"Маңдайың тиген қара жер, куәлік етер сол күні..." (өлең)
"Маңдайың тиген қара жер, куәлік етер сол күні..." (өлең)
1 жыл бұрын 2975
Меруерт Мұхамадиева

Еске алса Хақты жүрегің,

періште тұрар қорғалап,

Алласыз өткен әр күнің-қасірет, түнек, тор-қамақ.

Ғапылда қалған жүрегің

шайтанмен әуес болған соң,

Айналып кетер бір мезет, керуендей көшіп, сорға бақ.

 

Рухыңның мәңгі аңсары-

Жаратқан Хақты іздейді,

Еске алмай  өткен мезетің-сары уайымы көп күз дейді.

Қан тамырыңдағы

қас шайтан ғапылда қалған жүрекке,

Сыбырлап сайқал үнменен:

"Құдайдан үміт үз", -дейді.

 

Жинасаң-дағы қызығын

күллі ғаламның бұрыштап,

Сыйламас аңсар рухыңа жан жылуын дұрыстап.

Жалығу деген бір іс бар

пенденің бүкіл болмыста,

Иеленсең-дағы  ғұмырдан орныңды ойып, ұлыс, тақ.

 

Алланы жанмен еске алу-

рухыңның аппақ жалауы,

Тура жол саған бір тарту, Раббыңның ұлы қалауы.

Тоңдырмас енді тірліктің

мұз құрсаған тарауы,

Өртемес енді үміт ет тозақтың өшпес алауы.

 

Жүрегің сенің қауырсын,

желменен тұрған тербеліп,

Қауырсынды қозғайды тараптан соққан жел келіп.

Қаттылық болса жүректе

еске алу Хақты ерітер,

Шипасы болған Құранмен жүрейік бірге емделіп!

 

Сәждеде болған ұлы сәт,

Алла пен құлдың арасы,

Жақындай түсер мезеттің қасиетіне қарашы!

Маңдайың тиген қара жер,

куәлік етер сол күні,

Сәждешіл жанның болмайды

 рухында ешбір наласы.

 

Алланы еске ал жаныңмен,

періште тұрар қорғалап,

Мейірім  төгер басыңа, көрместен рухың зор қамақ.

Алла да сені еске алар

 құзырында Өзінің,

Дауасы жанның Құранда, амалы дара сол ғана-ақ.

Иман да киім тәрізді

жаңартып оны әрдайым,

Алланың нұрын аңсаған рухыңа болшы қолғанат! 

0 пікір