|
Қазақстанда несиесін төлей алмай отырған адам саны 1 миллион 102 мыңға жеткен
|
Қазақстанда несиесін төлей алмай отырған адам саны 1 миллион 102 мыңға жеткен
Қазақстанда несиесін төлей алмай отырған адам саны 1 миллион 102 мыңға жеткен. Ал еңбекке жарамды сегіз жарым миллион адамның 5 миллионнан астамы банктен несие алған. Яғни, еліміздегі әрбір төртінші адамның басында несие бар.
Ұлттық банк ұсынған мәлімет бойынша, несие алушылардың саны бойынша алғашқы үштікте Алматы, Астана қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Ал 837 мың несие алушының ісі, қарыз өндіру үшін коллекторлық агенттіктерге берілген. Олардың банктерге қарызы 1 триллион 2 миллиард теңгеден асқан. Бар-жоғы төрт айдың ішінде несиесін қайтара алмай жатқан борышкерлер үлесі 32-35 пайызға дейін көбейген. Экономистер борышкерлердің көбеюіне девальвация мен доллармен алған несиені қайтару қиындығы әсер етуі мүмкін екенін айтады. Дағдарысқа байланысты әлі де көбеюі ықтимал.
Кредит алған қазақстандықтардың жартысынан көбі жасырынып жүр - Ұлттық банк
Тұтыну кредиттерін алған қазақстандықтардың жартысынан көбі жасырынып жүр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтты.
"Жеке тұлғаларды несиелеудің жалпы көлемінде тұтыну несиелеуінің үлесі шамамен 49 пайызды құрап отыр, яғни жартысы. Ал берешегін қайтару уақытын 90 күннен көп уақытқа кешіктіргендердің саны - 662 мың адам. Жұмыс істемей тұрған тұтыну қарыздары (90 күннен асырғандар) 272 миллиард теңгені құрады. Яғни бұл қарыздарға қатысты реабилитациялық процедуралар, қарызды өндіру, оның ішінде проблемалық қарыздарды қайтару ұйымдарының көмегімен жүргізілуі тиіс", - деді Смоляков коллекторлық қызмет туралы заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстелде.
"Біз бір жағынан берешегі барлардың үстінен қарыздардың көбейіп жатқанын, екінші жағынан бұл берешегі бар адамдардың қарызды қайтару көрсеткішінің азайып келе жатқанын көріп отырмыз", - деді Ұлттық банктің төрағасының орынбасары.
Оның мәліметінше, берешегі барлардың төрттен бір бөлігі ғана негізі бар себептермен (асыраушысының болмауы, табыс көлемінің азаюы, ауру мен қаза) кредитін жаба алмай жатыр екен.
"Бірақ берешегі барлардың 64 пайызы, біздің бағалауымызша, жасырынып жүр, яғни жалған байланыс мәліметтерін көрсетіп, тұрғын үйін ауыстырып алған. Бұл жайында олар кредиторына хабарламаған. Сонымен қатар, берешегі барлардың 13 пайызы кредит алу кезінде алаяқтық жолдарды қолданған немесе табыс көзін өтірік көрсеткен", - дейді ҰБ өкілі.