РАХМЕТ САҒАН, КОРОНАВИРУС!
РАХМЕТ САҒАН, КОРОНАВИРУС!
4 жыл бұрын 12383
Аударған Билал Халматов

Алланың атымен бастаймын! Аллаға сансыз мадақ, Пайғамбарымызға салауат пен сәлем болсын!

КОРОНАВИРУС, сен көзге де көрінбейтін кіші бір жаратылыссың. Бірақ соған қарамастан дүниені дүр сілкіндірдің. Шекаралар да, әскерлер де, әскери техника да сенің алдында әлсіз қалды.

Саған таңырқаудамын коронавирус! Неге дейсің ғой?

Бүгін бәрі сенен қорқуда, абайлауда, зияныңнан сені жазғыруда. «Сенен сақтанбасақ өлім құшамыз» деп, сені жек көруде. Мен де уайымдаудамын. Зияныңнан Алладан пана сұраймын! Ілім-білім алуымыз тоқтап, мешіттегі жамағат намаздары мен жұма намаздарымыз тоқтап қалғаны үшін сені жазғырудамын, бірақ бір ақиқатты айтуым керек: құлақ салсаң, саған алғысым бар. Неге дейсің бе?

Біз Раббымызды ұмытып, дүние қызығына белшемізден батып кеткен едік, сен бізге Раббымызды есімізге салдың. Рахмет саған, коронавирус!

Сен бізге әлсіздігімізді ұқтырдың. Біз білім мен күшімізге сеніп, барлығы өз қолымызда деп, тәкәппарланып кеткен едік, шынымды айтсам, тек қана «Мен Құдай »- деген сөз аузымыздан шығу ғана қалған еді, мұны сөзімізден болмаса да ісімізде көрсеттік. Ал, қазір ше? Еш шарасыз, көзге көрінбейтін мақлұқ алдында әлсізбіз. Пенде екенімізді түсіндік. Рахмет саған, коронавирус!

Біз өлімді ұмытып, мәңгі өмір сүретіндей күй кешіп, зұлымдыққа, зинаға, ойын-күлкіге берілген едік, бізге өлімді еске салдың, біразымыз өз-өзімізге назар салдық, біразымыз тәубе етіп, тоқтадық. Рахмет саған, коронавирус!

Біз адамдар бір-бірімізге дұшпандық жасап, бір-біріміздің қанымызды төгу әдеттегі жағдайға айналған еді, ал қазір ше, бір метрден жақын тұра алмаймыз, бір-бірімізге абайлап қарап, мейіріммен көмектесудеміз. Мейірімге мұқтаждығымызды түсінгендейміз! Рахмет саған, коронавирус!

Біз жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтаруды тәрк еткен едік. Зинақорлық, парақорлық, харам істер күнделікті өмірге етене араласып та кеткен еді. Тіпті бұл істерді «мәдениеттілік» деп те атай бастадық. Адамдарға біз жасай алмаған, оларды біз тыя алмаған істерден сен тыюдасың және бұл тыйымды керемет орындаудасың, бұл нәрсенің сенің қолыңнан келетінін дәлелдедің. Рахмет саған, коронавирус!

Сенен қорыққанынан маскүнемдер арақтан, зинақорлар зинадан, бұзақылар бұзықтығынан тыйылды. Олар Алладан қорықпаса да сенен қорқып жамандықтарын тәрк етуде! Еркек пен әйелдер араласып, көңіл көтеруден де тыйылды, тіпті олар бір-біріне жақын келуден де қорқып қалды. Сен олардың барлығын үй-үйге қамап, өз отбасыларына қайтардың. Рахмет саған, коронавирус!

«Өмірге бір рет келесің, ойнап күліп, рахаттанып қал» деген бұзық ұранға алданып, пенделік нәпсісін қандыру жолында өмірін сарп етіп жатқан адамдар да тынышталып қалды. Бұл сияқты өтірік ұрандар миымызды улағанын енді сезіп жатырмыз. Рахмет саған, коронавирус!

Бұрындары жаман істерді тоқтату жолында жақсылыққа шақырсақ, аузымызға құм құйып, бізді мәдениетсіздікпен айыптап, жеке бас табынушылығына балап, түрлі айыптар тағатын. Саған болса ешкім, ләм-мим демеуде. Сенен сақтану үшін барлық істерді атқаруда. Барлығын тізерлеттің ғой сен, коронавирус!

Саған таңырқаудамын, коронавирус!

«Әйелдер өз зейнеттерін, ұятттарын жапсын, болмашы іс үшін, сыртқа шыға беруі жақсы емес, олар көбіне үйде болып, бала тәрбиесімен айналыссын» деп қанша айтсақ та бізге ешкім құлақ аспайтын. Сен болсаң барлығын бір күнде үйлеріне қамап қойдың! Рахмет саған, коронавирус!

Ибалы әпке-қарындастарымыз ұятын жауып бүркеніштерін жапса, оларды жау көретін. Енді міне, олар тіпті бетперделерін жауып, ұят емес жерлерін де жасыруда. Бағзысы сенен қорқып, бағзысы Раббысының әмірін орындауда. Бүгін ешкімде, еш жерде, орамал дауы, бүркену дауы жоқ, бәрі өзімен-өзі әуре. Неге бұрын да осылай әркім өз шаруасымен айналыспады екен?! Бұндай да болады екен-ау, ә! Рахмет саған, коронавирус!

Сен барлық адамзатты пәктікке, тазалыққа мәжбүрлеп қойдың. Жан деген шіркін, тәтті ғой. Әркім қолы мен бетін жуып жиі, мұрны мен аузын шайқап жүретін болды. Негізінде бұл дәреттің формалары еді, біздің мәдениетіміз, қадір-қасиетіміз осылай еді, тек ұмытылудың шегіне жеткенде сен барлығымызға ескерттің. Сен арқылы ұмытып кеткен біраз мұсылманшылық мәдениетімізді еске алдық. Рахмет саған, коронавирус!

Исламдағы тазалықтың қадірін өзіміз де білмейді екенбіз. Бүгін мұсылман еместер де аурудан сақтану үшін Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) 1400 жыл бұрын үйреткен дәретін айтып таңырқауда. Біз оларға айтып жеткізе алмағанды бүгін сен жеткіздің, тіпті ұқтырып,  амал еткіздің. Рахмет саған, коронавирус!

Біз кітап оқымай қойған едік. Кітаптың пайдасы мың жерден айтылса да, мән бермедік. Бүгін амал жоқтан болса да кітап оқудамыз. Паһ шіркін! Кітап оқу бұл сезімдердің төресі екенін қалай білмегенбіз? Жанымыз біраз шөлін қандыруда. Рахмет саған, коронавирус!

Сен әкелереді балаларына, аналарымызды отбасыларына қайтардың. Ажырасу белең алған уақытта сен оларды бірге болуға үндедің. Қазір балаларымыздың тәрбиесімен бірге шұғылданудамыз. Рахмет саған, коронавирус!

Сен қоғамның кімдерге зәру екендігін ұқтырдың. Жұлдыз атағын алып, абыройсыздардың арасында абыройлы атанып жүрген «псевдожұлдыздардың» шынайы келбеті көрініп, кітаппен білімнен нәр алған білімді мамандардың нағыз жұлдыз екенін дәлелдеген де бұл сен, коронавирус! Қай мамандықтарға басымдылықты көбейтуді ұқтырдың, әрине, егер дұрыс қорытынды шығарып, іс жүзінде дұрыс қолдана алсақ. Рахмет саған, коронавирус!

Қалалардағы айқайлар, дөрекіліктер, төбелестерден де әбден шаршаған екенбіз. Өз-өзімізге зұлымдық жасап жүрген екенбіз. Сен жариялаған карантин біраз тыныштықты ұқтырды.Тіпті көшелер, дем алып жатқан ауамыз да тазаланып қалды. Рахмет саған, коронавирус!

Дұға етуді де ұмытқан едік. Дұғаны тек іс түскенде немесе кісі өлгенде жасайтын дәрежеге жеттік. Басымызды күн шалса дұғаны тоқтатып, шүкір де айтпайтын болдық. Сенің зияныңнан қорқып ұзақ уақыт қол жайып дұға етуді, нығметтерге шүкір етуді үйрендік. Шын жүрекпен дұға етудің маңыздылығын түсінгендейміз. Рахмет саған, коронавирус!

Бүгін көпшілігіміз үйде отырып білім алып, Құран оқудамыз, намаз үйреніп, салауат айтудамыз, осылай сауап жинаудамыз. Жүректеріміздегі дақтар біраз ағарғандай. Бұл сенің үндемес насихатыңның арқасында шығар... Рахмет саған, коронавирус!

Адамзат өз басының мәселесімен әуреленуде. Сен бізге Қияметті ескерттің. Тек Алла үшін достасқандар ғана бір-біріне көмектесетін күнді есімізге салдың. Рахмет саған, коронавирус!

Қорыта айтсам, сен адамзатқа адамгершілікті, құндылықтардың маңыздылығын ұқтырдың. Тәкәппарлықтың шарықтау шегіне жеткен адамзатты біраз есін жинаттың. Құдай-ау тезірек өзің кетіп, бірақ ұқтырған құндылықтарың мәңгі қалса екен. Рахмет саған, коронавирус!

Бірақ барлығы бірдей емес, сенің ескертулеріңді ұқпағандар, оянбағандар бар, әлі де тәубеге асықпаған, бұзықтық батпағына батқан, жасырын күнәләрін тоқтатпағандар аз емес. Олар құдды бір тірілер арасында жүрген қабір иелері іспетті. Олар тағы нені күтуде? Әлде Қияметке асығуда ма?

Ашығын айтсам, коронавирус, зияныңмен бірге пайдаң да жоқ емес. Шынында,сен Раббымыздың бізге жіберген әскерісің.

Құдай Тағалам, Жаратушы Ұла Алла, сенің ескерткен сынағың бізге жетіп келді. Берген нығметтеріңді бір мезетте алып қойдың, біз шүкір етпеген едік енді қадіріне жетудеміз. Тәубе еттік бізді кешір, әскеріңді бізден аулақ еткейсің! Біз, Раббым Алла, саған тәубе етеміз күнәләріміз үшін Сенен кешірім сұраймыз!

Ей, коронавирус, айтқың келген сөздерің мен ескертулеріңді түсіндік. Раббымызға шын жүректен бойсұнамыз. Осыны күтсең, біз әлсіз пенде екенімізді ұқтық. Енді қайта берсең болады!

Рахмет саған, коронавирус! Алды-артыңа қарамай келмеске кете берсең болады!

 Дереккөз: Quran.uz 

0 пікір