Ақтауда қыздар медресесі бой көтермек
Ақтауда қыздар медресесі бой көтермек
1 жыл бұрын 973 muftyat.kz

Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің жанынан қыздар медресесі бой көтермек. Осыған орай мешіт жамағаты, қажылар мен ел ағалары мешітте бас қосып, жаңа медресе іргетасының қалану сәтіне куә болды.

Қыздарды имандылық пен қазақи тәрбиеге баулып, қасиетті Құран оқуды үйрететін қыздар медресесі 3 қабатты, зәулім ғимаратта орналаспақ. Әйел ұстаздар шәкірттердің діни сауаттарын ашып, ұлттық тәрбиеден дәріс береді. Ақтаудағы қыздардың алғашқы медресесіне батыр, әулие Бекет ата Мырзағұлұлын өмірге әкелген Жәния ананың аты берілмек. Бекет атаның әкесі Адай атаның алтыншы ұрпағы саналатын Мырзағұл еңбекқорлығымен еліне сыйлы болса, анасы Жәния ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жан  болыпты. 

«Ақтау қалалық мешіттің іргесінен медресенің бүгін алғашқы қазығы қағылды. Кәсіпкер азаматтар бұл бастаманы қолдап, қаржылай көмектесіп отыр. Қазіргі кезде дінге бет бұрған әйелдер мен қыздардың қатары көбейгені қуантады. Асыл дініміз бен дәстүрімізді ұлықтайтын қыз-келіншектер медреседе жатып, білімін толықтыруға мүмкіндік алады» деді Маңғыстау облысының бас имамы Ануар Елжанов.

Медреседе заман талабына сай оқу бөлімі, дәріс оқытатын кабинеттер, кітапхана, компьютер бөлмесі, жатақхана, асхана, сондай-ақ тігін бөлмелері орналаспақ. Ақтау қыздар медресесінде 100 қыз білім алады. Қайырымдылық мекемесінің құрылысы биыл басталып, келер жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

 
0 пікір
Мұрағат