Еліміздегі тәуелсіздік алған жылдағыдан кейінгі түсік жасату хронологиясы
Еліміздегі тәуелсіздік алған жылдағыдан кейінгі түсік жасату хронологиясы
5 жыл бұрын 3953 Abai.kz Нұргелді Әбдіғаниұлы

Тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдан асты. Осы уақыт ішінде Қазақстанда барлығы 4 миллионнан астам түсік жасалыпты. Сенесіз бе? Төрт миллионнан көп. Түркістан газеті қай жылы қанша түсік жасалғанын рет-ретімен көрсетіпті. Трагедиялық көрсеткіш. Күнделікті «пәлен жерде түгленнің қызы түсік жасатыпты» деген суық сөзге де құлақ-етіміз үйренген. Сондықтан болар, аса ерен санамайтын сол бірді-екілі әңгіме, бүгінде үлкен цифрға айналған...

Бұл қаншалықты рас? Бәлкім есепте қателік кеткен болар дедік... Сөйттік те, интернеттегі ашық дереккөздерден ақпарат іздедік. Таптық. Ерінбей есептеп көрдік. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегі бәлкім басқаша сөйлейтін шығар, біздікі бейресми дерек. Десе де көріңіздер, міне:

1991 жылы – 260 000

1992 жылы – 350 000

1993 жылы – 295 000

1994 жылы – 260 000

1995 жылы – 225 000

1996 жылы – 194 200

1997 жылы – 156 800

1998 жылы – 149 200

1999 жылы – 138 197

2000 жылы – 134 100

2001 жылы – 136 800

2002 жылы – 124 500

2003 жылы – 128 000

2004 жылы – 129 495

2005 жылы – 125 654

2006 жылы – 130 599

2007 жылы – 133 097

2008 жылы – 123 992

2009 жылы – 113 320

2010 жылы – 106 074

2011 жылы – 95 288

2012 жылы – 95 654

2013 жылы – 84 265

2014 жылы – 83 709

2015 жылы – 80 000

2016 жылы – 79 000

2017 жылы – 95 000

Барлығы – 4 миллион 26 мың 944. Төрт миллион бала тумай жатып жатырында өлген. Қасірет пе – қасірет! Қазақстанның қазіргі халқының саны 18 миллионан сәл асады. Біз бейбіт күнде, оқсыз-қарусыз төрт миллион азаматымыздан айырылдық. Енді ойлаңызшы, Қазақстанға абортқа тыйым салатын заң қажет пе? Бұл туралы да пікір әр алуан.

16 жастап бастап түсік жасатуға рұқсат беру

Тақырыпты әрі қарай қаузайық, енді. Өткен жылдың соңында Елжан Біртанов тізгінін ұстайтын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі біртүрлі бастама көтерді.

Қыз балаларға 16 жастан бастап ата-анасының рұқсатынсыз жасанды түсік жасата беруді заңға енгізуді қоғам талқысына ұсынды. Яғни, 16 жастан бастап жасөспірімдер өз бетінше шешім қабылдап, ата-анасына айтпай-ақ, түсік жасатуына заң жүзінде рұқсат береді деген сөз, бұл.

Қазіргі заңнама бойынша кәмелетке толмаған қыз балаларға медициналық көмек көрсету үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі міндетті түрде керек. Ол қай заң дейсіз ғой...

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс. 2009 жылдың 18-қыркүйегі қабылданған. № 193-IV Кодекс.

 «Адамның ұрпақты болу құқықтарын қорғау» деп аталатын 17-тарауда, «Жүктілікті жасанды үзу» деп аталатын 104 баптың 3-бөлімінде: «Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K090000193_

Вице-министр Ләззат Ақтаеваның сөзі

ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева былай дейді:

«Жасөспірімдер 16 жастан бастап өз бетінше шешім қабылдайтын болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Қазір аяқасты бала көтеріп қалған қыздар көбейіп барады. Ал осы заң арқылы жүктіліктің ерте кезеңінде тиісті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді».

Министр Біртановтың сөзі

Министр Біртановтың өзі бұл мәселенің әлі қоғамдық талқылауда екенін ескерте келіп, «біздің 16 жасқа толған балаларымыз қазірдің өзінде өз бетімен шешім қабылдайды. Өздеріне кәсіби және жеке жауапкершілікті алуда. Сол секілді, медициналық жәрдемнің кез келген түрін алуға құқылы. Яғни, қазір біз оларды көп жағдайдан шектеп отырмыз» деген ауандағы пікірін айтқан.

Сондай-ақ, он алтыға толмай ойнас жасап жүрген жасөспірімдердің тәрбиесі туралы былай дейді:

«Бұл сұрақты маған емес, қоғамға қою керек. Біз қаншалықты өз балаларымызға тәрбие бере алудамыз... Егер біздің балаларымыз бізсіз-ақ, өз бетінше жыныстық қатынасқа түсіп жатса, біздің пікіріміз соншалық маңызды ма? Әрі қарай не істеу керек? Сондықтан, бұл сұрақты әркім өзіне қоюы керек...». 

Министр Біртанов, жаңа заң жобасының әлі талқылауда екенін, барлық пікірлер ескерілетінін айтыпты.

Департамент басшысы Айжан Есмағамбетованың сөзі

ҚР ДСМ, Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова былай дейді:

«Балалар медициналық көмекке жүгінген сайын ата-аналары қасында болуы міндетті емес. Бұл халықаралық талаптарға қайшы емес. Заңнамаға өзгеріс енгізілерде халықаралық тәжірбиелерге жүгінеді. Мысалы, мына тұрған Ресейде бұл жас категориясы 15 болып өзгертілген. Кейбір елдерде тіпті төмен».

Ықшамдалып алынды - ред. 

0 пікір
Мұрағат