Құдайға сенбейтін адамның істеген жақсылығы босқа кете ме? О дүние, бұ дүниеде пайдасы бар ма?
Құдайға сенбейтін адамның істеген жақсылығы босқа кете ме? О дүние, бұ дүниеде пайдасы бар ма?
6 ай бұрын 3271

Құдайға сенбейтін адамның істеген жақсылығы босқа кете ме? О дүние, бұ дүниеде пайдасы бар ма?

Әлхамдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Исламды мойындамайтын мұсылман емес, кәпір адамның істеген жақсылықтары о дүниеде оған пайда әкелмейді. Құранда: «Кім иманды жоққа шығарса, сөзсіз оның істеген істері өшіп кетеді және ол ақыретте қасыретке ұшырағандардан болады» делінген. («Мәәидә», 5). Алайда, оған, яғни, Құдайға сенбейтін, Ислам дінін өтіріксінетін кәпір адамның істеген жақсылығының қарымтасы осы дүниеде беріледі. Өйткені, Алла Тағала - аса әділ. Өзінің әділдігіне сай, кәпір де болса, оның жақсылығын жоқ қылмайды, қарымтасын осы дүниеде береді. Бұған байланысты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Егер кәпір адам бір жақсы іс істесе, ол ісі үшін бұ дүниеде тамақтанады (яғни, несібесі беріледі). Ал мүмін-мұсылман бір жақсы іс істесе, Алла тағала оның жақсылықтарын ақыретке сақтайды және осы дүниеде де Құдайға бойсұнғаны үшін ырзығы беріледі» деген болатын. («Сахих Мүсілм»). Яғни, Құдайға сенбейтін кәпір адам істеген жақсылығының қарымтасын осы дүниеде ғана көреді екен, ал мүмін-мұсылман болса екі дүниеде де жақсылығының жемісін көреді. 

Оның мәнін былай түсінідіруге болады: кәпір адам көбіне ақыретке сенбейтіндіктен ақыреттен ештеңе күтпейді, біршеті сондықтан да, Алла Тағала оның жақсылықтарының қарымтасын осы дүниеде береді. Құранда: "Адамдардың кейбірі "Құдайым маған осы дүниеде бер" дейді, ақыретте оның нәсібі болмайды" - делінеді. ("Бақара", 200). Ал ақыреттен үміті бар мүмін-мұсылман пендесінің жақсылығының қарымтасын ақыретке қалдырады. Өйткені, мүміннің ақыреттен күтері бар. Мүмін үшін бұл дүние - өткінші, ақырет - мәңгі, сондықтан да, ол не істесе де ақыретім үшін деп істейді. Сол себептен де, Алла Тағала ниетіне қарай оның істерінің қарымтасын ақыретте береді және онымен қоймай ықыласы себепті осы дүниеде де жақсылық сыйлайды.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым