Абайдың "Әркім жүр алар жердің ебін қамдап" деген сөзі төңірегінде
Абайдың "Әркім жүр алар жердің ебін қамдап" деген сөзі төңірегінде
11 ай бұрын 3130
Асылбек Әуезханұлы

Абай атамыз: «Әркім жүр алар жердің ебін қамдап», «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман» деп тойымсыздық, қомағайлық, қанағатсыздық секілді жағымсыз қасиеттерге үйір қазақ халқының жадау тұрмысын өлеңдетіп қамыққаны бар. Біреудің несібесін тартып алу, қорқытып-үркіту, ұрлап алу, алдап-арбауды кәсіп еткендердің барынша жағымпаздық жасап, жалған күліп, біреуді өтірік мақтап, жақсы көрініп, рияшылдықпен алар жердің амалын қарастыруы да Абайдың сынынан аман қала алмайды.

Қасиетті Құран кәрімде:

«Әйел, бала-шаға, алтын-күміс, жүйрік аттармен төрт түлікмал, егін-дақылдар секілді көңіл арбаушы нәрселерге деген ынтықтық адамдарға көрікті етіп көрсетілді. Негізінде, бұлар дүние тіршілігінің өткінші ермектері ғана. Ал нағыз қызығатын, ынтығатын жер Алланың қасында» делінген («Әли-Имран» сүресі, 14-аят).

Бұл аятта Алла тағала адамдар көп ынтығатын алты топты көрсетіп, олардың өлшемін дұрыс меңгермеген адамның алармандыққа салынып кетуі әбден ықтималдығын ескертіп, абай болуға үндейді. Дүниенің алдамшы заттары адам жүрегіне тартымды, көзіне әсем етіп көрсетілген. Бойымызда оларды жақсы көру сезімі бар екендігі де рас. Демек, оларға көңілдің бөлінуі табиғи, әрі заңды құбылыс. Дегенмен қанша сұлу боп көрінсе де, бар болғаны осы дүниенің құлқын толтырарлық пайдалары. Кезінде Шортанбай атамыздың:

Үлкендер, саған айтайын:

Мал басына бармаңдар,

Ақырет қамын қармаңдар,

Дүниенің боғы үшін,

Сірә, тіпті азбаңдар! − дегені де көпті көріп, көңілге түйгеннен шыққан сөз болса керек. Тіпті дүниеден озар шағында:

Ә, дариға, жалған-ай

Жалғанның енді қалғаны-ай,

Шортанбайды алғаны-ай,

Қайғыны басқа салғаны-ай,

Не шара бар, құдайдың

Әзелде жазған пәрмені-ай!

− деп өкінішпен сөз қатқаны да мәлім.

Бұдан дүниені толықтай тәрк етіп, безіп кетуге шақыру деген жаңсақ түсінік тумаса керек. Себебі Алланың құлдарына көркем етіп нәсіп еткен нығметтері мен несібелерін ешкім текке жаратылған дей алмайды.

Ислам – діні дүние-мүлікке сүйіспеншілікті орта деңгейде ұстауға, оған соқыр сезіммен байланып қалмауға шақыратын дін. Уақытша мансапқа, өтпелі мал-дүниеге деген құмарлық ақиқат дінімізден, Аллаға, ақыретке деген иманнан ажыратып қоймауға тиіс. Жалпы алғанда, Абай хакім сынап отырған мінез уақытша дүниелерге деген ессіз құмарлықтан туындайды. Егер адам өзін жиі-жиі тізгіндеп отырмаса, бұл аталғандарға деген құмарлықта шек жоқ. Дүниені түгімен жұтушы көз сүйегінің орнын тек топырақ қана толтыра алады.

Күдері шешен бірде:

«Талассаң бағың кетеді,

Таласпасаң не етеді.

Сабыр қылсаң, ағалар,

Анау тұрған жайылым

Бәріңе де жетеді.

Дүние деген өткінші,

Бастарыңнан әлі-ақ өтеді» деп, ұрысып таласуды, тәтті ауыздың дәмін кетіруді түкке де қажет көрмейді. Осы жайлы Асан Қайғы бабамыз да:

«Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін, желке терің құрысып ешкімменен ұрыспа» деп өте орынды сөз қалдырған.

Осы тұста Әнас (р.а.) деген сахабаның мына бір әңгімесі ойға оралады:

«Бір кісі пайғамбарымызға келіп мал беруін сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған сұрағанын бергізді. Сонда әлгі кісі өз жұртына барып: «Уа, халайық, мұсылмандыққа өтіңдер. Өйткені Мұхаммед (с.ғ.с.) кедей боп қалам деп қорықпай көп-көптен мал таратып жатыр. Міне, менің де алдыма мың қой салып берді» деп айқай салды. Мұны естіп қалған Әнас (р.а.): «Егер адам тек мал дүние үшін мұсылман болуды қаласа, онда оған Ислам діні бүкіл дүниеден артық саналмайынша шынайы мұсылман бола алмайды» деп оның ниетін түзетіп қойды.

Жинақтай келгенде, мұсылмандыққа көңіл бөлмей, өткінші дүниелерді қолға түсіруге тырысудың, Абайдың тілімен айтсақ, «алудың ебін қамдаудың» ешбір жөні жоқ. Құмарлыққа салыну керек болса, ғылым-білімнің құмарлығына түскен әбден дұрыс. Өйткені «Бір ғылымнан басқаның кеселі көп асқанға».

"Даналық сөзден дән ізде".

0 пікір