Қазақстанда 6,9 миллион бала тұрады. Жасөспірімдердің еңбек шарттары
Қазақстанда 6,9 миллион бала тұрады. Жасөспірімдердің еңбек шарттары
4 күн бұрын 408 inbusiness.kz 24.kz Бақытбек Мейірім

Елдегі 6,9 миллион баланың ең үлкен үлесі Түркістан облысына тиесілі.  

Қазақстанда 0–17 жас аралығындағы 6,9 миллион бала тұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл ел халқының 33,6%-ын құрайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, балалардың 62,3%-ы қалалық жерде, ал 37,7%-ы ауылдық жерде тұрады. Ұл балалардың үлесі 51,4%, қыз балалардың үлесі 48,6%.

Балалар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде 910,4 мың бала тұрады. Одан кейін Алматы қаласы – 688,9 мың және Алматы облысы – 572,3 мың баламен алғашқы үштікке енді.

Соңғы бес жылда Қазақстандағы балалар саны 4,4%-ға өскен.

Қазақстанда 5,3 мың оқушы жұмыс істейді

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады.

Ол еңбек қызметіне рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалардың саны 1,7 млн адамды құрайтынын атап өтті.

Министрліктің ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес бүгінгі күні 5,3 мың оқушы жұмыспен қамтылған.

«Олардың ең көбі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтерін ұсыну, сондай-ақ тамақтану салаларында жұмыс істейді, яғни жасөспірімдер жиі алғашқы еңбек тәжірибесін алатын бағыттар. Мамандықтарға бөлсек, бұл – көгалдандыру жөніндегі жұмысшылар, курьерлер, даяшылар, сатушы-кеңесшілер, аспаздардың көмекшілері, аниматорлар және тағы да басқалар», — деді Асқарбек Ертаев.

Айта кетейік, электрондық enbek.kz еңбек биржасы платформасында былтырдан бастап «Менің жазғы демалысым» деп аталатын оқушыларды жұмыспен қамтитын арнайы бөлім іске қосылған.

Жасөспірімдердің еңбек шарттары

Еңбек министрлігі кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын бақылауды күшейтеді, деп хабарлады 24.kz 

Заң бойынша 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. Яғни, күніне 4,5 сағаттан аспауы керек. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің аптасына 36 сағат жұмыс істеуіне рұқсат. Сондай-ақ, 14 жаста еңбек шартына жасөспірімнің өзі ғана емес, ата-анасы да қол қоюы міндетті.

Кәмелетке толмағандар тек жеңіл жұмыспен қамтылады. Материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге қабылдауға болмайды. 

Жұмыс уақытының ұзақтығы

14–15 жас: күніне 4,5 сағаттан аспауы керек

16–17 жас: күніне 7 сағаттан аспауы керек

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, елімізде еңбек етуге рұқсаты бар  1 млн 700 мың бала тұрады. Олар 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ал еңбек министрлігі,  5 мыңнан астам оқушы ресми түрде жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі – сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ, қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді.

Еңбек етуге рұқсат берілген 14-18 жас аралығында 1 млн 700 мың бала бар

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді

Президент тапсырмасымен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 1,3 триллион теңге қаржы қарастырылған. Құжат аясында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 158 іс-шараны қамтитын  кешенді жұмыстар атқарылады.

Әлемде әр бесінші бала кедейшілікте өмір сүріп жатыр

ЮНИСЕФ-тің дерегі бойынша көбі Африка мен Оңтүстік Азияда. 2013 пен 2023 жылдар аралығында кедейшіліктің зардабын тартып жүрген бүлдіршіндер саны азайған еді. Алайда, бұдан кейін нашарлай түседі деген болжам бар. Өйткені, соғыс, жаһандық жылыну, демографиялық өзгеріс күнкөрісті қиындатып барады. Бұдан бөлек, халықаралық көмектің кемуі де әсер етіп отыр. Мамандар: «Бұл 2030 жылға қарай 5 жасқа дейінгі 4 жарым миллион баланың өліміне әкелуі мүмкін», - дейді. Сондай-ақ, болжамға қарағанда мектепке бармайтын балалардың саны 6 млн-ға артуы ықтимал. 

 

0 пікір
Мұрағат