Аптаның бір күнін «тергеу күні» деп, атау бар екен. Сондай түсінік мұсылманшылықта бар ма?
Аптаның бір күнін «тергеу күні» деп, атау бар екен. Сондай түсінік мұсылманшылықта бар ма?
9 сағат бұрын 216

Ассаламуалейкум!

Мұсылманшылықта аптаның бір күнін (вторник) «тергеу күні» деп, сол күні іс бастамай, қонаққа бармай, ол күннен сақтану деген түсінік бар ма? Сол күні Тозақ жаралды дегенді оқып едім.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мұсылман дінінде «тергеу күні» деген түсінік жоқ. Яғни, асыл дінімізде «пәлен күн – сәтсіз күн, ол күні ештеңе істемеу керек» деген наным мүлдем орын алмаған.

Керісінше, аптаның барлық күндері берекелі деп қаралып, соның ішінде кейбір күндердің ерекшеліктері атап өтілген. Мәселен:

  1. Жұма – аптаның ең қайырлы, берекелі күні. Бұл күнде дұға қабыл болатын сәттер бар.
  2. Бейсенбі – жолға шығуға қолайлырақ күн. Алла елшісі (с.а.у.) бейсенбі күні сапарға шыққанды ұнататын[1]. Десе де, басқа күндері де жолға шығудың зияны жоқ.
  3. Сәрсенбі – бір істі бастауға қолайлырақ күн. Әйтсе де, өзге күндері де іс бастауға болады.
  4. Дүйсенбі мен бейсенбі – амалдардың көкке көтерілетін күндері. Сол себепті бұл күндері нәпіл ораза ұстаған ұнамды әрі сауапты.

Тоқ етерін айтқанда: аптаның белгілі бір күнін «сәтсіз», «іс бастауға болмайтын күн» деп санауға шариғи негіз жоқ. Апта күндеріміз берекеге толғай!

[1] «Сахих Бұхари».