Атаулы әлеуметтік көмек: мүлік пен несиеге қатысты талаптар өзгереді
Атаулы әлеуметтік көмек: мүлік пен несиеге қатысты талаптар өзгереді
1 сағат бұрын 39 aikyn.kz 24.kz naryk.kz Гүлназ Серік, Ақтілек Алмасұлы, Дастан Қуандық
Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанда әлеуметтік саясатты қайта қарау және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Енді азаматтардың нақты мұқтаждығын ескере отырып, мемлекеттік көмек көрсету үшін отбасылардың материалдық жағдайын объективті түрде бағалауға баса назар аударылады. Осыған байланысты үй шаруашылықтарының табыстарын, мүліктері мен міндеттемелерін бағалау тәсілдерін өзгертуді көздейтін Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі пысықталды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей, әдістемені жетілдіру кезінде бағалаудың жекелеген критерийлері қайта қаралды.

«Атап айтқанда, ипотекалық қарыздарды қоса алғанда, кірістер мен несиелік міндеттемелерді бағалау тәсілдері өзгертілді. Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар болуы мен олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте біз зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын есептен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді. Сондай-ақ ұсақ жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуын назарға алмаймыз», – деді ол. 

Оған қосымша отбасын асырауға арналған шығыстарды, кредиттік міндеттемелерді, сондай-ақ жалғыз асыраушының және жалғыз тұрғын үйдің болуына байланысты мән-жайларды есепке алу көзделеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіне ревизия жүргізіледі, ал өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайын тексеру жүзеге асырылады. Бұл шаралар азаматтардың әл-ауқатын бағалаудың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Енді кейбір отбасылардың мемлекеттік төлем алу құқығы материалдық жағдайына байланысты шектеледі. 

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала күтіміне арналған төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Енді кейбір отбасылардың мемлекеттік төлем алу құқығы материалдық жағдайына байланысты шектеледі. 

Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекет отбасылардың табысын ғана емес, мүлкін, несиелік міндеттемелерін, жұмыспен қамтылуын және басқа да көрсеткіштерін ескереді. Отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді. Ауқатты деп танылған A және B санатындағы отбасыларға бюджеттен төленетін кейбір жәрдемақылар тағайындалмайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау үшін алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш қолданылады. Бұл ретте отбасының жоғары табысы немесе қымбат көлігі болуы оның автоматты түрде ауқатты санатқа енгізілетінін білдірмейді. Бағалау кезінде бірнеше белгі қатар ескеріледі. 

Жаңа талап бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақыға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін бюджеттен төленетін ай сайынғы күтім жәрдемақысына қатысты болады. Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін декреттік және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер бұрынғы тәртіппен сақталады. Яғни, жұмыс істейтін әйелдердің әлеуметтік аударымдары негізінде есептелетін төлемдеріне отбасының әл-ауқат санаты әсер етпейді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, қазіргі бағалау бойынша A санатына 329 мың отбасы, B санатына миллионға жуық отбасы кіреді. Дегенмен бұл олардың барлығы бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып отыр немесе келесі жылдан бастап төлемнен қағылады деген сөз емес. 

Жалпы, 2027 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы ескерілмек. Өзгерістердің мақсаты – бюджеттік көмекті ең алдымен материалдық қолдауға мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Aikyn.kz

Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді: қандай жағдайлар ескеріледі?

Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау әдістемесі қайта қаралып жатыр. Енді көмек тағайындау кезінде отбасының кірісі, несие міндеттемелері мен мүлкінің жай-күйі ескеріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, өзгерістер әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ипотекалық қарыздарды қоса алғанда, кірістер мен несиелік міндеттемелерді бағалау тәсілдері өзгертілді.

Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар болуы мен олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте біз зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын есептен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді. Сондай-ақ, ұсақ жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуын назарға алмаймыз, – деді министр.

Әдістемеде отбасының күнделікті шығындары, несие төлемдері, асыраушысының жалғыз болуы және жалғыз баспанасының болуы да назарға алынады. Бұдан бөлек, 30 мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерді тексеру жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек алушылардың материалдық жағдайын да тексереді.

24KZ

Барлық санаттағы азаматтарға беріле беретін 22 әлеуметтік төлем

Әлеуметтік көмектің 36 түрінің 22-сін тағайындаудың қазіргі тәртібі өзгермейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Мына жәрдемақылар мен өтемақылар азаматтың табыс деңгейіне қарай қай санатқа жататынына қарамастан беріле береді:

Әскери қызмет пен соғысқа байланысты төлемдер:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

  • соғыс кезінде жаралану, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға;

  • Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген азаматтарға;

  • соғыс салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген азаматтарға;

  • қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлеріне;

  • соғыс салдарынан мүгедектігі бар болып, қайтыс болған адамдардың жұбайларына;

  • Кеңес Одағының Батырларына, Социалистік Еңбек Ерлеріне, Даңқ және Еңбек Даңқы ордендерінің толық иегерлеріне;

  • тыл еңбеккерлеріне;

  • Ауғанстандағы соғысты қоса алғанда, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлеріне.

Еңбек жағдайына байланысты төлемдер:

  • №1 тізім бойынша ерекше зиянды және ерекше ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істегендерге;

  • №2 тізім бойынша зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істегендерге;

  • арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Апаттар мен саяси қуғын-сүргінге байланысты өтемақылар:

  • заңды тұлға таратылған жағдайда сот шешімімен мемлекетке жүктелген өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу;

  • Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға және радиациялық аймақтардан көшірілген азаматтарға;

  • Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға;

  • 1949–1990 жылдары жоғары радиациялық тәуекел аймақтарында тұрған азаматтарға;

  • жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына;

  • саяси қуғын-сүргінге ұшыраған зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы.

Мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақылар:

  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

  • II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

  • III топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

  • Байқоңыр қаласындағы жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға.

0 пікір
Мұрағат