Жүктілік кезінде шаш қидыруға бола ма?
Жүктілік кезінде шаш қидыруға бола ма?
9 жыл бұрын 95488

Сәлеметсіз бе! Қазақта жүкті әйелге шашын қысқартуға болмайды дейтін ырым бар екен. Сол рас па? Шашты қырқып қойған жағдайда не істеу керек?

Сабира.

Сәлеметсіз бе, Сабира! Осы сұрақ оқырмандарымыз тарапынан хат қоржынымызға жиі келіп жататындықтан, жауабын жариялауды жөн көрдік.

"Шаш қисаңыз болашақ балаңыздың ғұмыры келте болады" дейтін ырым анда-мұнда кейде айтылып жататындығы рас. Бірақ, мұндағы ырымның шындыққа жанаспайтындығы айтпаса да белгілі. Қанша шаш қимай жүрсек те өлшенген өмірді ұзарту қолдан келмейді. Құран Кәрімде жаратушы Алла тағала былай дейді:

«Алла (Т.) сендерді топырақтан, сосын ұрықтан жаратып, кейін сендерді жұп-жұп қылды. Ешбір ұрғашы Алланың білуінен тыс жүкті болмайды да, тумайды. Алланың Жазмышында (кітабында) жазылған өмір ұзартылмайды да, қысқартылмайды. Әрине бұл Аллаға оңай»[1].

Сондай-ақ, сахих риуаяттарда Пайғамбарымыздың жұбайлары қажет кезде шаштарын қиғандықтары айтылған[2].

Ендеше, аталмыш ырымды негізсіз деп санаймыз. Қажет болып жатса, жүктілік кезінде де шашты қидырудың ағаттығы жоқ.

Медицина тұрғысынан:

Деректерге сүйенсек, жүктілік кезінде шашты қидырудың іштегі балаға ешқандай тигізер зияны жоқ. Бірақ, химиялық қоспалары бар шаш бояғыштарды жүктіліктің 4 (төртінші) айына дейін (толық үш ай) қолданбаған дұрыс. Себебі, аммияк, резорцын сынды химиялық қоспалар әлі толық жетілмеген іштегі шақалаққа зардабын тигізуі мүмкін[3].

Қосымша мәлімет:

Осы тұрғыда жүктілік кезіндегі әйел шашының жағдайы жайында айтылған қысқаша мәлімет бөлісе кетелік.

1. Жүктілік кезінде әйелдердің шаштары мықты әрі жуан болып, жылтырау қасиеті артады екен. Оның себебі әйел ағзасы бөлетін гормондардың жүктілік кезінде көбеюінде жатыр.

2. Ұзақ уақыт бойы бас терісінде тұратын шаштарымен қатар жаңадан шаштар өсіп шығып, жүкті әйелдің шашы қалыңдай түседі. Бірақ босанғаннан соң шаш қайта жұқарып кететіні де бар.  

3. Химиялық қоспалары бар шаш бояғыштарды қолданбау керек. Мамандардың айтуына қарағанда, бояу құрамындағы химиялық заттардың бас терісіне өтіп, сол жерден қан тамырларына өту арқылы жатырдағы балаға әсер етуі мүмкін делінген[4].


[1] Фатыр сүресі, 11-аят. (35-сүре).
[2] Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[3] http://www.haftahaftahamilelik.org/
[4] http://anamenbala.kz/

 
Абдусамат Қасым