Қытай Қазақстанды түрлі-түсті төңкерістен қорғай ма?
Қытай Қазақстанды түрлі-түсті төңкерістен қорғай ма?
3 жыл бұрын 3466

Жақын арада қытай сарбаздары түрлі-түсті төңкерістерден қорғаймыз деп, Нұр-Сұлтанды торуылдап жүрсе, бұған әсте таңқалудың қажеті жоқ. Бұл істің Мәскеудің батасынсыз орындалмасы да түсікті. Бұл жайында nege.kz ақпарат көзінің сараптамалық материалынан біле аласыздар.

Рас, әлемде түрлі-түсті төңкерістер қайтадан белең ала бастады. Оның тасасында Батыстың ықпалы тұрғаны жиі айтылып жүр. Енді Қытай Ресеймен тізе қосып, бұған қарсы тұруды көздеп отыр.

Жасыратыны жоқ, қазір әлемдік билік үшін ұлы күрес жүріп жатыр. Оны уысынан шығармаймын деп АҚШ жанталасу үстінде. Сондықтан Қытай мен Ресейге тырнағын қатты батыра бастады. Экономикалық санкцияларды қардай боратты. Бес қаруын сайлап отыр. Қытай болса, осы қысымға төтеп беру үшін ашық түрде одақтастар іздей бастады.

Әрине, Бейжің ең алдымен Мәскеуге қолқа салды. Мәселен, Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И ҚХР мен РФ-ті тандем деп атап, биылдан бастап ынтымақтастықты арттыруға, атап айтқанда, түрлі-түсті төңкерістерге, жалған ақпараттарға қарсы күресуге және саяси қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Бұл ұсыныс Кремльдің көкейіндегісін тап басары анық. Си Цзиньпин мен Владимир Путин алдымен өз тағының шайқалмауын ойлайды. Вашингтонның бір нүктеге соққы беру тәсіліне көшкенін көріп отыр. Яғни, АҚШ «Қытайды әлсірету үшін алдымен Си Цзиньпиннің өзін нысанаға алайық» деп ашық жоспар құрып жатыр. Ендігі кезек кімдікі екенін Путин де жақсы түсінеді.

Сөз жоқ, Қытай мен Ресейдің мүдделері тоқайласа бермейді. Бірақ, алқымынан алған ортақ жау дес берер емес. АҚШ-тың алдында тізе қосуға мәжбүр екенін екі ел де жақсы білсе керек.

Қытай мен Ресейдің ортақ ымыраға келуінің басы – бұл емес. Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) құрып, пікір алмасып, әрекетке баратын алаңқайын жасап та үлгерген. Ол аз болса, Орта Азия елдерін айдап әкеп, мүшелікке кіргізіп, қарасын көбейтіп, жонын күжірейтіп те қойған. Әрине, сол қораның ішінде Қазақстанда да бар.

Ван Идің бастамасы ШЫҰ шеңберінде іске асырыла ма, жоқ әлде, басқа атаумен әскери, қауіпсіздік және басқа да құрылымдарды біріктірген әскери-саяси альянс бола ма, ол жағы аса маңызды емес. Қағаз жүзінде қалай аталса да, ұйымның тұтқасы екеудің қолында болары хақ. Десе де, Ресейден гөрі Қытайдың мысы басымырақ екені құпия емес.

ШЫҰ Фото: sputniknews.ru

Әйтеуір, Қытай мен Ресей арасындағы осындай бір одақтың құлағы қылтиып келеді. Қазақстан – Ресейдің сателлиті ғана емес, Қытайдың экономикалық қуатына кіріптар ел. Сондықтан Астананың мұхиттың арғы жағындағы Вашингтонға қарағанда, іргедегі екі алып көршісінің қас-қабағына көбірек қарауы да заңдылық.

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Бізде бір қиындық туса, АҚШ оны Ресей мен Қытайға қарсы пайдалануы ғажап емес

– Мемлекеттердің достары болмайды. Оларды тек мүдде біріктіреді. Түрлі-түсті төңкерістерге қарсы тұру Қытай мен Ресей мемлекетінің мүддесіне сай келіп отыр. Сондықтан екеуі бірігіп, АҚШ-қа қарсы тұрмақ. ШЫҰ дегеніміз – Ресей мен Қытай. Екі елдің ынтымақтастығы уақытша деп білемін. Негізі, бұлар – бір-біріне бәсекелес елдер.

Қытай тым күшейіп кетсе, Ресейге де қауіп төндіреді. «Өткен ғасырларда біздің әлсіздігімізді пайдалып, Ресей біраз жерімізді тартып алды» деп есептейді Қытай. Қазіргі достығы – тек қана тактикалық ынтымақтастық.

Ресей мен Қытай бірігіп, түбінде Қазақстанды түрлі-түсті төңкерістен қорғаймыз деуін жоққа шығаруға болмайды. Бұл әбден мүмкін.

Мысалы, діни-экстремистердің Ақтөбеде қару алып, бас көтергені мәлім. Бізде бір қиындық туса, АҚШ оны Ресей мен Қытайға қарсы пайдалануы ғажап емес.

Ашығын айтқанда, АҚШ демократиядан бұрын өз мүддесін ойлайды. Бұл ел Ресей мен Қытайдың дегбірін қашыруды көздейді.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Бізде де түрлі-түсті төңкерістің қаупі бар

– Бізде де түрлі-түсті төңкерістің қаупі бар. Демократияға қарай қадам басу дүрбелеңсіз жүзеге асуы тиіс. Саяси қауіпсіздікке қатер төнбейтіндей қарқынмен жүруі керек. Әрине, Қытайдың Орта Азиядағы амбициясы бар. Ресей де Қазақстан мен Орта Азияны қайта бағындырмақ.

Мұндай жағдайда бұл екі мемлекетпен жауласпай, үш жаққа қолайлы экономикалық қатынастарды жандандырып, жұмыс істеу қажет. Есігімізді тарс жабу дұрыс емес.

Қарыздарды бір мемлекеттен алу да жақсы нәрсе емес. Әртараптандыру ләзім. Әрине, кез келген қарым-қатынастың жағымсыз және жағымды тұстары бар екенін естен шығармаған жөн.

Бізге де түрлі-түсті төңкеріс қажет емес. Радикалды өзгерістерді қажет етпейміз. Тәуелсіздікті сақтай отырып, ішкі және сыртқы саясат жүргізу қажет. Сондықтан ішкі мәселелерге көрші мемлекеттерді араластыруға болмайды.

0 пікір
Мұрағат