Нобел сыйлығының иегері Мұхаммед Жүніске айып тағылды
Нобел сыйлығының иегері Мұхаммед Жүніске айып тағылды
4 ай бұрын 488 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Бангладеште бейбітшілік саласы бойынша Нобел сыйлығын алған Мұхаммед Жүніс абақтыға жабылды. Дәлірегі, ол еңбек заңнамасын бұзғаны үшін алты айға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде ТАСС ақпарат агенттігіне жөн сілтеген IslamNews сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұхаммед Жүніспен бірге өзі құрған Grameen Telecom телекоммуникация компаниясының басшысы Ашрафул Хасан мен оның тағы екі қызметкері сотталды. Түрмеде жазасын өтеуден өзге олар 45 доллардан 227 долларға дейін айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот үкім шыққаннан кейін төрт айыпталушы да бірден кепілдікпен босатылды. Алайда, оларға тағы бірнеше ондаған бап бойынша айып тағылды. Мұхаммед Жүніс шариғатқа теріс әрекеті үшін әлемге әйгілі сыйлыққа ие болған. Яғни, 2006 жылы өзіне тиесілі Grameen Bank қаржы мекемесі арқылы елдің ауыл шаруашылықпен айналыстын аймақтарындағы кедей-кепшікке шағын несие беруді бастама етіп көтергені үшін бейбітшілік саласы бойынша Нобел сыйлығын «қанжығасына байлаған» еді. Десе де оның жер-жаһанды дақпыртымен елең еткізген қаржылық саясаты елдегі кедейлік деңгейін түсіруге ықпал ете алмады. The Guardian шолушысы Мадлен Бантинг кедейлікпен шағын несие арқылы күресу амалын «неолибералды ертегі» деп атады. Мадлен Бантинг шағын несиені жағдайы жоқтардың өз ісін ашу үшін емес, тұрмысын түзеп алу, үйлену тойын өткізу, білім алу немесе ем-дом қабылдау үшін алатынын мәлімдеген еді. Мұхаммед Жүніс Нобел сыйлығына ие болғанына көп уақыт өтпей жатып ел премьер-министрі Шейх Хасанмен жүз шайысып қалған болатын. Бангладеш премьері оны «кедейлердің қанын теспей соруда» деп айыптап отыр. Мұхаммед Жүніс кедейлерге несиесі бойынша 20% өсімақы өндіріп алады.

0 пікір
Мұрағат