„Нұр-Мүбарак„ студенті қос бірдей Халықаралық конференцияда жеңімпаз
„Нұр-Мүбарак„ студенті қос бірдей Халықаралық конференцияда жеңімпаз
7 жыл бұрын 3722

Талғат Демесбай  студенттер мен жас ғалымдардың „Ғылым және білім-2017„ атты XII Халықаралық ғылыми конференциясы (Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ), IV Халықаралық Фараби оқулары, „Фараби әлемі„ атты ғылыми конференцияда (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қатарынан II ДӘРЕЖЕЛІ  дипломға ие болды.

„Исламтану„ мамандығы бойынша 2 курста білім алатын Талғат Демесбайдың бұл тырнақалды жетістігі, яғни екі конференцияда „Ислам дініндегі мифология„ және „Әлемдік діндердегі мифология„ тақырыптарына ғылыми тұрғыда жауап іздеген.  

„Адамдар арасында өте тартысты бұндай тақырыпты не себепті таңдадың?„ - деген сауалымызға:

- Осы конференциялардың алдында өткен студенттерге арналған ғылыми шаралардың бірінде өзге университеттен келген қатысушы мифология жайында баяндама жасады. Мән берсем,  ол мифология мәселесіне философиялық тұрғыдан тұжырымдама жасағанымен, өзіміздің ислам дініндегі сенім тұрғысынан өте қате болып табылады. Тыңдаушылардың көпшілігі қате түсінікке илануы ғажап емес. Сондықтан, өзім білім алып жатқан исламтану саласы бойынша мифология мәселесіне нақты ғылыми жауап іздеуге бел буып, әрі бұл мұсылман баласына сенім тұрғысынан да аса маңызды деп осы тақырыпты қолға алдым,-деді Талғат.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен „Ғылымдағы студент — болашақтың зияткерлік әлеуеті„ атты халықаралық студенттер мен жас ғалымдар конференциясында „Философия және саясаттану„ бойынша Дінтану секциясында 20-дан астам қатысушы  арасынан „Ислам дініндегі мифология„ баяндамасымен 2 орын алды. Ал Гумилев атындағы ЕҰУ-де бір секцияда 40-тан астам қатысушы арасынан сол Гумилев атындағы ЕҰУ-нен кейінгі орынды „Нұр-Мүбарак„ Египет ислам университетінің қанжығасына байлаған болашақ исламтанушы Талғат Демесбай бұл жолы исламмен қатар будда мен христиан діндеріндегі мифология мәселесін қатар қарастырған.

 

Талғат Демесбайдың жеңісі — бұл жастар арасында ғылымға бейім, ислам дінінің мәртебесін үстем етер ұрпақтың өсіп келе жатқандығының дәлелі. Әрі осындай алғыр да білімді жастарды тәрбиелеп жатқан „Нұр-Мүбарак„ университетінің де жетістігі. Сондықтан, бакалавриат бойынша небәрі 2 курста білім алып жатқан студент өзінің ғылыми жетекшісі, „Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының„ ұстазы, ғылым кандидаты, доцент Эльмира Бөрібай ханымға, университет ұжымына алғыс білдіруде.

Біз де жеңімпаз Талғатқа сәттілікке толы жеңісті де жемісті ғұмыр тілейміз!

„Нұр-Мүбарак„ университетінің баспасөз қызметі     

 

 

0 пікір
Мұрағат