|
Құрғақшылықтың адам денсаулығына тигізер әсері зерттелді
|
Жаһандық жылыну климат дағдарысына себеп болды. Климат дағдарысының бір көрінісі - құрғақшылық. Құрғақшылық тек ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп қоймай, адамзаттың денсаулығына тікелей әсер ететін факторға айналуы ықтимал. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Microbiology мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, құрғақшылық топырақтағы антибиотикке төзімділігін қалыптастырған бактериялардың таралу қаупін арттырады. Ғалымдар Америка құрама штаттарының, Қытайдың және Еуропаның түрлі өңірлеріндегі топырақ деректерін талдап, құрғақшылық жайлағанда топырақтың табиғи антибиотиктерді қалыптастырумен және оларға төзімді гендердің саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын анықтады. Бұл бағыттағы тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, топырақ құрғаған кезде ондағы ылғал мөлшері төмендейді, ал топырақ микроорганизмдері өндіретін табиғи антибиотиктер неғұрлым шоғырланады. Бұл жайт өз кезегінде іріктеуді күшейтеді: осал бактериялар жойылады, ал төзімділері артықшылыққа ие болады. Бұл тараптағы қосымша тәжірибелер кепкен топырақ құрамындағы антибиотиктердің түрлі топтарына төзімді бактериялардың жиі кездесетінін көрсетіп берді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай жаңалық тек топырақ экологиясы үшін ғана маңызды емес, сонымен қатар, төзімділіктің көптеген гені бактериялар арасында өзара беріледі, ал кейбір топырақ микроорганизмдері ауруды қоздыратын түрлеріне “туыс” болып келеді. Ғалымдар мұнымен ғана шектеліп қалмай, әлемнің 116 елінің құрғақшылыққа қатысты клиникалық мәліметтерді салыстыра келе ең нәр тамбайтын аудандардағы емханалардан антибиотикке мейлінше төзімді бактериялар жиілігінің жоғары екеніне көз жеткізген. Осылайша құрғақшылық инфекциялық аурулардың қосымша факторына айналуы мүмкін.