Жауапкершіліктен қашу....
Жауапкершіліктен қашу....
10 жыл бұрын 6801
Қайрат Жолдыбайұлы

Терроризмнің түрлі себептері бар. Мен соның біреуіне тоқталамын. Шала, жаңсақ діни білім радикализмді тудырады. Ал радикализм өз кезегінде террорға жүкті. Дін жайлы шала һәм қате түсініктегі кісі көп нәрсені білемін деп ойлайды. Айналасындағы өзі секілді ойламайтындарды адасып жүр деп пайымдайды. Дінді қалай жеткізу керектігін, жалпы насихат тәсілін білмегендіктен кесіп әрі қатал һәм жөнсіз айтады. Нәтижесін бүгін күтеді. Ал ондай уағыздың пайдасынан көрі зияны басым. Айналасындағылар оны көргенде анадайдан қашатынды шығарады. Қашпағанда ше? Кездессе болды, әйшәйіңе қарамай көпшіліктің көзінше бас салып, әзірейілдей шүйлігіп өзінің жаттанды, үрейге толы уағызын айтып зәрелерін алып, ығырларын шығарады. "Адасып жүрсіңдер, шатасып болдыңдар, тозаққа барасыңдар дейді. Анау харам, мынау бидғат, тіпті ширк" -  деп дүниені төндіріп, кең әлемді тар қапасқа айналдырады да тастайды. Не керек, жұрт бұдан азар да безер болады. Тыңдағандардың арасында өзіне қарсы шауып, "уаһабисің, сәлафисің, анаусың, мынаусың" - деп айтып-айтып тастайтын мінезділер де табыла кетеді. Талайды ренжітеді, талайдан көңілі қалады. Көпшіліктің ортасына бара қалса, өзі жайлы бірдеңкелерді күбірлесіп жақтырмай отырғандарын байқайды. Қоғамның қысымы. Қай жерге барса,  қорқыттың көрі.  Ендігі жерде адамдар бұдан, бұл адамдардан аулақ жүреді. Осылай қоғаммен түсінісе алмаған жан, өзін үнемі бөтен сезінеді. Айнала біткеннің бәрін дұшпан санайды. Әуелі дос-жаран, таныстарынан, кейіннен туыстарынан  айрылады. Бара-бара кең дүние тарылып, қара түнекке айналады. Өмір сүру қиындай береді. Ел қатарлы жұмысқа тұрып, онда тұрақтап жұмыс істей алмайды.  Себебі кеңес өкіметінің ғасырға созылған дінсіздік саясатының әсері әлі толық кете қоймаған қоғамда қайсыбір араб елдеріндегі қағидаларды қатаң ұстанғысы келеді. Онысы бола қоймайды. Не керек, аяғында жасаған жұмысы, тапқан ақшасы жоқ, қоғамнан оқшауланып қала береді. Болашағы жоқ. Енді не істейді? Бұдан шығар жол не? Тезірек кету. Қайда? Жұмаққа. Оңайы осы деп ойлайды. Жоқ, солай ойлауға мәжбүр. Басқасы қолынан келмейді. Сіресіп қалған қисық сенімі оған жібермейді. Ғұмыр бойы бес уақыт намаз оқып, ораза ұстау, "Мұсылман болу әсте-әсте" деп аса төзімділікпен елге дінді сүйдіріп, сүйіншілеп жеткізу. Нәпсісімен күресіп, көркем мінезді болуға ұмтылу. Айналасындағы әрбір адаммен қандай жан болса да тіл табысып, бірге өмір сүру. Кешірімді, мейірімді болу. Отбасын өзінің маңдай терімен тапқан нәпақасымен бағу. Ұрпақ өсіріп, тәрбиелеу. Елге пайдалы болу. Мұны жасағысы келмейді. Осының бәрінен тезірек құтылып, жұмаққа бірден кіре салғысы келеді. Ақырында онсыз да өз өмірін өз қолымен тозаққа айналдырған мұндай психологиядағы адамды қайсыбір саяси ұйымдар өз мүдделеріне пайдаланады да кетеді.

Шейіт болу Алла жүктеген жауапкершіліктен қашудың жолы емес. Ол қастерлі ұғым. Отанды, елді, жерді қорғау жолында мемлекет басшысының жарлығымен болған соғысқа қатысып, жан тәсілім етсең шейітсің. Өз жанын қию үшін емес, өзгеге өмір сыйлау үшін.

0 пікір