Отбасы банк қашан исламдық ипотека бере бастайды
Отбасы банк қашан исламдық ипотека бере бастайды
2 ай бұрын 407 kaz.inform.kz Дәулет Ізтілеу. Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

KAZINFORM – Кеше Астанада «Отбасы банк» Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығымен және құрылысшылар одағымен бірлесіп меморандумға қол қойды. Толығырақ Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрағасы, Астана халықаралық қаржы орталығының ислам қаржы бағыты бойынша жетекшісі Мәдина Тукулова айтып берді.

- Меморандум арқылы біз Қазақстанда «Отбасы банк» тарапынан исламдық ипотеканы енгізу механизмдерін бірлесіп пысықтауды көздеп отырмыз. Қазір мүмкін құралдар әзірленіп жатыр, өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда дәстүрлі банктердің исламдық қаржыландыру ұсынуға мүмкіндігі жоқ. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа банк туралы заң аясында дәстүрлі банктерге исламдық қаржыландыру мүмкіндігін беретін «исламдық терезелерді» енгізу мәселесін талқылап жатыр. Алайда қазіргі уақытта нақты механизмдер болмағандықтан біз «Отбасы банкпен» бірлесіп, жақын арада бұл бастаманы елімізде қалай іске асыруға болатынын қарастырып жатырмыз, - деді Мәдина Тукулова елордада өтіп жатқан исламдық қаржыландыру және бизнес форумында.

Оның айтуынша, дәл қазір дәстүрлі банктердің исламдық қаржыландыру мүмкіндігінің қандай формада болатыны әзірге нақты белгісіз, бірақ бастама бар.

- Біз реттеушіден нақты ақпаратты күтіп отырмыз және қауымдастық ретінде қабылданатын құжаттарға сараптамалық қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің мақсат – құжаттардың сапалы әрі мазмұнды болуына атсалысу. Алайда мерзім бойынша нақты мәліметтер жоқ. Түсінуімше, банк туралы жаңа заңның мерзіміне байланысты болады, яғни, жаңа заң аясында исламдық терезелерге қатысты бап енгізіледі. Заңды жыл соңына дейін қабылдауды жоспарлап отыр, - дейді ол.

Астанада алғаш исламдық қаржыландыру және бизнес форумы өтіп жатыр. Форумды Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы TIDAM агенттігімен бірлесіп, Астана халықаралық қаржы орталығының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Оған 200-ден астам адам қатысты.

Айта кетейік, Астанада алғаш исламдық қаржыландыру және бизнес форумы өтіп жатыр.

Мәдина Тукулова 

Исламдық қаржыландыру несімен ерекше – сарапшы жауабы

KAZINFORM – Исламдық қаржы жүйесі дәстүрлі қаржыландырудан несімен ерекшеленеді? Бұл сауалды Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрағасы, Астана халықаралық қаржы орталығының исламдық қаржы бағыты бойынша жетекшісі Мәдина Тукуловаға қойған едік.

- Біріншіден – мұнда өсім пайызы болмайды, яғни ақшадан ақша жасауға рұқсат етілмейді. Исламдық қаржы адалдыққа, этикаға және ашықтыққа негізделген. Сонымен қатар, банк пен клиент арасындағы қарым-қатынас серіктестікке негізделген. Банк пен клиент бір-бірімен серіктес ретінде жұмыс істейді. Жақында семинарда болдым, сонда түрік ислам банктерінің өкілі өте қызықты жайтпен бөлісті, дәстүрлі банк үшін жақсы клиент деген кім? Бұл – қарызын уақытында төлейтін клиент, бірақ үнемі клиент емес, неліктен? Себебі төлем кешіктірілген жағдайда өсім мен айыппұл жиналады, ал ол дәстүрлі банктер үшін ол табыс көзі, - деп түсіндірді Мәдина Тукулова.

Маманның мәлімдеуінше, ислам банктерінде айыппұл мен өсім алуға тыйым салынған.

- Алайда, клиентті тәртіпке салу қажеттілігіне байланысты шариғат ғалымдары белгілі бір жағдайда айыппұл салуға рұқсат берген. Бірақ, бұл айыппұлдың сомасы қайырымдылыққа бағытталады. Ол қаражат банктің атынан емес, клиенттердің атынан қайырымдылыққа беріледі. Банк бұл ақшаны «мен қайырымдылық жасадым» деп жариялай алмайды, - дейді ол.

Бүгін Астанада алғаш исламдық қаржыландыру және бизнес форумы өтіп жатыр. Форумды Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы TIDAM агенттігімен бірлесіп, Астана халықаралық қаржы орталығының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Оған 200-ден астам адам қатысты.

Дәулет Ізтілеу

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз:
Мұрағат
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
30 1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31 1 2 3