Халифа Әбу Бәкірдің (р.а.) өсиеттері
Халифа Әбу Бәкірдің (р.а.) өсиеттері
7 жыл бұрын 3581
Халифа болған кезде Әбу Бәкірдің халыққа тастаған үндеуі

Уруа әңгімелейді: «Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) халифа болған кезде, ел алдына шығып сөз сөйледі. Аллаға мадақ айтып, шүкір еткеннен кейін, былай деді:

– Ей, адамдар! Араларыңдағы ең абзалың мен едім деп айта алмасам да, басшыларың болдым. Бірақ Құран түсті. Алла елшісі (с.а.у.) мұны сүннетімен өмірлік ұстанымына айналдырды. Ол бізге Алладан қорыққан кісінің ең ақылды әрі бақытты, ал қарсы шыққанының ең ақымақ әрі бақытсыз болатынын үйретіп кеткен. Нақақ күйіп, жәбір-жапа көрген адамның қадірі мен үшін жоғары. Ал біреудің ақысын жеп, айылын жимаған адамның мен үшін қадірі жоқ.

Ей, адамдар! Мен Алла елшісіне (с.а.у.) мойынсұнғанмын. Оның сүннетінен тыс тыңнан жол салудан аулақпын. Жақсылықта маған жәрдем етіңіздер. Ал ақиқаттан аттап, әділетсіздік істесем, туралықты көрсетіңіздер. Менің айтатыным әзірге осы. Сіздер және өзім үшін Алладан мағфират тілейтін боламын.

Хазірет Әбу Бәкірдің тақуалық пен ақыретке әзірлік жайындағы насихаты

Абдуллаһ ибн Укәйм (р.а.) айтады: «Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) бізге былайша үгіт-насихат жасады:

- Алладан қорқып, оған лайықты мақтаулар айтыңыздар. Үміт пен үрей арасында орта жолдан – алтын арқаудан айырылмай, Аллаға көп дұға етіңіздер. Алладан қалағандарыңызды сұрауда табандылық танытыңыздар. Себебі Алла Зәкәрия мен отбасын осы үшін мақтаған болатын. «Шынында да, олар қайырлы істерге ұмтылады. Үміт пен үрей арасында жүріп, бізге жалбарынады және шын көңілімен құрмет көрсетеді (Әнбия 21/90)».

Мынаны да біліп алыңыздар, ей, Алланың құлдары! Алла өз ақысы үшін сіздердің нәпсілеріңізді кепілдікке алған және бұл үшін уәделеріңді де алған. Алла мәңгілік нығметіне, сіздердің өтпелі және фәни игіліктеріңізді сатып алғысы келеді. Қолдарыңыздағы Құранның тәпсірі қияметке дейін өз маңызын жоймайды және нұры да семіп, сөнбек емес. Оның айтқандарын растаңыздар. Әмірлеріне мойынсұныңыздар. Қараңғылық төнбес бұрын оның сәулесін пайдаларыңызға жаратып қалыңыздар. Алла сіздерді өзіне құлшылық ету үшін жаратты. Сіздердің жақсы-жаман амалдарыңызды жазуды Кирамән Катибин періштелеріне жүктеді.

Ей, Алланың құлдары! Біліп қойыңыздар, сіздер ерте ме, кеш пе, қашан келетіні сіздер үшін беймәлім бір ажалдың алдында тұрсыңдар».

Нуайм ибн Нәмханың (р.а.) айтуы бойынша: «Әбу Бәкір (р.а.) бір сөзінде былай деген еді: «Алла разылығы үшін айтылмаған ешбір сөздің қайыры болмайды. Алла жолында жұмсалмаған дүниеде де қайыр жоқ. Білімдімін деп көкірек керетіндерден де қайыр жоқ. Алла ризалығы үшін істейтін істерде адамдардың сынап-мінеуінен қорыққандардан да қайыр болмақ емес».

Амр ибн Хазмның немересі Әбу Бәкір ибн Мұхаммед әңгімелейді: «Әбу Бәкір (р.а.) бір әңгімесінде Пайғамбарымыздың мына бір сөзін жеткізді: "Кішіпейіл болып көрінетін екіжүзділіктен Аллаға сиыныңыздар", – деді Алла расулы бірде. Мұны тыңдап отырғандар: "Уа, Расулаллаһ! Кішіпейілділік болып көрінетін екіжүзділік қандай болмақ?" – деп сұрады. Сонда Алла елшісі: "Сырттай жақсы көрген болып, кішіпейілділік танытып көлгірсігенімен, жүрегімен жек көріп, екі жүзділік жасау", – деді».

0 пікір