Діни басқарма өкілі мектеп оқушыларының ораза ұстауына қатысты пікір білдірді
Діни басқарма өкілі мектеп оқушыларының ораза ұстауына қатысты пікір білдірді
2 жыл бұрын 1492

Оқушылардың ораза ұстауына қатысты ҚМДБ түсіндірмесін басқарма өкілі Ағабек Қонарбайұлы Facebook парақшасында жариялады. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі мәлім етеді.  

Басқарма өкілі әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің whatsapp чаттарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқыланып жатқанын және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) жас балалардың ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түсіп жатқанын жеткізді.

Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз,-деп жазды ол.

Сонымен қатар, ол балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін екенін жеткізді.

Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды,-деді  Ағабек Қонарбайұлы.

Сондай-ақ, ол ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұрады.

0 пікір
Мұрағат