Ақиқа құрбанының етін "қалжаға" қолдануға бола ма? Әлде қалжаға бөлек қой сойылу керек пе?
Ақиқа құрбанының етін "қалжаға" қолдануға бола ма? Әлде қалжаға бөлек қой сойылу керек пе?
3 жыл бұрын 8496

Сәлеметсіз бе! Ақиқа қойы мен калжаның айырмашылыгы неде? Айгүл.

Сәлеметсіз бе!

Әуелі «Ақиқа» құрбаны жайында қысқаша мәлімет бере кетелік.

«Ақиқа» құрбаны дегеніміз, дүниеге келген перзент үшін Аллаға шүкір мақсатында шалынатын нәпіл құрбан. Үкімі мұстахаб, кей ғалымдарымыз мубах деген.

Бұл құрбан баланың жетінші күні шалынады (одан кешірек шалса да жарайды). Жетінші күні баланың шашы алынғаннан кейін Ақиқа құрбаны шалынады. Осы жетінші күні азан айтып ат қойылады. Шамасы келетін ата-ана алынған шаштың салмағындай күміс не алтын немесе соның құнына шақтап ақшалай садақа бергені ұнамды.

Аталмыш құрбанды баланың жетінші күні шалғаны абзалырақ. Ұл болсын, қыз болсын бір қой шалса жеткілікті.

Ендігі жерде, Ақиқа құрбанының етін ата-ана қаласа өздеріне түгел қалдыра алады немесе бір мұқтаж отбасыға етті түгелдей садақа етіп бере алады яки үшке бөліп: бір бөлігін өздеріне, екінші бөлігін мұқтаж жанға және үшінші бөлігін көрші-қолаңға дастархан жайып тамақ беруіне болады.

Қалжа деген, бәріңізге белгілі жаңа босанған жас келінге сорпа болсын деген мақсатта арнайы сойылатын мал түрі.

Ал, енді, Ақиқа құрбанына да, қалжаға да бір қой сойса бола ма? Басқаша айтқанда Ақиқа деп шалып, етін қалжаға қолданса бола ма?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақиқа құрбанының етін түгелдей өздеріне қалдырулары күнә емес. Сол себепті, қалжаға бөлек мал сою қалтаға ауыр соғатын болса, малды Ақиқа құрбаны ниетімен сойып, ал етін қалжаға қолдануға болады. Оның еш ағаттығы жоқ. 

Осы орайда, Ақиқаны баланың жетінші күнінен бұрын шалса бола ма? - деген сауал ойға келеді. Әсіресе, қалжаға етті жетінші күнге дейін күтпеуі мүмкін. Сондықтан да, баланың дүниеге келгеніне жеті күн толмай Ақиқа құрбанын шала берсе бола ма?

Ақиқаны уақытына байланысты кейбір Ханафи кітаптарында "ақиқа құрбаны жетінші күні шалынады, одан бұрын шалынбайды" делінген. Әйтсе де, Ақиқаны жетінші күнінен бұрын шалса да қате емес дейтін өзге мәзхаб ғұламалары бар. Бастысы бала дүниеге келген болуы керек. Дүниеге келмей ақиқасы шалынбайды[1]. Осы негізде айтқанда, бала дүниеге келісімен жетінші күнін күтпей Ақиқасын шалып, етін қалжа ретінде қолданудың әбестігі жоқ. Әрине, қалталы кісі қалжаға бөлек қой сойып, ал жетінші күні Ақиқа құрбанын бөлек шалып жатса, нұр үстіне нұр. Дегенмен, қалтасы онша көтермейтін мұсылмандар «ақиқа құрбаны» ниетімен мал шалып, сосын оның етін «қалжа» ретінде қолдануларына болады.


[1] Әл-Маусуъатуль Фиқһия – 30\278 бет.

Абдусамат Қасым