Жалған диплом иелері екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады
Жалған диплом иелері екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады
3 жыл бұрын 3244 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Біріккен Араб Әмірлігі, байқасаңыздар, соңғы жылдары ғылым мен білімге және осы заманғы озық технологияға жете мән беріп, отандық ғалымдарға материалдық және моралдық қолдау білдіріп қоймай, сонымен қатар, шетелден де білікті маман тарту бағытында азаматтық беруге дейін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Өйткені, ғылымсыз, білімсіз, өнерсіз мемлекеттің дамуы мүмкін емесін түсініп отыр. Тіпті, мемлекеттің қауіпсіздігі де тікелей ғылым мен білімге байланысты. Осыны ескерген аталған араб елінің билігі жалған дипломмен өзгелердің бағын байлағысы келетіндердің алаяқтық әрекетіне тосқауыл қою мақсатында қатаң шара қарастырып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы thenationalnews.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Араб әлемінде алғаш болып, ислам әлемінде алдыңғылардың бірі юолып, ғарышты игеріп, айға қол созып қоймай, Марсқа аттанған әмірліктер бұл жетістіктерге ғылымы озық елдермен ынтымақтастық орнату, ғылымға молынан инвестиция тарту арқылы қол жеткізіп отыр. Аталған араб елінде ендігі жерде ваканцияға ізденушілер біліктілігіне қатысты жалған құжат немесе сатып алған диплом ұсынатын болса, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады әрі оған 500 мың дирхамға (136 мың доллар) айыппұл салынады. Заң жүзінде қатаң талап қою арқылы алаяқтардың жолын кесуді қарастыратын тиісті құжат жобасын қазіргі уақытта БАӘ-нің федералды ұлттық кеңесі қарастырып жатыр. Ал білместікпен немесе қателікпен жалған дипломға ие болғандар 30 мың дирхам айыппұл арқалайды және үш айға абақтыға жабылады. Депутат, яғни, федералды ұлттық кеңестің мүшесі (суретте – ред.) Насыр әл-Иамақидың айтуынша, лицензияланбаған шетелдегі оқу орындарынан дипломға ие болғандар да аталған заң бойынша қуғындалатын болады. Сондай-ақ, аталмыш заң жобасында жалған немесе жасанды құжатпен адам жалдаған жұмыс берушілерге де жауапкершілік пен жаза қарастырылған. Жұмыс берушілер мұндай заңсыздыққа барса, оларға 100 мыңнан 1 миллион дирхамға дейін айыппұл салынады әрі екі жылын түрме қабырғасында өткізеді. Ал білім алғаны жөнінде жалған құжат жасайтындардың ісі әшкереленсе, оларға 500 мыңнан 1 млн дирхамға дейін айыппұл салынады әрі екі жылға бас бостандығынан айырылады. Дипломның шынайылығын БАӘ-нің жоғарғы оқу орындарының министрлігі тексеретін әрі анықтайтын болады. 

Федералды ұлттық кеңестің мүшесі Насыр әл-Иамақи

0 пікір
Мұрағат