Исламда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың үкімі қандай?
Исламда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың үкімі қандай?
9 жыл бұрын 8010
Қайрат Жолдыбайұлы
Дінімізде салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың үкімін айтып берсеңіз.

Қазақ тілінде әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, қоғам мүшелерінің мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық ойына, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойыжинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар жиынтығы «салт-дәстүр», «салт-сана», «әдет-ғұрып», «ғұрып-ғадет» деп аталады[232]. Бұл атаулар шариғат терминологиясында көбіне арап тіліндегі «ъадәт (عادة)» және «ъурф (عرف)» сөздерімен белгілі. Демек, әдет-ғұрып, ғұрып-ғадет сөздері араб тілінен қазақ тіліне енген. Ъадәттің (عادة) сөзінің тілдік мағынасы – бір нәрсені дағдыға, әдетке айналдыру дегенге саяды. Түбірі «оралу (عودة)» деген сөз. Кісі дағдыға айналдырған бір ісіне қайта-қайта оралып отыратындықтан оны «ъадәт (عادة)» деп атаған. «Ъурф (عرف)» жағымды, ұнамды іс деген мағынаны білдіреді. Құранда «Ағраф» сүресіндегі "وأمر بالعرف" аятын кей тәпсіршілер «әдемілік пен ұнамдылыққа бұйыр» деп түсіндірме беруінің себебі де осында. Бірі екіншісінің артынан тізбектесіп жүргенге де «ъурфан (عرفاً)» деп айтады[233].

Аталмыш екі терминнің («ъадәт (عادة)» пен «ъурф (عرف)») шариғаттағы мағынасы: белгілі бір әлеуметтік ортаның, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыстіршілігініңбұлжымасқағидаларынаайналғанжөн-жосық, жол-жоралғыны білдіреді. Дініміз әр елдің шариғатқа қайшы келмейтін өзіндік салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарына рұқсат береді. Жаһилдік тұрпайы сенім-негіздерін түгелімен өзгерткен дініміз, күнделікті тіршілікте кездесетін адамдардың өзара қарым-қатынастарына байланысты қоғамда қалыптасқан дағдылардың біршамасын тыйса, кейбірін исламның негізгі қағидаларына қайшы келмейтіндей етіп өзгертсе де, түгелдей тыймаған. Ал исламның рухына қайшы еместерін сол күйінше қалдырды. Мысалы, ислам діні ішімдік, құмар ойындары, өсім жеу, парақорлық, әйелді қор санау, төртеуден көп әйел алу[234], зинақорлық сияқты дағдыларды түбегейлі тыйды. Ал, керісінше серіктесіп сауда жасау, бір затты жалға беру, «сәләм» сауда келісімі, зихар талағы, ант ету іспетті үрдістерге біршама өзгерістер енгізгенімен, сол күйінше қалдырды. Өйткені жақсы нәрсені бұйырып, жамандықтан тыю – Исламның негізгі ерекшелігі. Ислам құқығында (фиқһ) мәселенің үкімін анықтауда жергілікті әдет-ғұрыпқа да сүйенетіні содан. Әсіресе, негізгі дәлелдері мен үкімі табылмаған жағдайда немесе бар үкімді іс жүзіне асыру кезінде әдет-ғұрыппен де санасып жататын кездер болады. Бұлай жасау ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетінен де табылады. «Сахих Муслимде» риуаят етілген хадисте Әбу Суфиянның әйелі, күйеуінің оған және ұлына жететіндей нәпақа бермейтіндіктен, ақшасын оған айтпай алғандығын және бұл ісінің күнә ма, жоқ па екендігін Пайғамбарымыздан (с.а.у.) сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.а.у.): «Әдеттегі мөлшерде дүниесінен өзіңе және балаңа жетерліктей ал», – деген. Осы хадиске түсіндірме беру барысында Имам ән-Нәуәуи: «Бұл хадис – шариғатта анық-айқын көрсетілмеген кейбір мәселелерде әдет-ғұрыптынегізге алуға болатындығына дәлел», – дейді[235]. Кей ғалымдар «Ағраф» сүресіндегі ««وأمُر بالعرف» аятын шариғатта әдет-ғұрыпты негізге алу керектігіне дәлел етіп көрсетеді[236]. Фиқһ ғылымында оның ішінде, әсіресе, Ханафи және Мәлики мәзһабтарында «әдетғұрып» – шариғат үкімдерін шығару жолдарының бірі. Арнайы, фиқһ ғылымында «әл-Ъадату мүхаккәмә (Әдет-ғұрып – шариғат үкімін анықтайтын негіз етілді)»[237] деген өз алдына үлкен бір қағида түзелген. Бұл да жергілікті әдет-ғұрыптың шариғатта маңызды орынға ие екендігіне дәлел. Ибн Нүжәйм де былай дейді: «Мынаны білгейсің: Фиқһ ғылымында көптеген мәселеде әдет-ғұрыпты назарға алады. Ол шариғат негізі ретінде есептеледі»[238]. Дегенмен, бір мәселеде әдет-ғұрыпты, қалыптасқан дағдыны негіз ретінде алуымыз үшін ол мәселе жайында аят не хадис келмеген болуы керек. Егер, қандай да бір мәселеде әдет-ғұрыпқа қайшы аят не хадис белгілі бір үкімді бекіткен болса, онда ол мәселеде әдет-ғұрып негізге алынбайды[239]. Имам Сарахси бір сөзінде: «Насқа (Құран-хадис) қайшы келетін әдет-ғұрыптар негізге алынбайды»[240], – деген.

Малики мәзһабының белді білгірі «Мақасыдушшариға (Шариғат үкімдерінің мақсаты, мәні)» атты Ислам құқық пәлсапасының негізін қалаушы ғұлама Ибраһим ибн Муса Әбу Исхақ әш-Шатыби (өл. х. 790 / м.1388 ж.) өзінің «әл-Муафақат» атты еңбегінде әдет-ғұрып жайында былай дейді: «Қалыптасқан әдет-ғұрып екі түрлі: Біріншісі – шариғат дәлелдері бұйырған немесе тыйған нәрселері. Яғни, діннің кейде бұйырып, немесе кейде кеңес еткен не рұқсат еткен, яки тыйған, ұнамсыз көріп құптамаған нәрселері. Мысалы, денені нәжістен таза ұстау, ғибадатқа дәрет алу, әурет жері жабық болу, қағбаны жалаңаш тауаф етпеу сияқтышариғатта үкімі бар әдет-ғұрыптар. Бұлар да шариғат үкімдерінің қатарына кіреді. Шариғатта үкімі бар әдеттердің үкімі өзгермейді. Екіншісі – шариғатта күнә-сауабы айтылмаған, әр елде қалыптасқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар. Мұндай әдет-ғұрыптар әр елде әр түрлі боп келеді. Кей елде жақсы саналатын нәрсе, басқа елде жаман боп есептелуі мүмкін. Мысалы, ер кісілерді басы ашық жүру әр жерде әр түрлі. Шығыс елдерінде кісінің басының ашық жүруін қош көрмейді. Ал батыс елдерінде мұндай әдет жоқ. Шариғат үкімі де соған қарай екі түрлі үкім беруі мүмкін....»[241]. Бұл пікірге қарағанда, әдет-ғұрыптар екі түрлі. Біріншісі – шариғатта үкімі бар әдет-ғұрып. Бұның үкімі шариғаттың бекіткені бойынша қалады, өзгермейді. Екіншісі – шариғатта үкімі айтылмаған дәстүрлер. Мұндай дәстүрлер өзгермелі келеді. Осыған қарай пәтуа да әртүрлі болады. Қорыта келе айтарымыз, жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін екіге бөліп қарастыруға болады:

1. Шариғатқа теріс әдет-ғұрып пен дағды (ъурф фәсид). Аят немесе хадистегі айтылған үкімге және исламның жалпы қағидалары мен рухына, өмірлік пәлсәпасына қайшы келетін әдет-ғұрып, қалыптасқан дағды. Бұлар қабыл етілмейді. Мысалы, ер кісілер неке жүзігін алтыннан тағу, тойды арақ-шараппен өткізу, пайызға қарыз ақша беру т.б.

2. Шариғатқа сай әдет-ғұрып, дағды (ъурф сахих). Аят немесе хадиске және Исламның жалпы қағидаттары мен рухына қайшы келмейтін әдет-ғұрып, қалыптасқан дағды[242]. Мысалы ретінде қыз ұзату мен беташар тойын атап өтсек болады. Исламда да келін түскен үйдің шама-шарқынша дастархан жайып көрші-қолаң мен туған-туысты шақыруы сауапты іс[243]. Сахаба Абдрахман ибн Ауф өзінің үйленгендігін айтқанда, Алланың елшісі (с.а.у.) оған: «Бәрекелді! Бір қой сойсаң да, той-томалақ жасап жібер»[244], – деген. Осы хадистен кейбір ғалымдар «келін түсірген кісіге дастархан жаю – міндет» деген тұжырым шығарған. Алайда көпшілік ғалымдар оны міндет емес, сүннет дейді[245]. Ендеше, «беташар» тойы – Пайғамбарымыздың үмбетіне айтып кеткен өсиетінің қазақи үлгісі десек те болады.

232 Қазақтың әмбебап сөздігі.
233 Салих ибн Ғаним, «әл-Қауағидуль Фиқһиятуль Кубра», 330-333 бетер. Рияд.
234 Әбу Дәуіт – 2241.
235 ән-Нәуәуи, Сахих Муслим шархы, «Китабуль ақдия», №1714-хадис түсіндірмесі.
236 Ағраф – 199-аят.
237 Салих ибн Ғаним, «әл-Қауағидуль Фиқһиятуль Кубра», 338 бет. Рияд.
238 Зинул ғабидин, әшбәһ уән Нәзаир: «алтыншы қағида» – 1/295 бет.
239 Али Хайдар, Дүрәруль Хуккәм Шәрху Мәжәлләтиль Әхкәм – 1/45 бет.
240 Салих ибн Ғаним, «әл-Қауағидуль Фиқһиятуль Кубра», 367 бет. Рияд.
241 Имам Шатыби, әл-Муафақат – 2/488-489 беттер.
242 Уһбәту Зухайли, Усулуль Фиқһ әл-Исләми – 830 бет.; Мухаммәд Әбу Заһра, Усулуль Фиқһ – 273 бет.
243 Масули, Ихтияр – 4/189 бет. 244 Ибн Мәже, Уәлима – 1907; Хамза Мұхаммәд Қасым, Манарул Қари шарху Сахихуль Бухари – 5/119 бет.
245 Имам Нәуәуи, Рауздатут Талибин – 7/333 бет.; Әл Маусуғатуль Фиқһия, уәлима – 45/234 бет. Кувейт.

0 пікір