Бір уыс мейірім
Бір уыс мейірім
7 жыл бұрын 6915
Батырхан СӘРСЕНХАН, Халықаралық «Шабыт-2014» фестивалінің Гран-При иегері

 

Аңсар

                              ..сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін.

                                                              Пренс Отто Вон Бисмарк

Сен жоқсың,
бəрі де бар жер бетінде,
Сезім бар сеңгір көкті тербетуге.
Ақ үйлер ақша бұлтпен табысуда,
Сəбилер ертеректеу ер жетуде.

Сен жоқсың,
көпіру бар мəнсіз-мəнді,
Жүрек шерлі, бүгін де жан сыздаулы.
Қанша арманның қанаты қақ бөлінді,
Қанша үміттің сыңары жарсыз қалды.

Сəт сағаттар соғылды тасқа барып,
Өзі ілген есігінде бос қамалып.
Баланды ауыштыққа,
сезімталдық,
Сұлулыққа баланды масқаралық.

Жылау ма,
жұбану ма, күлісу ме?
Бал арасы сыңсиды гүл ішінде.
Арнамақ адамзатқа
ол ғұмырын,
Ал, менің, бал ғұмырым кім үшін де?

Сен жоқсың,
бұлттар бар бөз оранған,
Мың сұрақ алақанын жазады алдан.
Көшелер өкшелеген бірін-бірі,
Күрсінген,
күңіренген,
тазаланған.

Өзге өмір
өзгермеген тек құбылам,
Көкжалдай күңіренсем көкке ұлыған.
Сен жоқсың,
ей, Мұхаммед, сағынышым,
Бəрі де сендік Мейір жоқтығынан!

 

Анамның үнсіз жылап тұрғаны...

Дауылды дауыл басып көрген бе,

Жолбарыстанып жасықтар жерде.

Шашынан сырғып ақ орамалы

Көрші әйел үйге қашып келгенде,

 

Күрсініп, анам жылады:

Жынды су деді, кінәлі.

 

Себеп те таппай кісіңді ақтауға,

Сәбидей қолы үсіп жатқанда,

Алпамса жігіт ақырып төніп,

Әкесін сабап тісін қаққанда,

 

Жабығып, анам, жылады:

Жынды су деді, кінәлі.

 

Жамаусыз көңіл қазақта бар ма,

Панасыз қайтсін көзі ақпағанда,

Бейкүнә жанды тағдырдың өзі,

«Жетімек қыз» деп мазақтағанда,

 

Қосылып,анам жылады:

Сол деді тағы, кінәлі.

 

Өмірдің мәні, мұраттың мәні,

Кеудеме толып сұрақтың бәрі.

Ішімдік көрсем, түседі еске,

Анамның үнсіз жылап тұрғаны..

 

АНА ҚАСҚЫР

Солтүстіктен самиян самал есіп,
Сызықтар мен түзіктер барады өшіп..

Неліктен мына бұта жалаңаш тұр?
Қасіретке душар ма, қара басқыр.
..Қашып кеп ажалынан бой тасалай,
Жарағашқа тірелді Ана қасқыр.

Қалды кенет,
қорқаулар құрсауында,
Шарасыздық салмағы мұнша ауыр ма?
Құзғын жыртқыш ғұмырдың, соңғы үміті -
Бөлтірігі болатын құрсағында.

Қанды тілін қайыра шайнап төніп,
Қаратасқа азуын қайрап келіп.
Іштегі өмір үшін, сыртқа сыймай,
Сәбиі үшін, тұрды Ана, айбат шегіп!

Осып өтіп, тырнағы хас тарланға,
Қан аралас жанардан жас тамғанда.
Ар үкімі қалықтап асқарларға,
Тіршіліктің күресі басталғанда,

Дүние жатқан шақта көшіп алда,
Осы тәулік,
осы сәт, 
осы маңда.
Аңырап бесік мола, кілең, төбе,
Адамзат деп аталар ұлы өлкеде.
Қарайып күн шатқалы,
Қарайып қырға біткен гүл шоқтары.
Жатқандай жын соққалы,
Сәбиін алдырмақ боп құрсақтағы.
Қаралы әйел!
кем түсер қай ғаріптен,
Туа сала өлімді ойланып па ең?
Ойланып па ең бітер деп сәтте арасы.
Жазықсыз перзентінің бойға біткен,
Тағдырына тас атып жатты Анасы..

Неліктен бесік іші жалаңаш тұр?
Қасіретке душар ма, қара басқыр.
Тасқа біткен жүрексіз мына, әйелге,
Жүрегіңді берші сен, Ана қасқыр?!

Табиғаттық тылсымға таңдай қағып,
А, Құдай, 
кетсем бе екен, Аңға айналып.
Қазулы кеуделерге қөрге айналған,
Ақсиып азу тісім, 
шамдай жанып!

 

АРМАН

Жанып-өшкен ғұмырын бір адамның,
Келді менің Құдайдан сұрап алғым.
Жазатайым от басқан алақанын,
Жанарына бүркесем жылағанның.

Қол көтерген жарына, бір ағамның,
Келді менің қолдарын сұрап алғым.
Қанға малған саусағын таңға малып,
Қолтығына сүйесем құлағанның.

Етігімен баз кешкен бір адамның,
Келді менің аяғын сұрап алғым.
Таяғына сүйенген тағдырлас жан,
Соқпағында тік тұрса бұралаңның.

Көңіліне кек тұнған бір адамның,
Келді менің жүрегін сұрап алғым.
Кеудесіне сыйлар ем, сол Жүректі,
Кіршіксіз ұнатқанның, ұнағанның..

 

БІР УЫС МЕЙІРІМ

Бір уыс,
бір-ақ тамшы,
бұлақты аңсап,
Құлады жасыл терек,
бүр атқанша.

Бір уыс,
бір-ақ қарыс сенімде әлем,
Сол ғана биіктігің сенің менен.
Көз ішіне сыймаған құбылысты,
Сеніміңнен көрем де көңілденем.

Түнеу күн алаң тұсқа беттей барып,
Күрсініп,іштей ғана көп қиналып.
Белгісіз жас келіншек жылап тұрды,
Бір түйір жан жылуы жетпей қалып.

Түнеу түн барша өмірден алыс қалып,
Берген серті өзіне табысталып.
Еңкілдеп құрбы жігіт тұрды жылап,
Бір ғана,
"кешір" деуге намыстанып.

Бір үміт,
бір әлемге жол салатын,
Құрдастай шешіп берген қол сағатын.
Маралдың жанарындай дүниені,
Менше ұға алмай келеді қаншама ақын.

Жылдардың жас боп аққан жылғасымен,
Жүз атты керуендей құмға сіңген.
Алып асқақ таулардың тұлғасымен,
Бір ғана Мейір қалар,
бұл ғасырмен!

 

Бір күндер болады...

Бір күндер болады,

Күлкі білмейтін.

Бір түндер болады,

Кірпік ілмейтін.

 

Бір сезім болады,

Сыр ақтаратын.

Бір әзіл болпды,

Жылап қалатын.

 

Бір бауыр болады,

Серік болмайтын.

Бір ауыл болады,

Көлік бармайтын.

 

Бір сырың болады,

Бөліске – жетім.

Бір шылым болады,

Теріс шегетін.

 

Бір уайым болады,

Тас та жылайтын.

Бір қайың болады,

Басқа құлайтын.

 

Бір бақыт болады,

Түкірген көбі.

Бір уақыт болады,

Күтіңдер мені!

0 пікір