СҚО-да ғалым Wi-Fi арқылы жүрек ауруларын диагностикалауды жеңілдететін аппарат ойлап тапты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қозыбаев университетінің Инженерия және сандық технологиялар факультетінің PhD докторы, зерттеуші Саят Молдахметов технологиясын қолдану арқылы биомедициналық сигналдарды қабылдау және таратуға арналған аппараттық-бағдарламалық Wi-Fi интерфейсін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жоба дәрігерлердің жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Жас ғалым ғылыми қызметпен белсенді айналысып келеді. Саят Молдахметов ғылым саласында 20 жыл бойы еңбек етіп келеді. 2018-2020 жылдары «Электрокардиодиагностиканың сымсыз автоматтандырылған жүйесін әзірлеу» атты гранттық жобаның мүшесі болды. Сонымен қатар, мемлекеттік ғылыми стипендиялардың иегері атанды.
Ғалым, сондай-ақ, көпдеңгейлі қуат инверторының қуатын арттыру әдістерін әзірлеу жобасына жетекшілік етті. Аталған жобаға 18 миллион теңгеден астам көлемде гранттық қаржыландыру бөлінді.
— Зерттеушінің 30-дан астам ғылыми жарияланымы бар, оның ішінде Scopus дерекқорына енген, импакт-факторы бар халықаралық журналдарда жарияланған 13 мақаласы бар. Саят Молдахметов төрт өнертабыс патентінің, төрт пайдалы модель патентінің және екі монографияның авторы, — делінген хабарламада.
Ол ғылыми зерттеулерін Польшадағы Люблин техникалық университетінде және Финляндиядағы Шығыс Финляндия университетінде өткен халықаралық ғылыми тағылымдамалар аясында жүргізді.
Бақытгүл Абайқызы
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Астанадағы мектеп оқушылары медицина мен цифрлық технологияны ұштастырған тың жобаны ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын Қалиақбар Баймұқан, Қуаныш Абулхайр, Бекжан Бақыт, сондай-ақ Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінің оқушысы Бердали Жунисхан мен BINOM SCHOOL оқушысы Аркат Хасанов бірігіп, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған BOL (EchoNext) атты интеллектуалды жүйе әзірледі.
Бұл жүйе дерттің клиникалық белгілері әлі байқалмай тұрған кезеңнің өзінде қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді. Жоба жасанды интеллект мүмкіндіктерін кардиологиядағы заманауи тәсілдермен ұштастыру арқылы жүзеге асқан.
Әзірлеменің негізінде бірнеше нейрожелілік модель қатар жұмыс істейді. Swin Transformer ЭКГ сигналдарындағы жалпы үрдістерді саралайды, EfficientNet жүрек соғысының тісшелері мен интервалдарының пішінін дәл айқындайды. Ал ConvNeXt пен DenseNet модельдері талдаудың нақтылығын күшейтіп, нәтижені тұрақтандырады. Осындай көпқабатты талдау жүйесінің арқасында диагностиканың дәлдігі 98 пайызға дейін жеткен.
Жобаның ең маңызды тұсы – оның қолжетімділігі. BOL (EchoNext) қарапайым ЭКГ құрылғысының мүмкіндігін кеңейтіп, оны ерте диагностика жасайтын тиімді құралға айналдырады. Бұл әсіресе кардиологтар жетіспейтін немесе күрделі медициналық техника жоқ ауылдық аймақтар үшін аса маңызды.
Жүйе инфаркт, аритмия секілді жүрек ауруларының жасырын тәуекелдерін алдын ала анықтауға көмектеседі. Соның нәтижесінде дерттің алдын алып, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік туады.
Жоба авторларының сөзінше, басты мақсат – жоғары дәлдіктегі медициналық диагностиканы баршаға қолжетімді ету. Олардың пайымынша, технология тек емдеу құралы ғана емес, аурудың алдын алуға қызмет етуі тиіс. Жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды, керісінше оның сенімді көмекшісіне айналуы керек.
Айта кетерлігі, бұл әзірлеме авторлық құқықпен қорғалған. Яғни жоба зияткерлік меншік ретінде рәсімделіп, оның бірегей ғылыми-техникалық өнім екені ресми түрде бекітілген.
Қазірдің өзінде BOL (EchoNext) медициналық және технологиялық ортада қызығушылық тудырып, мамандардың назарын өзіне аударып үлгерді.

Қазақстанда жүрекке арналған препараттың бірі кері қайтарылды
KAZINFORM — Германиялық компания өндіретін «Изоптин» препаратының тіркеу куәлігі Қазақстанда кері қайтарылды.
Шешімге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қол қойды. Бұйрық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Препаратты кері қайтару «Абботт Қазақстан» компаниясы өкілдігінің өтініші негізінде жүзеге асырылды. 2026 жылғы 9 ақпандағы № 89-НҚ бұйрыққа сәйкес, аталған дәрілік затты енді еліміз аумағында айналымға жіберуге және қолдануға болмайды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аумақтық бөлімшелерге бір жұмыс күні ішінде жергілікті денсаулық сақтау органдарын, тіркеу куәлігінің иесін және мемлекеттік сараптама ұйымдарын хабардар етуді тапсырды.
Айта кетейік, Павлодар облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары аулада нашақорлардың толып кеткеніне алаңдап отыр. Айтуларынша, бұған сол жерде орналасқан дәріхананың кейбір препараттарды заңсыз сатуы себеп болып отыр.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елордадағы тіс емханада 3 жасар сәбидің мерт болуына байланысты «Севоран» препаратын қолдану мәселесі қайта қарала ма деген сауалға жауап берді.
Оған қоса, дамыған елдерде тиімділігін дәлелдеген дәрілік заттарға жеңілдетілген тіркеу рәсімі енгізілетіні айтылды.