Сахабалардың кәсібі қандай болған?
Сахабалардың кәсібі қандай болған?
1 жыл бұрын 4399

Бисмилләһир рахманир рахим

Сахаба (أصحاب, صحبة) деп, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзін көріп, оған белгілі уақыт серіктік еткен алғашқы буын мүмін-мұсылмандарды айтады. Кей ғұламалар «сахаба» сөзіне былай деп те анықтама берген: «Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен салауаты болсын) көзін мұсылман болған күйі көріп, өлелгенше мұсылмандықтан шықпаған адам». Бұл анықтамаға қарағанда Мұхаммед пайғамбарды (с.а.у.) бір рет көрген мұсылман адамды сахаба деп атауға болады. 

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) мектебінде тәрбие көрген ардақты сахабалардың қасиеттері көп болған. Соның бірі - еңбекқорлық. Сахабалар ешкімге қол құсырмай, өз нәпақаларын өздері табуға тырысып бағатын. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз оларды соған баулыған еді. Сахабалардың арасында байы да, кедейі де, саудагері де, қара жұмысшысы да, қойшысы да, диқаншысы да, наубайшысы да т.б. әртүрлі адал кәсіп иелері болды. Төменде атақты сахабалардың күнделікті өмірлерінде нені кәсіп қылғандықтарын айта кетелік:

1) Әзіреті Әбу Бәкір Сыддыйқ (Алла одан разы болсын). Саудагер. Исламнан алдын бай саудагер еді. Ислам дінін қабылдағаннан кейін де бұл кәсібін тоқтатпады. Тапқан дүниесінің көп мөлшерін діннің өркендеуіне және құлдарды азат етуге жұмсайтын. Халифа болғаннан соң қасындағы сахабалар одан саудасын қойып, мұсылмандардың ісімен және мемлекеттік істермен айналысуын сұрайды, «отбасымды қалай асыраймын?» дегенде, сахабалар оған қазынадан белгілі айлық тағайындайтындықтарын білдіреді. («Фәтхуль Бәри»).

2) Әзіреті Омар Фәруқ (радияллаһу анһ). Саудагер. Базарда алып-сатарлықпен айналысатын. Жұмыс істемей жүргендерді көрсе: «Көк сендерге алтын мен күміс жаудырмайды!» деп, жұмыс іздеулерін ескертуші еді.

3) Әзіреті Осман ибн Аффан (радияллаһу анһ).Мата саудагері. Исламнан бұрын саудагерлікпен айналысқан Ол (р.а.), Исламнан кейін де кәсібін тастамай, осы кәсіп түрінде мол байлыққа кенеледі. Қолы ашық өте жомарт жан болған. Жау шапқан кездерде бірнеше рет мұсылман әскерлерін өз қалтасынан қарумен жабдықтаған тұғын. Сондай қысылтаяң сәттерде жәрдемге жүгірген ардақты сахабаға ырза болған Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бүгінен кейін Османға істеген істері (ақыретте) зиян тигізбейді. Уа, Жаратқан Алла! Османға разы бол, мен оған разымын!» деп батасын берген еді. («Ибн Һишам, сира»).

4) Әзіреті Әли ибн Әбутолиб (радияллаһу анһ). Қара жұмыскер. «Ілімнің қақпасы» делінетін Әзіреті Әли (р.а.) жалданып жұмыс істейтін. Біреуге ақшаға құдық қазып беретін. Біреудің құрмаларын су тасып суғаратын. Жүк тасушы болып жұмыс істейтін. Диірменде ұн тартатын т.б. ауыр жұмыстар істеп нәпақасын табатын болған. Жұмысының ауырлығынан қолдары жарылып, мүйізгектен (мозоль) алақаны қалыңдап, қатайып кеткен екен. Әзіреті Әли білекті әрі қара күшті батыр болған.

5) Абдуррахман ибн Ауф (радияллаһу анһ). Саудагер. Меккеден Мединеге көшіп келген кезінде түгі жоқ болған оған Мединелік аңсардың бірі дүниесін бөліп бергісі келеді. Сонда Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): «Маған базардың жолын көрсет, одан басқа ештеңе керек емес» деді. Ардақты сахаба саудамен айналысып, ең бай сахаба атанады. Қолы ашық, игісүйер жан болған. Тіпті оған қатысты жұрт «бүкіл Медине халқы Абдуррахманның жанұясы» дейді екен. Абдуррахманға жомарттығы үшін Мұхаммед пайғамбарымыз дұға жасап, батасын береді. Содан кейін дүниесі артқаны соншалықты Ол бір сөзінде «жерде жатқан кез келген тасты алып қарайтын болсам, астында алтын жататын болды» деген еді.

6) Абдулла ибн Мәсъуд. Қойшы. Құран тәпсіршісі сахаба Абдулла ибн Мәсъуд қойшы болған екен.

7) Саъд ибн Әбу Уәққас. Садақ ұстасы.

8) Зубейр ибн Аууам. Тігінші.

9) Біләл ибн Рабах. Қызметші.

10) Аммар ибн Ясир. Қызметші.

11) Сәлмән әл-Фәриси. Шаштараз. Соғыс өнерін үйретуші.

12) Бәрра ибн Ъазиб. Саудагер.

13) Зәйд ибн Әрқам. Саудагер.

14) Хәббәб ибн Әрәт. Темір ұстасы.

15) Ъамир ибн Курәйз. Қасапшы.

16) т.б.

 

0 пікір