Византияға қарсы жорықта әскер басқарған 18 жасар Усамаға Халифа Әбу Бәкірдің айтқаны
Византияға қарсы жорықта әскер басқарған 18 жасар Усамаға Халифа Әбу Бәкірдің айтқаны
4 жыл бұрын 7188
Абдусамат Қасым

Миләди 631 жылы Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) өзінің қоштасу қажылығынан оралғаннан кейін, ең бірінші кезекте Араб жазирасының солтүстігіндегі шегералас жатқан, ол заманда Византия империясының жері саналатын Шам өлкесіне жорыққа шығу үшін әскер әзірлігін жасауды қолға алды. Оған себеп:

  • Шегара қауіпсіздігін қамтамасыз ету
  • Сол аймақтағы византия өкіметінің айналадағы мұсылман болған тайпаларға көрсетіп жатқан жауыздықтарын тоқтату
  • Мұсылмандардың Араб жазирасынан тыс аймақтарда емін-еркін, зұлымдыққа ұшырамай жүре алуын қамтамасыз ету т.б.

Сонымен, Алла елшісі (с.а.у.) милади 632 жылы (63 жасында), арасында мұхажирлер мен ансарлар да бар күшті бір мұсылман жасағын құрып, басына 18-19 жасар Усама ибн Зәйтті қолбасшы етіп тағайындайды. Алайда, сол сәттерде Алла елшісінің (с.а.у.) сырқаты күрт артып, халі нашарлап, көп ұзамай бақиға аттанады. Одан кейін, 61 жастағы Әзіреті Әбу Бәкір халифа сайланады.  

Халифа сайланар-сайланбас, Пайғамбар (с.а.у.) бақилық болғаннан соң, кейбір араб тайпаларының діннен қайтуы себепті, халық арасында бейберекетсіздік тууы мүмкін болғандықтан, сахабалар әскерді жорыққа жібермей тұруға кеңес етеді. Сонда «Аллаға ант етейін, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бастаған ісін аяқсыз қалдырмаймын» деген халифа Әбу Бәкір, Медине қаласының маңындағы «Зүхәшәб» (ذو خشب) деген жерде әскери лагер құрып күтіп отырған Усама ибн Зәйт пен оның әскерлерін жорыққа аттандыруға шешім қабылдайды.

Баста 18-19 жасар Усаманың мұндай жауапты істі ойдағыдай атқара алатынына күмәнданған кейбір сахабалар, одан өзге тәжірибелі сахабаны қолбасшы қылып тағайындауын да айтады. Алайда, Пайғамбарымыздың өзі арнайы батасын беріп тағайындаған Усаманың орнына басқа біреуді әскербасшы етуге үзілді-кесілді қарсы болған халифа Әбу Бәкір, Усамаға жорыққа аттануға әмір береді.

Мұсылман әскері аттанарда, халифа Әбу Бәкір Сыддық оларды шығарып салуға келеді. Усаманың мінген атының тізгінін ұстап, біраз жерге дейін ілесіп жаяу жүреді. Усама ибн Зәйт қасында жаяу келе жатқан халифаны мінгізбекші болып, атынан түсуге оқталғанда, халифа оған: «Сен түспейсің. Мен мінбеймін!» - деп қарсылық білдіреді де артынан: «Қоя бергін. Біраз аяғымыз Алла жолында шаңдансын», - дейді.

Айрылысатын тұсқа жеткенде Усама ибн Зәйтқа және бүкіл әскерге халифа былай деп бұйырады:

Ешкімге қиянат жасамаңдар. Ешкімге әділетсіздік жасамаңдар. Шектен шықпаңдар. Өлген жау әскерлерінің денелерін қорламаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт адамдарды өлтірмеңдер. Ағаштарды босқа шауып немесе отқа орап, жоймаңдар. Малдарды бостан-босқа өлтірмеңдер, жеу үшін болса, ол басқа. Әсіресе мына нәрсені ұмытпаңдар: сендер баратын жерлерде шіркеулер мен олардың ішінде құлшылық жасап жатқан адамдарды көресіңдер. Оларға тимеңдер. Оларды шіркеуімен бірге өз жайына қалдырыңдар!

– дейді де, батасын беріп мұсылман әскерін аттандырады. 

Сөйтіп Усама ибн Зәйт және қалың әскері соғысқа аттанады. Жол-жөнекей діннен қайтқан кейбір араб тайпалары қалың мұсылман әскерінің айбынынан әсерленіп, қайта тәубеге келіп жатты. Өйткені, олар: Пайғамбар о дүниеге көш етіп, мұсылмандар басшысыз қалған сәтте, осындай қолмен Византия сияқты алып империяға жорыққа аттанған болса, демек Исламның беделі әлі күшінде екен деп ойлады. Осылайша, Әзіреті Әбу Бәкірдің мұсылман әскерін жолынан қалдырмай жорыққа аттандыруы, тек дұшпаннан келер қауіпті ғана емес, халық арасындағы кейбір бейберекетсіздіктің де алдын алған болды...

Ал, 18 жасар Усама бастаған мұсылман әскері болса, шегарадағы Византия жеріне баса-көктеп кіріп, бұрын әкесі шейіт етілген жерде рим әскерлерімен шайқасады. Ақырында мұсылмандарға күн көрсетпей жатқан жау әскерін жеңіп, абыроймен елге оралады (радияллаһу анһум)[1]. 

 islam.kz


[1] Рамадан әл-Бутый: «Фиқһус сира».

0 пікір