деректерге қарағанда, Әзіреті Әбу Бәкір Әзіреті Омар мен Зәйдке: «Мешіттің есігінің алдында отырыңдар да, кім Құран аяттарынан бір аят алып келсе, екі куагері бар болса ғана жазыңдар» деп тапсырды.

Осы тапсырма бойынша, Зәйд (р.а.) Құран аяттарын өзі жатқа білсе де, алып келінген жазулы аяттарды Алла елшісінен (с.а.у.) тікелей естіп жазғандығына куәлік етер екі куәгер болмай, қабылдамады. Зәйдтің бұл ісі Құран аяттарын жинақтау ісінде аса мұқияттылық танытқандығын көрсетеді.

Осылайша, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында түрлі заттарға жазылған қасиетті аяттар аса иқтияттылықпен бір жерге жинақталып, арнайы сол замандағы қағаз тәріздес материалға, яғни, парақтарға түсіріліп, оларды бір-біріне жіппен тігіп, Әзіреті Әбу Бәкір заманында үлкен бір кітап күйіне келтірілді. Мұны «Мұсхаф» деп атады. 

Негізінде Құран Кәрімнің қасиетті аяттары үш рет жинақталды. Біріншісі - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде Алла елшісі түскен аяттарды рет-ретімен жазғызып, қай аяттың қай сүреге жазылу керектігін көрсетіп отырған. Ол үшін арнайы "уахи жазушылары" болған. Алайда бәрін бір нұсқаға жинақтауға мүмкіндік жоқ еді. Оның себебін де жоғарыда айтып өттік. Екіншісі - Әзіреті Әбу Бәкірдің басшылығы кезінде, оның мұрындық болуымен Пайғамбар кезінде жазылған аяттар аса мұқияттылықпен жинақталып, Алла елшісінің дүниеден өтуінен көп ұзамай кітап күйіне келтірілуі. 

Қасиетті Құран Кәрімнің жинақталған күйіндегі бұл нұсқасы алғашқыда Халифа Әзіреті Әбу Бәкірдің үйінде сақталды. Әзіреті Әбу Бәкір дүниеден өткеннен кейін, аманат Әзіреті Омарға тапсырылды. Әзіреті Омар қайтыс боларында оны - әрі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) жұбайы, әрі өзінің қызы Хафса анамызға қалдырды (р.а.). Кейіннен Әзіреті Осман, өзінің халифалығы кезінде Хафса анамыздағы бұл Құран нұсқасын сұратып, оны тағы да Зәйд ибн Сәбиттің басшылығындағы комиссияның қадағалуында көшірткізіп, бірнеше нұсқаға көбейттіріп, көбейтілген нұсқаларды жер-жерге жөнелтеді. Сөйтіп, барлық жерде бір нұсқа негізінде Құранның таралуын қамтамасыз етті[2]. Бұл, Құранның үшінші жинақталу кезеңі болатын. Ол жөнінде келесі мақаламызда. Алла Тағала сахабалардан разы болсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Пайдаланған әдебиеттер:


[1] Suat-Yildirim: «Kuran-i-Kerim ve Kuran Ilimlerine-Giris». (Түрік тілінде). 
[2] Имам Суюти: «әл-Итқан фил Улумиль Құран». (Араб тілінде).

0 пікір