АЛЖАСҚАН ҒАСЫР (әңгіме)
АЛЖАСҚАН ҒАСЫР (әңгіме)
3 жыл бұрын 5023 bilim-all.kz/
Жанат Жаңқашұлы, ақын, журналист.
Ғасырға серт!
Адамзат баласы зиянда… Құран Кәрім, «Асыр» сүресі.

…Көзі жұмылмай, «бұның не?» деген таңданысты сұрақ анық оқылатындай адырайып, тас қораның төбесіне қараған күйі қалыпты. Мұрыннан кеткен қан екі ұртты сағалай барып, кепкен өзеннің арнасындай былқылдап, тоңға айнала бастапты. Сыпатайдың да екі ұртынан бастап омырауына дейін – іңірдегі батыс көкжиектей қып-қызыл. Ентігін енді басып, аузына келген дәмнің қошқыл татитынын, оның қанның дәмі екенін түйсінген. Түйсінген сәтте лоқсып құса бастады. Бұнысы жетпіс бес жасқа келіп, Тәшкенттегі ағаш қорасына кіріп, қайыс арқанға асылып барып тыншу тапқанша жалғасатын лоқсу екенін, әрине, ол кезде білген жоқ. Бір нәрсені түртіп, танып аларға мұршасы да жоқ. Шөкесінен отыра кетіп, жансыз басты құшақтап, қасқырдың ұлығанына ұқсас, бәлки одан да әрі бір зар шығарды. Құдайдан бастап, әруақ атаулыны, өмірді, ажалды, ауылынан тігерге тұяқ қалдырмаған аштықты шетінен лағынеттеп шықты. Жаңа ғана өзі айналдыра кескілеп, мойын омыртқасынан жұлқылап, ақ жұлын майын ақтарып алған қас-жауының басын енді аялап, бауырына басып, әлдилеп отыр…

Бұлар ауылдан шыққанда бесеу еді. Бұл жүріп өткен жолда үш оба жатыр. Оба дейтіндей оба да емес, таспен жабылған төбешік. Туасы шойнақ, аштықтан көп бұрын аяғын сүйреп басатын Әділгерей әлсіреп қалды. Жүруге халі жоқ. Оны бір талға сүйеп, өздері жуа теруге кеткен. Жұт – жеті ағайынды. Әшейінде әр тастың түбінен ырғап-ырғап жұлып алып, жүре беретін жуа да жоқ. Өмір «өлтірмейін» дегендей, әрқайсысының қолдарына ептеген қоянтамақ іліктірді. Бірақ сол мезетте тас түбіне үңіле жүріп, бүкшеңдеген қалпы, қолындағыларын қаужап болған. Олжа жайлы ешқайсысы тіс жармады. «Жылан жалмағандай» десті. Тек қайтып келе жатқанда ғана іштерінен Әділгерейдің аштан қататынын ойлап, көңілге күп кірді. Бірақ бұл қиналыс жәй күндегіден басқа. Сәл ыңғайсызданғаны болмаса, бәрі қалыпты. «Аштықта ар болмайды екен» деп ойлады Сыпатай. Бұлар кеткелі сүт пісірім уақыт өтті. Қайтып келсе, Әділгерейдің басы ғана қалыпты. Басты көтеріп қарап еді, қан жоқ. Осыдан жыл бұрын кесілген бас секілді. Тәнін сүйреп әкеткен із жатыр. Бірақ онда да қан ізі байқалмайды. Қан ізі тұрмақ, аштықтан арыған дене жолындағы шөпті жапыруға да жарамапты. Тек еспе құмда ғана жазылған хаттай із жатыр. Ашыққан адамда қан болмайтын шығар деп шешті бұлар. Ақылдаса келіп, тәнді сүйреп әкеткен жақтан аулақ, қарсы бетке жүрді. Одан кейін олар көзі қарауытып, құлауға шақ қалған кезде саусақтарын яки білектерін тістелеп, қан шығарып, өлімдерін болжайтын әдет тапқан.

Одан кейін төртеуінің арасы ұзай берді. Соңында «аяғын шаңғышы құсап сүйреп келе жатқан алдыңғы топ осы ұзаққа бармайды-ау»,–деп шешкен шартық Кенжебай. Шартық деген «мәртебелі» атағының жұқанасы да жоқ. Ішін ауа кеулеп кеткен. Жуып, бүрлеп, керегеге іліп қоятын май салар қарын секілді. Түртсе – даңғұр-дұңғыр етеді. Одан кейін – қабырғасы балықтың желбезегіне ұқсап ырсиып, көзі шүңірек тартып, кептердікіндей қызарып тұратын Олжабай. Бота тірсек Тілеш ең алдында. Бұл соны бағдар қылып, қалмауға тырысып, ілесе ілбіп келеді. Әркім өз басындағы алауды өшіріп, ақылдан алжасып қалмау үшін үзілмейтін ойдың сорабына түсіп алған. Ашыққан адамның алжасып кететінін ұққаннан бері сақтанды. Шашы жалбыраған, тырнағы орала өскен бір кемпір күрек тісін ырғап отырып, өзін: «Алтын сақа» ертегісіндегі Мыстан кемпірмін», – деп таныстырғанда «қарттықтан алжыды ма, әлде аштықтан алжыды ма?» деп зерттеп баққан. «Мыстан кемпір» алжасардай кәрі емес, әрі кетсе елу мен алпыстың арасы. Аштықтан екеніне шүбә қалған жоқ…

 Жазыққа түскелі бері жағдай тіпті қиындады. Бағыт жоқ, бағдар жоқ. Бір ғана мақсат. Жүру Һәм жүру. Осы мақсатпен жүре беріп, Кенжебайдың қайда қалғанын да білмейді. Кенжебай Сыпатайдың немере інісі-тұғын. Қалманның жалғызы. Кейін бұрылып, іздесе болар еді. Іздемек те болған. Бірақ іздеп барғанда не қайран қылмақ? «Аман қалсам, сүйегін жинап, көмермін» деп, айналаны жаттап алғысы келгендей көз ішіне қотара салды. Бұл тумысынан қатігез де, антұрған да емес еді. Іші-бауыры езіліп, бауырын жоқтап келеді-ақ. Намыс та бар. Бірақ екі өліктен бір өлік жақсы. «Әулеттен ең құрымағанда біреу тірі қалса» деп өксиді. Осы ойға бекіп, ілбіп келе жатқанда Кенжебайды көрді. Арқасына қанат біткен бе, бүк түсіп, қос қанатымен жерді кері ысырып, көкке қарай көтеріліп барады екен. «Жарықтық, Құдай, мына шартық құлын алжасқан ғасырдан құтқарып, қанат бітіріп, көкке алып кетті» деген дүдәмал ой жылт етті. Бұл бір сәт есі ауып, күн көлегейлеп, көкке қарап тұрып қалды. Қолын да бұлғаған секілді.

Соңындағы Олжабайға қарап еді, тоқта деп, қол көтеріп ишара жасап келеді екен. Бұлар да жүруге шама қалмаған соң, тоқтауға бейіл. Олжабай қыз бұрымындай созыла ағып жатқан бұлақтың етегіне жетіп жығылды. Бұрын бұл жерде мамыражай тірлік кешкен жұрт Ұзынбұлақ деп атаған болар деп ойлады үшеуі. Бірақ ләм-мим сөйлескен жоқ. Сөйлеуге әлдері құрыған күннен бастап, бұлар бір-бірін ойша ұғуға көшкен. Басында жобалап, долбармен түсінісетін еді. Соңыра сөзбе-сөз сөйлесе алатын жағдайға жетті. Кейін мұны ғалымдар «телепатиялық байланыс» деп атайтынын бұлар ол кезде қайдан білсін? Ондайдың мүмкін екенін де ойлауға хәл жоқ. Ойлаған күннің өзінде таңдана алмас еді. Бұларды таңдандыратын не қалды өзі? Адамдар бір жыл ішінде қатты қартайып кетті. Бір қалаға кіргенде өлген әкесі мен шешесінің басын кесіп алып, құшақтап, сандырақтап, екі басты кезек-кезек сү­йіп жүрген сегіз бен он жас арасындағы қызды көрді. Арқадан шыққаннан Сырға дейін кеуіп, ісініп кеткен өлік қарақұс пен құзғынға, қарсақ пен қасқырға, жалпы аңдар патшалығына жайылған ұлан-ғайыр дастархан тәрізді. Өзге аң-құс жейтінін жеп болған соң, тойдан кейін дастархан жинайтын даяшы құсап, мәйіттерді көміп жатқан қарғалардың қылығы да бұларды таңдандыра алған жоқ. Иттің сүйек көметіні секілді ертеңгі күннің қамын күйттедіге жорыған. Ішіндегі көкірегі ояу, әлдеқандай оқығаны бар, Сыпатай ғана Абыл мен Қабыл қиссасын, адамзаттың алғашқы қылмысын еске түсірген. Түсірген де ғадеттегі дүние секілді самарқау қарап, қоя салды. Одан кейін бір кейуананы қасқыр қоршап, шаңырақтың оты сөнбес үшін, естияр ұлын артына жасырып, ит-құсқа кенже баласын итере салғаны жайлы жан түршігер оқиғаны кейіпкердің өз аузынан естіді. Кейуана әлденеден арылғысы келгендей, өзін ақтаған жандай жолай кезіккен жанның бәріне осыны айтып жүр.

«Былай» деп ұлын артына жасырғанын көрсеткенде аштықтан меңірейіп қалған бала, көзі үрейге толып, мың рет қайталанған қойылым бойынша шешесінің етегіне орала кетеді. Кейуананы тас-тұнжыр құсап үнсіз тыңдап, өз жайына кететін өзгелердің қылығын бұлар да қайталады. Одан бері де кездескендердің әңгімесі бұдан да қайғылы болмаса, кем емес. Қайда барсаң да қырғын, қаза. «Жолды кісі жегіштер торуылдап жүр» дегенді айтып сақтандырғандар да болды. Оған да кепкен балықтың кескінімен қараған да қойған. Кісі жегіш дегеннен қорыққаннан гөрі жиіркеніш басым. Сөйтсе де, тілінің қыжыртпасы бар бота тірсек Тілеш: «Өліп бара жатсақ, шартық аты бар, Кенжебайды бірінші жейміз. Одан кейін сені…» – деп қалжақтаған болды. Қанша қалжың болса да, ішінен бір ойдың жылт еткені рас еді. Мынау сол ойдың буы болатын. Бір жақсысы, олар ол кезде оймен тілдесуді білмейтін. «Құдай сақтасынды» кезерген еріндерін әрең жиып, адырая қарап айтты.

Көздері ілініп кеткен екен. Бұл – әдеттегі көз шырымын алу емес, қалжырау. Өлімнің алғашқы хабаршысы. Олжабай бағана суға бас қойған жерінде әлі жатыр екен. Қарыны қара судан шермиіп кетіпті. Бұл бота тірсек Тілештің құрдасы. Сол құрдастығы есіне түсіп кеткендей, бірақ қалжақтаспақ тұрмақ дауыс шығаруға шамасы жоқ бота тірсек Тілеш, жаңа тапқан сөйлесу тәсілімен екі-үш рет «тұр» деп көріп еді, анау еріне қозғалғаны болмаса, тұратын рай танытпады. Байдың шолжаңы құсап жатқан құрдасына сол сәт ызасы келген Тілеш қарын тұстан теуіп кеп қалғанда шермиіп тұрған қарын қорс етіп жарылды. Селк ете қалған Олжабай кептердікіндей қызыл көздерін бұларға қадап жатқан күйі жан тәсілім етті. «Жан азабымды жеңілдеттің ғой, қош, Тілеш» деген ойы ап-айқын естілді. Екеуі де мына сұмдықтан үрейленіп қалған. Әсіресе, Тілеш. Баяғы жаймашуақ кез болса, бұлар аңырап тұрып жылап, қақырап тұрып қайғырар ме еді?! Өкінішке қарай, аяушылық сезімдері түбегейлі өліп, өмір үшін күресу, жан сақтау сезімдері оянып, айқұлақтанып келе жатқан. Әбден арып, шөккен мәйітті бүктеп жатқызып, екеулеп жүріп бес-алты таспен бастырып кете барды. Мүсәпір халдеріне қарамай, «аманатқа қойдық» деп уағдаласты.

Күн жүріп, бір құздың етегіне келгенде тағдыр бір жарылқады. Әуелі қыран тояттап, артынан ит-құс той тойлаған бір мақлұқаттың әр жерде шашылған сүйегін көріп, екеуі де екпеттей жатып кеміріп, бір сүйектен екіншісіне бауырлап жылжыды. Тіпті жіліншіктің майына дейін шағып жеді. Кішкене тойынғаннан кейін барып, «еш жануарға ұқсамайтын бұл не мақлұқат болды екен?» деп ойлана бастады да, ол райларынан тез қайтты. Бұның адам денесі екенін, тіпті өзіне жақын, немере інісінің етін жегенін, қалған өмірін осы сүйекті іздеумен өткізген Сыпатай жетпіс бес жасқа келіп, асылып өлгенше сезген жоқ. Сезбейтін де жөні бар. Бір уыс мәйітті бауырына басып жеп отырған бүркітті бір үйірлі шибөрі қау­малап үркітіп, мәйітті жұлмалап тастаған. Бұл құлан түстес құла далада жортқан тышқан кезікпейтін болғалы бүркіт те азғындап, өлексеге үйірсектеп, жан сақтап жүр. Қайта келіп тоят іздегенде еншісіне көзі, мұрыны, құлағы, тіпті, құйқасына дейін мүжілген бас қана тиген. Ел ақымақ хайуанға жатқызса да, бұл мына баста әлі де болса бір жұтым астың барын сезді. Зәу биікке көтерілді де, жақпар тасты нысанаға алып, тастай салды. Анасының жатырынан шығу үшін қысылып, қайта құралған бас сүйек тура сол жіктерінен қарс айырылды.

Екеуі сүйек-саяқ мүжіп, ішіне «ел» қонғаннан кейін аз-кем қайымдасқан бетте үнсіз сөйлесу қасиетінен айырылды. Мейлі деп қоя салған. Әңгімелесуге екеуі де құлықсыз. Отырған жерлеріне жата-жата кетті. Түн ортасында бота тірсек Тілештің күбірлеп сөйлеп жатқанын естіді. «Бұл да сандырақтайды екен-ау» деп құлақ түрген. «Ертең аштыққа шыдармын. Одан кейін қайтем? Мынаны жемесем, болмайды… Тілеш…» – деген сөзін ап-анық естіді. Осыдан кейін серігінің әр-қимылын бағып, түн баласы ұйқы көрмей шықты. Таң ата бота тірсек Тілештің тағы да үнсіз сөйлеп тұрғанын көргенде оның ешкіммен ақылдаспағанына, тек үнсіз сөйлесу қасиеттерінің қайта оянғанына көз жеткізді. Бұл оған қуана қойған жоқ. Ойша сөйлесу сілесін қатыратын аштықтың сахих хабаршысы екені даусыз еді.

Екеуі одан бері де екі күн жол жүрді. Осы екі күн бойы қас-жауына айналған Тілештен көз алған жоқ. Үнемі артында жүреді. Бір жерге аялдаса, алыс отырады. Кеше иесіз қалған ауыл үстінен өткенде тінткілеп жүріп, кездік тауып алған. Көңілге медет сол. Тілештің бұны жайратып жемек ойы әр адым сайын айқындалып келе жатқан. Екеуі үнсіз сөйлесуді қойған сәтте ол өз ойын күйттеп кететін де, бұл соны жаудың шифрін шешкен жауынгер құсап, шумақтап жинап келе жататын. Кез келген қамсыз сәтте оның қарнынан бір-ақ шықпақ. Екеуі иесіз қалған бір тас қораға кеп тоқтады. Бұрын дәулеті асқан бір байдың үйі деп шешті. Бота тірсек Тілеш салған беттен бүк түсіп, ұйықтап қалды. Сыпатай қанша қалжыраса да, ұйықтамауға бекінді. Кездікті мықтап ұстап, өткен өміріне саяхаттай жөнелген ойын «қазір мен сені…» – деп сілекейі шұбыра сөйлеген бота тірсек Тілештің сөзі бөліп жіберді. «Қамсыз қалдым ба?» деп шошып кеткен бұл мысықша атылып, бүк түсіп жатқан денені піскілей бастады. Піскілеген жері пырс етіп жарылатын секілді. Бота тірсек Тілеш әуелде не болғанын түсінбей қалғандай. «Бұның не, Сыпатай?» – деді үнсіз сөйлеп. Осыны қайталай берді. Сыпатай мына ойдың әуезі алдыңғыдан басқа екенін сонда білді. «Бұның не?..» деген сөзден жаны алқымға тіреліп, тұншығып барады. Арын шымшып ұстап, шыңғыртып отқа шыжғырып жатқандай. «Аштықта ар болмайды» дегені әдірам екен. Өңешін көктеп өтіп, шыңырау түптен «аһ» деген дыбыс шықты. «Бұның не, Сыпатай?» деген ой алдыкүнгі түнде талмаусырап жатып өзі естіген ойдан да, «мен қазір сені…» деген қауіптен де бөлек. Басқа. Қараса, бота тірсек Тілеш: «Бұның не?» – дегенді ақырғы қуатын сарқып, еріндері әрең жыбырлап айтып жатыр екен. Бұдан арыға шыдамады. Тамағын орғылай бастады. Орғылап жатып беті қызарғандай болды. Тіпті бетінен қызылжалқын нұр жерге тамып кеткендей. Кескілеп жатыр. Сонда да «бұның не?..» сөзі басын денеден тұтастай ажыратып тастағанша тоқтаған жоқ. Көзі қарауытты. Сылқ етіп отыра кетті. Бір есін жиса, ауқаттан кейін жуынған мысық құсап қанға малынған алақанын жалап отыр екен. Біреу сақ-сақ күлді. Бағанағы дауыс – осы. Оның өз ішінен шығатынына көзі енді анық жетті. Қу жанды сақтау үшін миы құрғырдың осынша айлаға барарын кім білген? Ең ұлы жыртқыш адамның ойы деген кесім жасады жөпелдемеде. Бұның бойына өздігінен бір қуат пайда болғандай. Құдайды қарғап отырып, «неге мені Құдай жаратты, менің неге өз таңдауым жоқ, неге менің бар тағдырым менсіз шешілуі керек?» деген сауалдарға далбасалап жауап іздеді. Әрине, Құдай оған жауап қатқан жоқ. «Тәңірімен ойша сөйлесуге бола ме екен?» деп сұрады алдындағы бастан. Әлдене есіне түсіп, селт етті. Бұл өзінің аштықтан алжасып кеткенін сонда ұқты. Бірақ қай кезден бастап алжасқанын есіне түсіре алмады. Қай кезде алжасты? Ол осыны ойлап, өткен уақытқа қарсы бағытта жүре берді. Жүре берді…

0 пікір