Түркияда да жасөспірімдерге әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынуы мүмкін
|
Түркия билігі жасы 13-тен төмен жасөспірімдер мен жеткіншектерге әлеуметтік желіні пайдалануға қатысты шектеу енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Sabah мерзімді басылымына жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған елдің байланыс және ақпараттық технологиялар департаменті балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеуде. Сондай-ақ, отбасы істері және әлеуметтік қолдау министрлігі парламент депутаттарымен бірлесіп 13 жасқа дейінгі балаларға арналған смартфондарды пайдалануға тыйым салу мүмкіндігін зерттейді. Байланыс және ақпараттық технологиялар департаменті төрағасының орынбасары Әбдікәрім Гүн бұзақылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі депутаттық кіші комитетке өз жобасын таныстырып, Америка құрама шттаттарының Флорида штатында 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салынғанын, сондай-ақ, Австралияда 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасы қабылданғанын атап өтті. Отбасы істері министрлігі 16 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желілерде тек ата-аналарының рұқсатымен ғана аккаунт құра алатын Қытай сияқты шет елдерде кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтік желілерге тыйым салудың сәтті тәжірибесін ерекше атап өтті, сондай-ақ, интернет желісінде таңғы сағат 10-нан кешкі 6-ға дейін отыруға рұқсат беріліп, кешкі сағат 10-нан таңғы 6-ға дейін интернетті ашуға тыйым салынады. АҚШ-та да бірқатар штаттарда 14 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік желілерге қол жеткізуді шектеді. Францияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде тіркелу үшін ата-ананың рұқсаты қажет, Ұлыбританияда, әлеуметтік желілерде 13 жасқа дейінгі балаларға тыйым салынады. Италияда 14 жасқа дейінгі балалар қалта телефонға мүлдем ие бола алмайды. Қазіргі уақытта Ирландия мен Грекияда кәмелетке толмағандарға қатысты осындай шектеулер пысықталуда.