Ішілмеген сүт, желінбеген нан
Ішілмеген  сүт, желінбеген нан
8 жыл бұрын 9822
Қайрат Жолдыбайұлы

Астанада "Мұмтаз" мейрамханасында ауызашарда отырмыз. Әңгіменің орайы келгенде дастархан басындағыларға ұлы сахаба, жеңілмеген қолбасшы Халид ибн Уалидтің ғибрат аларлық бір оқиғасын әңгімелеп бердім. Бірде Ұлы қолбасшы дұшпанға қарсы неше күн қиян-кескі ұрыс жүргізіп, шаршап-шалдыққан әскерімен бірге кеш бата қосқа кеп аялдайды. Халид ибн Уалидке сүт пен нан ұсынады. Салқын сүт пен жұмсақ нанды байқаған ұлы қолбасшы: "Күннің мынандай ми қайнатар аптап ыстығында нан қатып, сүт бұлай салқын сақталмауы керек еді. Бұларды қалай сақтадыңдар" - дейді таңданысын жасыра алмай. "Құмды терең етіп қазып, сол жерге көміп қойған едік" - деген жауапты естіген қолбасшы: "Дәл осындай салқын сүт пен жұмсақ нанды" барлық әскерге түгелдей бердіңдер ме? - деп күмән аралас сауалын қояды артынша. "Әрине жоқ. ол мүмкін емес қой" - дейді асқа жауапты кісілер. Дәл осы сәтте Ұлы қолбасшы: "Дұшпанмен соғыста әскерімен бірге болып, асқа келгенде олардан өзгеше тамақтанған қолбасшы болудан Құдай сақтасын", - деп салқын сүт пен жұмсақ наннан бас тартады. Мен осы оқиғаны бітірер-бітірмес "Дәл осындай оқиға театр өмірінде де болған" - деп әңгімеге араласты белгілі актер Нүркен Өтеуілұлы бауырымыз.

Қарағанды өңірінде Асанәлі ағамыз бастаған театр актерлары үлкен спектакль қояды. Спектакльден соң аудан басшылары Асанәлі ағамызды дастарханға шақырады. Дастарханды жайнатып қойған. Құстың сүті, жылқының өтінен басқаның бәрі бар. Асанәлі ағамыз әрі-бері қарап, спектакльде бірге ойнаған актерларды дастархан басынан көре алмаған соң: "Қалған актерлар" - қайда деп сұрайды. Аудан басшылары: "Асеке ештеңені уайымдамаңыз. Бәрін реттеп қойдық.  Олардың астарын өздерімен бірге көліктеріне салып бердік" - дейді бірдеңені тындырғандай кейіппен. Сонда Асекең: "Бүгінгі спектакльді жалғыз өзім ғана қойған жоқпын. Ендеше жалғыз өзім ғана мынандай дастарханда отыруға тиіс емеспін. Мынаның бәрін орап, салып алыңдар, кеттік" - деп шығып кетеді. Сөйтіп алдын ала кетіп қалған актерлар мінген көлікті қуып жетіп, далада дастархан жайғызып, бірге тамақтанған екен.

Ғасыры бөлек, мекені өзгеше, бірақ мінезі бір екі оқиға. Екеуі де тыңдағандарға ерекше әсер етті. Сірә өмірде үлгісі аз, әсіресе бүгінгі қоғам жоғалтып алған асыл қасиет болса керек.

***

Аталмыш екі оқиғадағы мәдениет әрбір басшыда, әрбір адамда болса, қоғамда қандай әділдік орнар еді. Себебі мұның арғы жағында үлкен сана, ар-ождан безбені, терең адами қасиет, ұлы ұят сезімі жатыр. Шіркін...

0 пікір