Стамбулдың алынғанына 569 жыл. Түріктер Стамбулды алғаннан кейін әлемнің бағыты өзгерді
Стамбулдың алынғанына 569 жыл. Түріктер Стамбулды алғаннан кейін әлемнің бағыты өзгерді
2 жыл бұрын 8150
«Константинополь сөзсіз алынады. Оны алатын қолбасшы неткен керемет қолбасшы еді! Оны алатын әскер неткен керемет әскер еді!». Мұхаммед пайғамбар (ғалейһиссәләм).

Алғашқыда «Константинополь», кейіннен «Стамбул» есімін иемденген бұл қаланың тарихи әрі стратегиялық маңызы орасан зор еді. Константинополь - Византия империясының астанасы және Христиан әлемінің рухани орталығы-тын. Әлемдегі ең алып қалалардың бірі болды. Осыншалық маңызға ие бір қаланың мұсылмандар тарапынан әйтеуір алынатындығын көптеген ғасыр бұрын Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) тарапынан сүйіншіленеді: «Константинополь сөзсіз алынады. Оны алатын қолбасшы неткен керемет қолбасшы еді! Оны алатын әскер неткен керемет әскер еді!» (Имам Ахмед: «Мүснәд»; әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак» т.б).

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейінгі ғасырларда қаншама мұсылман қолбосшы аталмыш қалаға шабуыл ұйымдастырды. Бірақ бәрі нәтижесіз аяқталды. Тек, 1453 жылы ғана Османлылардың 7-ші падишахы - ІІ-Мехметтің қолбасшылығымен ұйымдастырылған жорықта қала алынып, ұлы Константинополь қаласы мұсылмандардың билігіне өтеді. Осының нәтижесінде 1058 жыл бойы әлемнің жарымына билігін жүргізіп келген Шығыс Рим империясы (Византия) құлап, «Осман империясы» атты жаңа бір империяның тууына алып келді. 

Жақында ғана Түркия елі Стамбул қаласының алуының 569 жылдығын атап өтті. Бұл тек түрік халқы үшін емес, бүкіл исі мұсылман үшін маңызы зор бір оқиға.

Соған орай, төменде Стамбул қаласының тарихы төңірегінде жан-жақты сөз қозғалған жазбаны бөлісіп отырмыз. «Түріктер Стамбулды алғаннан кейін әлем тарихының бағыты өзгерді» дейді жазба авторы. 

**

Рим императоры Ұлы Константин 330 жылы бүгінде «Стамбул» деп аталатын, ал бұрын «Византия» делінген қалада «Жаңа Рим» деген есіммен бір қала тұрғызды. Осы қала кейіннен «Константинополь» деген атпен атағы шықты. 

Бұл қала Рим империясының астанасы болды. Оның сауда жолдарының бойында орналасуы Рим империясының астанасын осы жерге көшіруіне ықпал етті.

Қысқа уақыт ішінде қалада Римдегі ғимараттарға ұқсас ғимараттар бой көтере бастады. Сауда-саттықпен бірге, сол заманда империя аумағында кең етек ала бастаған христиан дінінің өкілдеріне патша Константиннің кең пейілмен қарауы да бас қаланың осында көшуінде маңызды роль атқарды. 

Константин бір жағынан «паганизм» нанымын жалғастыра отырып, бір жағынан христиандарға еркіндік берді. Оның арқасында 325 жылы «Изникте» бас қосқан Христиан діні өкілдерінің кеңесі бүгінгі христиандар сенетін Інжілді дайындап шықты. Император Константин христиан дінін өмірінің соңында, өлім төсегінде жатып қабылдағаны айтылады. 

395 жылы Рим империясы екіге бөлінді. Батыс бөлімін Рим қаласы басқарып қала берді. Шығыс бөлімінің бас қаласы «Константинополис» болды. Алайда көп ұзамай Батыс Рим құлап, оның есесіне Шығыс Рим мың жылдан астам уақыт өз билігін жалғастырды. Император Юстинианның кезінде батыс Рим жерлері де шығыс Римнің қол астына кірді. (16-ғасырда ғалымдар тарапынан «Византия» деп атала бастады, ал Византия империясының жұртшылығы өздерін «Романия» деп атайтын).

1071 жылы түріктер Византия империясымен Малазгиртте шайқасып, Анадолыны, яғни Рум елін мекендей бастағаннан кейін барлық нәрсе өзгере бастады. Түріктердің назарында Анадолы аймағы Римнің жері болатын. Ол жерді «Румелі» деп атаған. Осы жерлерге түріктер жылдам қоныс теуіп, бұл жерлерді өркендете бастайды. Шығыстан келген түрік тайпалары Анадолыны өздеріне мекен етеді. Артынан Фракия мен Еуропа елдері Румелия деп аталды.

«Анадолы Селчук» дәуірінде византиялықтардың қолында қалған қалалар түріктердің билігіне өтуін жалғастырды. Анадолыға келген түрік тайпаларының бірі болып табылатын "Кайы" тайпасы, өздерінің мекені ретінде Сөгүт аймағын таңдайды, кейіннен осы жерде Османлы мемлекетін құрады.

Османлы мемлекеті батысқа қарай жылдам жылжыды. «Бурса» қаласының алынуы османдықтардың батысқа қарай ілгерілеуін жылдамдата түсті. «Дарданел» бұғазынан Фракияға өтіп, Еуропада түріктер бірнеше ғасыр билік құрды. Қысқа уақыт ішінде Эдирне қаласы да алынды. Эдирне қаласы бас қала атанды. Османдықтар Еуропада тұрақты қалатындарын баршаға ұқтырды. 

Константинополь (Стамбул) қаласы екі құрлыққа тараған Османлы жерінің ортасында қалды. Территориясы кішірейе түскен Византия "бір қалалық" мемлекетке айналды. 1451 жылы таққа отырған ІІ Мехмет өте білікті көсем болатын. Ол технологияның және ғылымның маңызын толық түсінген патша еді. Ол әрдайым ұстаздарынан: «Константинополь әлбетте бір күн жеңіп алынады. Оны алған қолбасшы қандай тамаша қолбасшы, оның жеңіп алған әскер, қандай тамаша әскер» деген хадисті тыңдап өсті. Көп ұзамай ол қаланы Османлылардың астанасына айналдыру мақсатында Стамбулды жаулап алуға бел буды. «Я бұл қала мені алады, яки мен оны» деп айтып жүретін. 


Фото: balalaralemi.kz 

Константинополь қаласы бұдан бұрын бірнеше мәрте қоршауға алынған еді (11 мәрте қоршалған). Бірақ мықты қорғанмен қоршалған қаланы ешкім ала алмады. Падиша Мехмет үлкен зеңбіректер жасатты. Осман империясының түкпір-түкпірінен келген жасақтармен 1453 жылдың сәуір айында Стамбул қаласының айналасын қоршауға алды. Бір оғы 550 келі болатын зеңбіректермен қала қорғанын атқылай бастады. Қала қорғаны берілмеді.

 

Теңізде Халичке кіре берісте византиялықтар Стамбул мен Галата арасында шынжыр таққан еді. Османдықтар Галата бөктерлерінен кемелерді құрлық арқылы шығанаққа түсіріп, қала қорғанысын ойсыратты. Қоршауда осылайша жаңа майдан ашылды. 1453 жылдың 29 мамыр күні Ұлұбатлы Хасан қорғанға Османлының байрағын тікті. Осылайша қала алынды. Византияның соңғы императоры қаланы қорғау барысында қаза тапты. 

 

Стамбул алынғаннан кейін Османлы мемлекеті империяға айналды. Фатих Сұлтан Мехмет падиша ресми хаттарында өзін «жаңа Император» деп таныстыра бастады. Әлем тарихы өзгеріп, Орта шақ жабылып, Жаңа дәуір басталды. Қалаларды қорғап тұрған қамалдардың зеңбіректерге төтеп бере алмайтынын түсінген ғалымдар Еуропада ренессанс пен реформаны дамытуда үлкен күш сарп етті. Олар білім мен өнерге бағытталып, түріктердің Еуропаға қарай жылжуына кедергі жасауға тырысты. Орта шақтың қысымшыл көзқарасының орнын еркін, ғылыми жетістіктер басты. Әлем тарихы қайта жазыла бастады. Жібек және дәмдеуіш сауда жолдарының түріктердің қолында қалуы Еуропада тауарлардың бағасын көтерді. Үндістанға жетіп, арзан сауда жасау үшін батысқа ашылған еуропалықтар Америка құрлығын тауып, отарлау кезеңін бастатты. 

 

Османлы және түрік тарихы тұрғысынан Стамбулдың алынуы маңызды өзгерістер алып келді. Енді тарих сахнасында жаңа әскери, экономикалық күш бой көрсетті. Османлы өркениетінің ерекшелігі - өзінен басқа мәдениеттерге толеранттық көзқараспен қарауы болды. Христиан және еврейлерге еркіндік берді, олардың діні мен сот жүйесіне араласпады. Мұсылман еместерді мемлекеттік қызметтерге алды, жоғары лауазымдарға тағайындады. Оған мысал ретінде - Византияның соңғы императорының жиені сарайда тұрып мұсылман болған, артынан бас уәзір қызметін атқарған Месих пашаны атауға болады. 

 

«Тасы мен топырағы алтын» деп аталып кеткен Стамбул бүгін де әлемнің назарын өзіне аударып отырған маңызды қалалардың бірі. Қазір ол космополит құрылымы негізінде әртүрлі нәсіл, әр түсті адамдардың өмір сүретін қаласына айналған. Болашақта да осы ерекшелігін жоғалтпайды деген сенімдеміз.

Дереккөз: www.trt.net.tr/

0 пікір