Елімізде 300 млрд теңгені құрайтын ескі купюралар айналымнан шықты
Елімізде 300 млрд теңгені құрайтын ескі купюралар айналымнан шықты
8 жыл бұрын 3993 24.kz Tengrinews.kz

2006 жылы шыққан екі, бес және он мыңдық купюралар осы жылдың 3 қазанынан бастап айналымнан толық шығарылады. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық банкі тағы бір рет ескертеді. Ал оған дейін барлық жерде ол ақшалармен төлем жасай аласыз. Егерде аталған банкноттарды қандай да бір мекеме қабылдаудан бас тартса, Ұлттық банкке барып, шағымдануға толық құқыңыз бар. Бәйтерек бейнеленген 300 млрд теңгенің купюралары айналымнан алынған. Андрей Балахметов, ҚР Ұлттық банкі қолма қол ақшамен жұмыс жүргізу басқарма басшысының орынбасары: - Егер сіз үйден ескі купюраны тауып алсаңыз, алайда оны ауыстыру уақыты өтіп кетсе, абыржудың қажеті жоқ. Өйткені, келер жылы толығымен ауыстырып алуға құқыңыз бар. Біздің бөлімшелер 2016 жылдың үшінші қазанынан бастап, 2020 жылдың үшінші қазанына дейін төрт жыл бойы осы іс төңірегінде жұмыс істейді.

2006 жылғы үлгідегі купюраларды ҚР Ұлттық банкінің кез келген филиалынан ауыстырып алуға болады

Қазақстанда 2016 жылдың 3 қазанын бастап айналымнан шығатын 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды ҚР Ұлттық банкінің кез келген филиалынан ауыстырып алуға болады.

Ұлттық банк мәліметінше, 3 қазанға дейін бұл банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдер және банк операциялары үшін қандай да болмасын шектеусіз пайдаланылады. Одан кейін 12 ай ішінде - 2016 жылғы 4 қазан - 2017 жылғы 3 қазан аралығын қоса алғанда көрсетілген купюралар кез келген екінші деңгейдегі банкте айырбасталуы тиіс. "ҚР Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар айырбастау үшін 2020 жылғы 3 қазанға дейін тегін, комиссия немесе айырбастау үшін ақы алмай қабылданады", - делінген хабарламада.

Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банкноттарды қабылдаудан, ұсақтаудан және айырбастаудан бас тартуы елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

Банкноттарды қабылдау мен айырбастаудан бас тартудың барлық фактілері туралы Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасына +7 (727) 2788 058, 2619-234, 2704-585 телефондары бойынша және Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасына +7 (727) 259 68 14 телефоны бойынша хабарласуға болады.

0 пікір
Мұрағат