|
Қазақстанда сәби дүниеге әкелудің ерекше әдісі алғаш рет қолданылды
|
Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор Алмаз Шарман әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Оның сөзінше, Қазақстанда алғаш рет аналық жасушаның ядросын ауыстыру технологиясы арқылы сәби дүниеге келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күрделі процедура Алматыдағы PERSONA репродуктивті медицина клиникасында жүргізілген. Жобаға қазақстандық мамандармен бірге АҚШ-та жұмыс істейтін ғалым Шухрат Миталипов та қатысып отыр.
Профессордың мәліметінше, дүниеге келген қыз баланың анасы – 43 жаста. Ол төрт жыл бойы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы жүкті болуға тырысқанымен, емшаралар нәтиже бермеген.
– Қазақстанда алғаш рет аналық жасушаның ядросын ауыстыру арқылы сәби дүниеге келді. Бұл біздің репродуктологтардың үлкен жетістігі. Досым Вячеслав Локшиннің PERSONA клиникасында өмірге келген ерекше қыз бала – осыдан аз уақыт бұрын мүмкін емес болып көрінген жетістіктің нәтижесі, – деп жазды Алмаз Шарман.
Аналық жасушаның ядросында адамның негізгі тұқымқуалаушылық белгілерін анықтайтын генетикалық ақпарат сақталады. Ал жасушаның цитоплазмасында энергия өндіруге қатысатын митохондриялар орналасқан.
Әйелдің жасы ұлғайған сайын аналық жасушаның қызметі әлсіреп, эмбрионның дамуына кедергі келуі мүмкін. Жаңа технология осы мәселеге байланысты кейбір жағдайларда қолданылуы ықтимал.
Процедура кезінде болашақ ананың аналық жасушасынан ядро алынып, ядросы алдын ала алынған донордың аналық жасушасына көшіріледі. Осылайша, анасының ядролық генетикалық материалы сақталып, донордың сау митохондриялары бар жасуша түзіледі. Одан кейін жасуша әкенің ұрығымен ұрықтандырылады.
Алмаз Шарманның айтуынша, дүниеге келген қыз баланың ДНҚ-сының шамамен 99,9 пайызы әкесі мен анасына тиесілі. Донордан балаға митохондриялық ДНҚ берілген.
Сондықтан, бұл технология кейде "үш ата-анадан туған бала" деп сипатталғанымен, мұндай атау ғылыми тұрғыдан толық дәл емес. Баланың негізгі тұқымқуалаушылық белгілерін анықтайтын ядролық ДНҚ биологиялық ата-анасынан беріледі, ал донордың генетикалық үлесі митохондриялық ДНҚ-мен шектеледі.
Шухрат Миталипов – жасуша ядросын ауыстыру және репродуктивті технологиялар саласындағы халықаралық деңгейде танылған ғалымдардың бірі. Ол Алматыдағы PERSONA клиникасында эмбриолог-консультант ретінде жұмыс істейді. Ал эмбриологиялық жұмыстарды қазақстандық мамандар атқарған. Жобаның ғылыми жетекшілері – профессорлар Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.
– Анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы. Қазір тағы бір пациент босануға дайындалып жатыр, – деп хабарлады Алмаз Шарман.
Сонымен бірге, профессор жаңа технологияның мүмкіндіктерін асыра бағаламауға шақырды.
– Бұл әдіс әзірге эксперименттік деңгейде. Ол барлық адамға бірдей жарамайды, генетикалық ақауларды түзетпейді және нәтижеге кепілдік бермейді. Алда ауқымды зерттеулер мен дүниеге келген балалардың денсаулығын ұзақ уақыт бақылау міндеті тұр, – деп жазды профессор.
Ол бұл жетістіктің ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға жаңа үміт сыйлайтынын жеткізді.
Жасуша ядросын ауыстыру технологиясы репродуктивті медицинаның күрделі бағыттарының бірі саналады. Оның Қазақстанда алғаш рет қолданылуы саладағы жаңа мүмкіндіктердің жолын ашқанымен, технологияның ұзақ мерзімді нәтижелері әлі де зерттеуді қажет етеді.