ОРАМАЛ (өлең)
ОРАМАЛ (өлең)
5 ай бұрын 3949 islam.kz/
Төреғали Тәшенов, ақын

Мазаң үнмен тырна қатар тізді көп,
Барады ұшып көңіл төрін сүзгілеп.
Жаңа жуған орамалды жаюлы
Баяу ғана желпіп өтті күзгі леп.

Жайбарақат жаюменен тілегін,
Бояуы оңа бастаған-ау, білемін.
Жасырады шаршы орамал жалаудай
Жайып тұрар бір кездегі гүл өңін.

Түні бойы көз жасымен шайылып,
Жаңа ғана ілінгендей жайылып.
Қайта-қайта бір ұшын жел қайырып,
Жұлқылайды тастайтындай айырып.

Төкті жаңбыр... тентек тамшы жиі атты,
Сынық көңіл терезеге құлапты.
Көрінеді кеппей қалған орамал
Жылатып ап, жұбатпаған сияқты.

0 пікір