Супермаркеттер халықты қалай алдайды...
Супермаркеттер халықты қалай алдайды...
8 жыл бұрын 8191 Baq.kz Ж.Мұқашева

«Сауда сақал сипағанша», «Алдамасаң базар жоқ» дейді қазақ. Бізді супермаркеттерде қалай алдайды?  

Әрбір супермаркет сатып алушаларын алдайды. Әрине, заң аясында адал жұмыс істейтін дүкендердің бар екендігіне сенгіміз келеді. Дегенмен де сақтанып жүргеннің артығы жоқ.

Қаптамадағы жазбаны оқыңыз

Супермаркеттегі бірінші қағида – қаптамадағы жазбаларды оқу. Егер қаптамада жапсырма үстінен тағы да бір жапсырма жапсырылса, мұндай тауарды сатып алуға асықпаңыз. Әрине, тауардың бағасы өзгергендіктен солай етілуі мүмкін. Дегенмен, дүкен қызметкерлері тауардың жарамдылық мерзімін ұзартып қою үшін де осындай амалға баратындарын жадымыздан шығармайық.

Көп жағдайда сөрелерде жарамдылық мерзімі өткен тауарлар тұрады. Бұл, әсіресе, жартылай дайын өнімдер мен сүт өнімдеріне қатысты.

Жарамдылық мерзімі ұзақ ет, сүт өнімдерін тұтынбауға кеңес береміз. Бұндай азық-түлікті сақтау үшін жабдықталған орындар мен арнайы сақтау температурасы болу қажет. Супермаркет қызметкерлерінің бұл ережелерді сақтайтынына кім кепіл?!

Аспазханадан тамақ сатып алмаңыз

Көптеген супермаркеттерде әртүрлі салат, тағам түрлерін дайындайтын аспазхана бөлімі болады. Бұл жерлерде тағам дайындау үшін бұзылуға жақын, тіпті, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті пайдаланатыны жасырын емес. Бұзылған азық-түлік әртүрлі ауру туғызуы мүмкін.

Тағы да бір күмәнді мәселе тазалыққа байланысты. Аспазшылар гигиенаны қаншалықты сақтайды, тағам дайындауда таза ыдыс-аяқ қолданыла ма, үстел үсті мен азық-түлік турайтын тақтай жиі-жиі жуыла ма?

Акцияларға ұрынбаңыз

Супермаркеттер акция көмегімен клиент тартқанды ұнатады. Олар, тіпті, тікелей сіздің үйіңізге, пошта жәшігіңізге, автобустан шыққанда қолыңызға тиетін жарнама буклеттерін дайындауға қаржы жұмсауға әзір. «Екі шұжық бір шұжықтың бағасымен», «Үш келі картоп ал да, екі келі картоптың бағасын төле» сияқты жарнамалар біздің назарымызды аударатыны белгілі.

Акциямен сатылатын тауарларды сатып алуға асықпаңыз. Олардың жарамдылық мерзіміне көңіл аударыңыз.

Алдын ала өлшеніп, бағасы қойылып, дайын тұрған азық-түлікті, жеміс-жидекті алмауға тырысыңыз

Дүкендердің азық-түлікті қаптағанда салмақ қоссын деп келінің шетіне конфет немесе басқа бір зат қойып өлшейді. Сондықтан да сатушыдан тауарды қайыра өлшеуін талап етіңіз. Жеміс-жидектерді де сатып алғанда абай болыңыз. Бұзылуға жақын жемістерді араластырып жіберуі мүмкін.

Кассалық чекті мұқият қарап шығыңыз

Ақшаңызды төлеп, кассалық чекті алғаннан кейін оны мұқият қарап шығыңыз. Тауарлардың сөредегі бағасын есіңізге түсіруге тырысыңыз. Себебі, көп жағдайды сөре мен чектегі баға екі түрлі болып жатады. Тауарлар санына да көңіл бөліңіз. Сіз алған үш йогурт чекте төртеу болып кетуі де мүмкін.

Басқа да кеңестер

Есіңізде болсын, сақтау мерзімі өткелі тұрған тауарлар сөренің сізге жақын жеріне орналастырады. Жаңадан келген тауарлар керісінше сөренің соңына қойылады. Бағасы қымбат тауар сіздің көзіңіздің көру деңгейінде орналастырып, арзан тауарлар жоғарыда немесе төменде тұрады. Егер алатын затыңыз көп болмаса, қол арбадан гөрі себет алыңыз. Қол арба адамдар мүмкіндігінше көп зат алсын деп қойылады. Дүкенге баламен бармауға тырысыңыз. Ананы-мынаны сұраған балаңыз тынышталсын деп, қажет емес тауарларға ақша жұмсайсыз. Супермаркетке тойып баруға тырысыңыз. Себебі, қарны аш адам қажетсіз азық-түлікті сатып алуға бейім тұратына дәлелденген. Дүкенге барардан бұрын үйге керек заттарды жазып алыңыз. Сонда қалтаңызды қағатын заттарды сатып алмайсыз.

 

1 пікір
Мұрағат