Шыны ыдыста жасанды тін мен бүйректің бір бөлшегі өсірілді
Шыны ыдыста жасанды тін мен бүйректің бір бөлшегі өсірілді
2 жыл бұрын 1381 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Микроскоппен қарағандағы зәр шығарудың қолдан жасалған органоидтары. Бейне: Bonventre Lab, Brigham and Women’s Hospital

Ғалымдар діңгекті жасушалардан бүйрек тіндері мен түтіктерін қалыптастыру технологиясын әзірледі. Бұл жайында islam.kz порталы nature.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Гарвард медициналық мектебінің биологтары плюрипотентті діңгекті жасушалардан зәр шығару (несеп айдау) бүршіктерін жасауға мүмкіндік беретін технология ойлап тапты. Аталмыш технология несеп-жыныс жүйесінің ауруларын емдеуге көмектеседі және жасанды бүйректі өсіруге мүмкіндік береді. Бүйрек ағзасы екі құрылыс блоктарынан қалыптасады, дәлірегі, бұл арада метанефрикалық мезенхима және рудиментті зәр шығару блоктары турасында сөз болып отыр. Жеті жыл бұрын ғалымдар олардың біріншісін қалай қалыптастыру керектігін білсе, жаңа зерттеуде екіншісін өсіру тетігі белгілі болды. Осылайша, қазір жасанды бүйректі өсіруге қажетті барлық компоненттерді қамтитын әрі қалыптастыратын технология пайда болды. Ғалымдар бұл зерттеуде адамның плюрипотентті діңгекті жасушаларын пайдаланды. Ғалымдар алдымен осы жан-жақты жасушаларды пронефрикалық прогениторлық жасушаларға айналдырған, содан кейін бүйрек түтіктеріне ұқсас молекулалық белгісі (сигнатурасы) бар шарларды қалыптастырған. Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі зәр шығару бүршігінің жасушалары ұрық ағзасындағы бүйректің нақты дамуындағыдай жасанды метанефрикалық мезенхимамен әрекеттесе алатынын көрсетті. Ғалымдар аталмыш зерттеудің бүйрек поликистозы сияқты коллекторлық жүйеге әсер ететін бүйрек ауруларын емдеуге көмектесетінін айтады. Бұл генетикалық фактордан, дәлірегі, тұқым қуалайтын аурудан әлемде 10 миллионнан 12 миллионға дейін адам зардап шегеді. «Біз жаңа дәрі-дәрмекті зерттеуге, тұқым қуалайтын және жүре пайда болған ауруларды зерттеуге және бүйректің қалай дамып, ағзадағы зат алмасу тепе-теңдігін басқаратыны туралы түсінігімізді жақсартуға болатын адамның бүйрек жасушаларын алғашқы болып жасадық»,- деді аталмыш зерттеуге атсалысқан Гарвард медицина мектебінің ғалымы Жозеф Бонвентр.

 

0 пікір
Мұрағат