"Кедей ел ырымшыл келеді...": ауылдың сыйлы бәйбішесінің айтқаны
"Кедей ел ырымшыл келеді...": ауылдың сыйлы бәйбішесінің айтқаны
3 ай бұрын 7671

Орта жүздегі Əз Тəйтеке бидің үрім – бұтағы, аулының игі жақсыларымен оннан аса кісі өрдегі Қуандыққа жолаушылап барыпты.

Ыстық шілде күнінде шаңқай түсте бір ақ үйдің сыртына тұра қалып, сөйлес қылса, адам шықпаған соң өздері кіріп келіп отырысыпты. Бəйбіше жөн сұраған жоқ. Бұлардың шаңырқап келгенін көріп, орнынан əрең тұрып, зорға қозғалып барып, сабаны пісіруге мұршасы келе алмағандықтан аяғымен толқып, «балалар біреуің келіп шараны аузына тоса беріңдер», - депті. Сонда бұлар мырс – мырс күліп жіберіпті, - дейді.

Бұлар қымыз ішіп кенеліп, маңдайлары терлесіп, өздеріне өздері келіп болған соң, бəйбіше баяулап, қоңырлап сөйледі дейді:

─ «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра», деп еді, бабалар! Мына мен қымыз құйып жатқанда күлдіңдер - ау, сонда неменеге күлдіңдер? - дейді. Онда олар айтады:

─ Сіздің сабаны аяғыңызбен толқығаныңызға күлдік.

─ Оның несіне күлдіңдер?

─ Біздің жақтың қариялары асты аяғымен тепкен ырымға жаман деп ұрсып тастаушы еді. Мына кісі ырым-жырымды білмейді екен-ау деп, өзіміздің жақта көрмеген нəрсеміз болған соң, бізге ерсі көрініп, соған күлдік, - дейді.

─ Балалар, бұрынғының мақалын естіген жоқ екенсіңдер, «барында батып іш, жоғында сатып іш, тəңір беріп тұрғанда, шалқаңнан құлап жатып іш». «Дүние деген шіркін кетер болса, өпкеніңмен келмейді, бері беттеп келер болса, тепкеніңмен кетпейді». «Кедейлер ырым етер, ырымы қырым кетер» деген екен, ырымшыл болсаңдар елдерің кедей екен ғой, кедей елдің кісісі кекірт келеді деген бекер емес қой» дегенде бұлар дəнеме айта алмай ұялып қалыпты. 1 9 1 8 ж.

Сұлтанмахмұт Торайғыров, "Очерктер, мақалалар, хаттар"

0 пікір