Хакімдер айтады...
Хакімдер айтады...
4 ай бұрын 3816 islam.kz/

Хакімдер айтқан:

«Үш нәрсе жайында ойланба:

  • Кедейлік жайында ойланба. Қайғы-мұңын артады, дүниеқоңыздық пайда болады.

  • Қиянат жасаған адам жайлы ойланба. Жүрегің қатаяды, кекшілдігің артады және ашушаң боласың.

  • Дүниеде ұзақ ғұмыр кешу жайында көп ойланба. Дүние жиюді жақсы көріп кетесің, өміріңді құр бекер өткізіп аласың және әрдайым ісіңді ертеңге қалдырасың да жүресің».

Хакімдер айтады:

«Даналық төрт нәрседе оянады:

  • Дүниелік уайымдардан ада дене.

  • Дүниенің тамағынан бос асқазан.

  • Дүние нығметтерінен ада бос қол.

  • Дүниелік өмірдің ақыры жайлы ой жүгірту, яғни пенде өз ісінің соңы немен тынарын, өмір жолының түбінде өзін не күтіп тұрғанын ойлау».

Хакімдер айтады:

«Кісінің шынайы тәубе еткендігінің белгісі төрт нәрседен белгілі:

  • Тілін ғайбаттан, боссөзден, өтіріктен сақтайды.

  • Жүрегінде дұшпандық пен іштарлық болмайды.

  • Нашар жолдастардан ұзақ тұрады.

  • Өлімге дайын болуға талпынады, өткен күнәларына шын өкініп, үнемі құдайдан кешірім сұрап жүреді және Раббысына бойсұнуда табандылық танытады».

Кейбір хакімдер былай деген:

«Жүректің өміршендігі төрт нәрседен тұрады:

  • Білім.

  • Ризалық.

  • Азға қанағат.

  • Зүһд (дүниеге қызықпау)».

Сондай-ақ хакімдердің бірі былай деген:

«Төрт түрлі адам бар, оларда шынайы бақыт жоқ.

Біріншісі – Пайғамбарға (Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға сараңдық ететін адам.
Екіншісі – азаншының дауысына жауап бермейтін адам (азан шақырғанда намазға мешітке бармайтын).
Үшіншісі – біреу жақсылыққа мұқтаж болып, көмек сұраса да жәрдемдеспейтін адам.
Төртіншісі – намазынан кейін өзімен қоса, мүміндер үшін дұға жасауға ерінетін адам»1.

 


1 Имам Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».

0 пікір