Дінімізде шайнайтын темекіні (жевательный табак) қолдануға бола ма?
Дінімізде шайнайтын темекіні (жевательный табак) қолдануға бола ма?
3 жыл бұрын 3597

 «Жевательный табак порционный» деген не? Харам зат па? Кейбір адамдар соны аузына салып жеп жүр? Әсел.

Құрметті сауал жолдаушы, шайнайтын темекі, снюс т.б. түтінсіз темекілер бүгінде зиянды деп табылып, олардың бір қатары көп елдерде заңмен тыйым салынған. Мәселен, шайнамалы темекінің бір түрі саналатын «снюс» түтінсіз темекісі Шведция және Норвегия елдерінен өзге елдерде қатаң тыйым салынған. Мәселен, Ресей елінде мұндай темекінің «снюс» түрін сатуға заңмен шектеу қойылып, ал шайналатын түрін белгілі жастағыларға дейін сату тыйым салынған, әрі сыртына «денсаулыққа залалды» деген сөз жазылуын міндеттейді. Біздің елде де ондай темекі түрлерін сатушыларға айыппұл қарастырылған.

Шайнамалы темекінің «снюстан» айырмашылығы шамалы. Біріншісінде шайнау арқылы белгілі мөлшерде никотин бөлінсе, снюсті - үстінгі ерінге қою арқылы қолданады. 

Медицина өкілдерінің зерттеулеріне қарағанда мұндай түтінсіз темекі түрлерінің құрамындағы никотин мөлшері – кәдімгі темекідегі никотиннің мөлшерінен бірнеше есе көп. Сондықтан да, бұларды зиянсыз деп айту бос сөз дейді олар. Мысалы, шайнайтын темекінің біреуі – бес үштік темекіге тең деседі.

Әрі бұлардың «темекі тәуелділігін» арттыру жөні аса көп. Онымен қоймай қатерлі ісіктерді тудыратын концарегенттік заттарды қамтиды. Оны мөлшерленген уақытынан көбірек ауызда ұстаса, адам уланады. Онымен қоймай, жұтқыншық аурулары, ауыз қуыс аурулары, ішек және өңеш ауруларын т.б. ауруларды тудырады. Бір сөзбен айтқанда – аса зиянды, кесірлі нәрсе. Ислам дінінде таза, пайдалы заттар адал саналып, ал зиянды, кесірлі заттар тыйым салынады. Құран Кәрімде былай делінген:

يَأْمُرُهُم بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَاهُمْ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُحِلُّ لَهُمُ الطَّيِّبَاتِ وَيُحَرِّمُ عَلَيْهِمُ الْخَبَائِثَ

«Ол – оларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Және де таза нәрселерді адал етіп, таза емес (жиіркенішті, зиянды) нәрселерді харам етеді». «Ағраф» сүресі, 157 аят.

Қорыта айтқанда, шариғаттағы «әр зиянды нәрсенің үкімі – харамға байланған» деген қағиданы назарға алсақ  - шайнайтын немесе ерін астына қоятын яки иіскейтін (нюхательны табак) т.б. осы сияқты түтінсіз темекі түрлерінің бәрі адам денсаулығына айтарлықтай залал тигізетіндіктен, оның үкімі харам немесе ең жоқ дегенде харамға жақын мәкруһ болмақСебебі, адамның денсаулығы оған аманат. Адамның әртүрлі зиянды нәрселерді қолданып, өзіне аманат қылып берілген денсаулығына қиянат жасауы күнә іс. Оның үстіне Құдай Тағала: "Өз-өздеріңді өлімге итермелемеңдер" деп бұйырған. Әлгіндей нәрселерді пайдалану да өзін өлімге жетелеумен пара-пар.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

 

Абдусамат Қасым