Алжуды анықтайтын технологияны жасауға 172 млн доллар бөлінеді
Алжуды анықтайтын технологияны жасауға 172 млн доллар бөлінеді
5 жыл бұрын 2439 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қартаю процесі қарқын алғандықтан қарттарға тән аурудан азап шегетіндер қарасы артып  келе атқан Оңтүстік Корея билігі деменцияны, яғни, алжуды түрлі сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық технологияны жасау үшін алдағы он жыл ішінде 200 мыңдай вон, яғни, 172 млн доллар қаржы шығындауға бел буып отыр. Өйткені, қарттар қарасы көп таңғы шық елі аталған аурудан жыл сайын шығыны артып келеді. Бұл жайында кәрістердің Yonhap News ақпарат көзі аталған елдің денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, Оңтүстік Корея билігі 2020-2028 жылдар аралығында мемлекет қазынасынан 3 жобағы қаражат бөледі: оның аясында он төрт технология жасалуы тиіс. Бұл мақсатта аталған кезең үшін 198,7 млрд вон қарастырылған. Осы орайда статистикалық мына деректі көлденең тартуды жөн көріп отырмыз: өткен жылы аталған елдің 748 945 азаматының бойынан алжу белгісі анықталған. Бұл көрсеткіш 2060 жылы 4,4 есеге артып, 3 323 033 адамға жетпек. Осы заманғы неврологияда жасы ұлғайған адамның есінің кіресілі-шығасылы болуы қалыпты жағдай саналады. Адамның ұлғайған жасына, қарттыққа жатқыза салады. Десе де адамзат қартаюға бет алған бүгінгі таңда алжу (деменция) әлемдік деңгейде дабыл қағарлық мәселеге айналып шыға келді. Дамыған елдердің барлығында дерлік қарттар қарасы жылдан жылға тұрақты түрде артып келеді. Соған байланысты аталмыш дерттен зардап шегетіндер саны да өскен. Алжу сырқатына шалдыққандар қарасы дамыған елдердің барлығында жасы 65-тен асқандар арасында 10 пайыздан асып кеткен. Яғни, әлемдегі жасы 65-тен асқан әрбір оныншы қарт аталмыш дерттен зардап шегеді. Мәселен, бұл бағытта азаматтарының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына зор жауапкершілікпен қарайтын Оңтүстік кореяда алжыған адамдар қарасы 2024 жылы 1 млн-ға жетпек. National Institute of Dementia жасаған есебі мен келтірген дерегіне қарағанда, 2039 жылы аталған ел аумағындағы бұл дерттен зардап шегетіндер қарасы 2 млн, ал 2050 жылы 3 млн адамға жетпек. Отүстік кореяда жыл сайын алжу ауруымен күресуге бөлінетін қаржы, яғни, жұмсалатын шығын 20,74 млн вонға (18400 долларға) жеткен. Оңтүстік кореяда жасы 65-тен асқан қарт адамдарды емдеуге кететін шығын 2,3 трлн вонға, яғни, 2,03 млрд долларға жеткен.

0 пікір
Мұрағат