Әйел адам шашын бояса бола ма? Қара түске бояудың үкімі қандай?
Әйел адам шашын бояса бола ма? Қара түске бояудың үкімі қандай?
3 жыл бұрын 15577

Ассалаумағалейкум! Мендегі сауал әйел адам шашын бояса бола ма? Және кандай зияны бар? Шариғат түрінен үкімі калай ? Жауап берсеңіз. Ербол.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ер кісіге де, әйел кісіге де шаштарын бояуларына болады. Бірақ қара түске бояуды көпшілік Ханафи ғалымдары мәкруһ санаған. Десе де, Имам Әбу Юсуф бастаған бірен-саран ғұламаларымыз қараға бояуды мубах деп есептейді. Бұған байланысты Имам Әбу Юсуфтың (р.а.): «Әйелімнің мен үшін әдемеленуі маған ұнайтыны сияқты, менің ол үшін әдемеленуім оған ұнайды», - дегендігі кітаптарда келтірілген[1].  

Себебі, Әзіреті Хасан, Әзіреті Хусейн, Әзіреті Осман ибн Аффан сынды кейбір сахабалар шаштарын қараға бояйтын болған (радияллаһу анһум). Егер, харам болғанда, олар ондай іске бармас еді. Оның үстіне Алла елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай риуаят жеткен:

«إِنَّ أَحْسَنَ مَا اخْتَضَبْتُمْ بِهِ لَهَذَا -أي للشيب- السَّوَادُ؛ أَرْغَبُ لِنِسَائِكُمْ فِيكُمْ، وَأَهْيَبُ لَكُمْ فِي صُدُورِ أعدَائكم»

«Ақ шаш үшін бояйтын бояулардың арасында ең жақсысы – қара түс. Ол түс – сендерді әйелдеріңе тартымдырақ қылады. Әрі дұшпандарыңның көкейіне қорқыныш салу тұрғысынан әсерлірек»[2].

Сахабалар көзін көрген табиғин, хадисші ғалым Ибн Шиһаб әз-Зуһрийдің шашты қараға бояу жайында айтқан мына сөзі назарға аларлықтай:  

" كنا نختضب بالسواد إذ كان الوجه جديدا ( شبابا ) فلما نفض الوجه والأسنان ( أي كبرنا ) تركناه "

«Біз бетіміздің әрі таймай тұрғанда (яғни, жас күнімізде) шашымызды қараға бояйтынбыз. Қашан жүзімді әжім басып, тістеріміз түсе бастағанда (қартайған кезде) қараға бояуды тоқтататынбыз»[3].

Осы орайда, кейбір Ислам ғұламалары, мысалы, Шәфиғи мәзхабының ғалымдары, әйел кісінің өз ерінің рұқсатымен ғана қараға бояй алады деп пайымдаған. Күйеуі рұқсат бермесе, бояй алмайды дейді олар.

Қорыта айтқанда, әйел кісіге шашын бояуына болады. Бірақ қара түске бояуы мәкруһ, кей ғұламаларға қарағанда мубах, яғни, рұқсат. Бірақ үлкен жастағы апалардың қара түске емес, одан өзге түске бояғандары абзал. Өйткені, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахаба Әбу Бәкірдің әкесінің ағарып кеткен шашын көріп: «Шашының түсін өзгертіңдер, бірақ қараға емес»[5], – дегендігі риуаяттарда келген.

Осы тұрғыда айта кетелік: Шариғат бұйрығы бойынша, әйел кісі шашын бөтен еркекке көрсетуіне болмайды. Күнә іс. Сондай-ақ, шашқа сіңетін табиғи бояуларды қолданған жөн.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] «Әл-Фәтәуә әл-Һиндия». 5/438 бет.; وروي عن أبي يوسف - رحمه الله تعالى - أنه قال كما يعجبني أن تتزين لي يعجبها أن أتزين لها كذا في الذخيرة.
[2] Ибн Мәжә: «Сүнән». Хасан дейтін хадис ғалымдары бар.
[3] Фәтхуль Бәри.

Абдусамат Қасым