Түсінде аян көріп, хижаб киген атақты Bollywood жұлдызы Сана Ханның оқиғасы
Түсінде аян көріп, хижаб киген атақты Bollywood жұлдызы Сана Ханның оқиғасы
2 жыл бұрын 8121
Дайындаған Абдусамат Қасым

Атақты үнді актрисасы, биші әрі модель Сана Хан өзінің актерлық карьерасында 14 фильмге және 50 астам жарнамалық фильмдерге түсіп үлгерген. Алайда 2020 жылы, 8 қазанда миллиондаған көрермендердің сүйікті актрисасына айналып үлгерген Сана Хан кино индустриясынан біржолата кетіп, хижаб киіп, "өзін адамзатқа қызмет етуге және Жаратушысына құлшылық қылуға арнайтындығын" жариялады. Оның артынша Әнәс Сәид есімді дін адамына тұрмысқа шығады.

(Фото Сана Ханның инста парақшасынан алынды.

Бұрынғы өмірінде рухани тыныштықты аңсап, қолында бәрі болса да өзін бақытсыз санаған Сана Хан, дінге қалай келгендігін былай тілге алады:

«Бұрынғы өмірімде менде бәрі болды: атақ та, даңқ та, дүние де. Қалаған нәрсемді жасай алатындай мүмкіндікке де ие тұғым. Барлық нәрсе ашсам - алақанымда, жұмсам - жұдырығымда еді. Бірақ бір нәрсе жетіспейтін, ол – жүрек тыныштығы».

Өзінің қанша жұлдыз болса да бақытсыз күй кешуінің себебін түсіне алмаған ол:

«Барлық нәрсеге ие сияқтымын, алайда неге сонша бақытсызбын?» - деп ойланатын болған. - Ішкі тынышсыздық күннен күнге қиындай түсті. Депрессияға толы күндер өтті» деп еске алады Сана Хан.


(Фото Сана Ханның инста парақшасынан алынды).

Азапқа толы күндерден құтылуды көксеген ол Жаратушы Алладан іштей жәрдем тілеп, одан тура жолға бастар бейнебір белгі күтетіндей сезінетін. Сөйтіп жүргенде өзінің пендесін жалғыз қалдырмайтын Жаратушы Құдай Тағала оған түсінде аян береді:

«2019 жыл болатын. Қасиетті Рамазан айы еді. Бір күні ұйықтап жатып түс көрдім. Түсімде өзімнің мүрдемді (қабірімді) көрдім. Мүрдем отқа оранған, ал мен сол мүрденің ішінде жатыр екенмін. Қабір бос емес еді. Онда мен жатыр екенмін... Оянсам түсім».

Аталмыш түстің бекер емес екендігін түсінген ол, Құдайдың оған көрсеткен белгісі екендігін ұққан:

«Көрген түсімнің бекер еместігін сездім. Алла маған мәулет берді. Егер өзгермесем, соңым осы болмақ деп түйдім» дейді Сана Хан.


(Фото Сана Ханның инста парақшасынан алынды).

Осы түстен кейін Сана Хан ойлана бастаған. Ислами мотивациялық уағыздарды тыңдап, қажетті кітаптарды оқыған. Іштей туындаған біршама өзгерістерді сезсе де, толықтай өзгере қоюға әлі беттей алмаған:

«Уайымдай бастадым. Іштегі пайда бола бастаған өзгерістерді ойлап жүрдім. Ислами уағыздарды тыңдадым. Кенет түндердің бірінде әдемі бір сөз оқыдым. Ол маған арнайы жолданған жолдау іспетті болды. Онда былай делінген еді: «Өміріңнің соңғы күнінің – хижаб үшін әуелгі күн болғанын қаламас едің!» (яғни, өлген кезде киген кебінің - әуелгі киген хижабың болғанын қаламас едің деген мағынада-ауд.) Осы сөйлем маған қатты әсер етті. Жыладым» -

- дейді ол.

Сол түннің ертесіне жаңа өмір бастайды. Бұл күн оның туған күніне сайкес келеді екен. Таң атысымен басына жаулық тағып, хижаб кигеннен кейін өз-өзіне:

«Мұны (хижабты) ешқашан шешпеймін!» - деп серт береді.

Осылайша, Құдайға беттеумен бақыт тапқан бұрынғы жұлдыз, үйленіп, көп ұзамай күйеуімен бірге қажылық парызын өтеп қайтады.


(Фото Сана Ханның инста парақшасынан алынды).

Қазіргі таңда Сана Хан өзінің 5 миллионнан астам оқырманы бар жеке инстаграм парақшасында белсенді. Ол онда өзінің күнделікті өмірінен мағыналы әрі мазмұнды бейнероликтер бөлісіп, шариғат шәлісін паш етер жаңа образымен оқырмандарын қуантуда.


(Фото Сана Ханның инста парақшасынан алынды).

Алла Тағаладан қарындасымызға екі дүние бақытын тілейміз!

 فَمَن يُرِدِ اللَّهُ أَن يَهْدِيَهُ يَشْرَحْ صَدْرَهُ لِلْإِسْلَامِ ۖ

 «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның жүрегін Исламға ашады...». Құран Кәрім, «Әнғам» сүресі, 125 аят. 

 


Ақпараттар «al-ain.com» атты араб тілді сайттан алынды. 
Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым 

 

0 пікір