Бірнеше тіл білетін 114 жастағы қазақ кейуанасы ұзақ жасаудың сырымен бөлісті (видео)
Бірнеше тіл білетін 114 жастағы қазақ кейуанасы ұзақ жасаудың сырымен бөлісті (видео)
8 жыл бұрын 2873 24.kz А.Мауданов, Е.Мұхамедьяров

Қостанай қаласының тұрғыны Марфуға Селтеткенова биыл 114 жасқа толды. Қария әлі күнге дейін кітап оқып, ән салады. Тылда еңбек еткен ана қазақ елінің бірнеше мерейтойлық төсбелгілерін кеудесіне таққан. Қостанайдағы тілшіміз Абылай Мауданов кейуананың үйінде болып, сергектік пен ұзақ жасаудың сырына үңіліп көрді. Абылай Мауданов, «24 KZ» арнасының тілшісі: - Марфуға әже өмір бойы қолынан қасиетті кітаптарын тастаған емес. Жасында медреседе діни сауат ашқан ол ана тілімен қатар орыс, араб, башқұрт, татар тілдерін жетік біледі. Көмбе кеуде кейуана ән де шырқайды. Марфуға әже тағдыр тауқыметін көп тартты. 1902 жылы Ресейде туып, кейін замана желімен Меңдіқара ауданына келді. Кәмпеске, аштық, соғыстың да куәсі болды, тылда еңбек етті. Алғашқы қосағынан ерте айрылып, шиеттей төрт баласымен екінші рет тұрмыс құрды. Одан алты бала сүйді, екі баланы бауырына басты. Ауыр жылдары ауылда колхоз жұмысына жегілді. Киім тігіп, алаша тоқыды. Марфуға Селтеткенова, тыл ардагері: - Нан пісірдім. Жұмыс істеп жүрген адамдардың киімін де жудым. Сол ауылдың ударнигі мен болдым. Қандай жұмыс берсе бәрін істедім. «Анам өте қонақжай, қайырымды, еңбексүйгіш адам», - дейді алтыншы қызы 69 жастағы Жібек. Жібек Құрманова, қызы: - Балық аулауға, құс атуға келген кісілердің бәрі біздікінде болатын. Бие ұстайтын да біздің үй болған. Көршілер осы күнге дейін «әже, әже» деп біреуімізбен де бір ұрсысып, не жаман сөз айтып көрген емес, бәрімізді де қарсы алып отырады. Алланың жолында жүргесін, ылғи жақсылық жасағасын да ұзақ жасаған шығар деп ойлаймын. 114 жастағы ана қоғам өмірінен шет қалмақ емес. Әжей биылғы сайлауда саяси таңдауын жасап, ел ертеңі үшін дауыс берді. Бейнет түбі – зейнет. Қазір ол тамырын терең жайған бәйтерек сынды. Бес баласының көзі тірі. Немере, шөбере, шөпшегі алпыстан асады. Оларды альбомнан көріп аймалап қояды. Жібек Құрманова, қызы: - Әжеміздің ұрпағы бір шеті сонау Дубайда тұрып жатыр. Ақтауда, Алматыда, Шымкентте, Челябіде, Астанада, Өскемен, бар жерде тұрып жатыр, ағайындар көп. Кейіпкеріміз асты талғап ішіп, айрықша күтінген жан емес. «Табиғи, ұлттық тағам және сабыр, еңбек, мейірім мен тазалық ғасырдан артық ғұмыр кешуімінің басты сыры» - дейді қейуана.

 

0 пікір
Мұрағат