ҚМДБ: Алматыда қыздар арасында І республикалық Құран жарысы басталды (ФОТО)
ҚМДБ: Алматыда қыздар арасында І республикалық Құран жарысы басталды (ФОТО)
8 жыл бұрын 3112

Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Нұр-Мүбарак» университетінде Құранды жатқа оқудан қыздар арасында тұңғыш рет республикалық жарыс өтуде.

Сайысқа республиканың әр аймағынан іріктелген 160-тан аса үміткер қатысуда. Олардың ең жасы 7 жаста болса, ең үлкені 54 жаста. Жарысқа қатысушылардың Құранды жатқа айтуына, оқу қырағаты, тәжуиді мен көркем оқу қабілеті бағаланады. Сондай-ақ оқыған аяттарының мағынасы (тәпсірі) сұралады.

Бас мүфти игі шара барысында елдің болашағы бүгінгі қыз баланың, ертеңгі ананың қолында екенін тілге тиек етіп, қыздар арасындағы І республикалық Құран жарысының ашылуымен құттықтады.

«Бүгін міне елімізде тұңғыш рет қасиетті Құран жаттаушы қыздарымыздың арасында республикалық бәйгенің тұсауын кесейік деп отырмыз. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – десе, халқымыз «Қыз бала тәрбиесі – бүкіл ұлт тәрбиесі», – деген. Білімді әйелден, білікті ұрпақ тарайды. Демек, сіздердің әрқайсыларыңыз бір-бір медресе, академияның қызметін арқалаған, отбасының берекесін келтіруші аманат иелерісіздер. Сондықтан бүгінгі тұңғыш қасиетті Құран сайысына сәттілік тілеймін. Алла Тағала жар болсын!», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Сайыс екі күнге созылады. Қасиетті Құранның 1,2,3,5,10  паралары бойынша өтуде. «UMMET» қоғамдық қорының қолдауымен жүлде қоры – 3 500 000 теңге.

Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры доктор, профессор Жуда Абулғани Басюни, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің проректоры Шамшидин Керім, «UMMET» қоғамдық қорының директоры Мұхаммед Әмин Құрманәліұлы, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев қатысты.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Muftyat.kz


0 пікір
Мұрағат