«Құранда бөлінбеңдер деген» деп, мәзхаб ұстанбаймын дейді, сол дұрыс па?
«Құранда бөлінбеңдер деген» деп, мәзхаб ұстанбаймын дейді, сол дұрыс па?
2 жыл бұрын 4533

Қайырлы күн! Ешқандай мазхаб ұстанбайды. «Құранмен, сүннетпен жүремін» дейді, ол дұрыс па? Бес уақыт намаз оқиды.»Құранда бір жіптен ұстаңдар, бөлінбеңдер» деген дейді.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құран Кәрімнің «وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا», яғни, «Бәрің түгел Алланың жібінен мықтап ұстаңдар да, бөліңбеңдер!...» деген аятына сай «мұсылмандар бөлінбеу керек» деген сөзі өте дұрыс. ("Али Имран", 103 аят). Алайда, мәзхаб ұстануды «бөліну» деп түсінуі - қате. Мәзхаб, керісінше мұсылмандарды біріктіретін мықты құрал. Мәселен, әрбіріміз өз білгенімізше дінді ұстанар болсақ, онда дініміз «төрт мәзхаб» емес, төрт мың мәзхаб болып кетер еді. Мұсылмандардың саң мыңдаған тармаққа бөлінбей, бір ұстаным аясында бірігуін қамтамасыз еткен бірден-бір күш, ол - мәзхаб. (Мәзхаб деген, "жол", "ұстаным", "мектеп" деген сөз, Ислам құқық мектебі). Ал, «мәзхаб ұстанбаймын» деу, керісінше бөлінушілік пен алауыздықты тудырады.

Ендеше, аталмыш Құран аятының көздеген мақсатына қайсысы жақынырақ, мәзхаб ұстану ма, әлде мәзхаб ұстанбау ма? Меніңше, Құрандағы «Алланың жібінен мықтап ұстап, бөлінбеңдер» деген аяттағы көзделген мақсатқа жетелер ең жақын жол, ол - «мәзхаб ұстанушылық». Ал «мәзхаб ұстанбаймын» деу, керісінше аталмыш аятқа қайшы амал қылу болмақ.

Енді сау ақылмен ойлап қарайықшы, Ислам тарихында мүйзі қарағайдай дін ғұламалары өткен. Олардың бәрі төрт мәзхабтың бірін ұстанған. Мәселен, Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Имам Тахауи, Имам Ғазали, Имам Нәуәуи, Имам Суюти т.б. көптеген ғұламалар белгілі мәзхабты ұстанған (Алла олардан разы болсын). Олардың бұл таңдауы білімдері жетпегендіктен емес, солай дұрыс болғандықтан. Әйтпесе, мысалы Имам Әбу Юсуф өзі мәзхаб құра алатындай дәрежедегі «мүжтәһид-мұтлақ» ғұлама болған. Имам Мұхаммед пен Имам Тахауи де солай, Имам Ғазали да. Бұлардың әрқайсысы дін ғылымында ең үстіңгі дәрежеге жеткен ғұламалар. Бірақ, солай бола тұра, олар белгілі мәзхабты ұстанып, сол мәзхабтың ереже-қағидаттарына сай амал еткен. Егер мәзхаб ұстану дұрыс тірлік болмаса, Имам Тахауи мәзхаб ұстанар ма еді? Имам Ғазали Шәфиғи мәзхабын ұстанар ма еді? Аталмыш ғұламалардың әрқайсысы діни ғылымда ғана емес, тақуалық пен діндарлықта да шарықтау шегіне жеткен тұлғалар еді. Олардың өздері бұрыс көрген нәрсенің соңынан ілесулері мүмкін емес. Егер олар белгілі мәзхабты ұстану бұрыс тірлік болғанда, өздері жеке мәзхаб құрып алар еді. Бірақ олар олай етпеді. Және де төрт мәзхабтың төртеуі де дұрыс ұстаным болмағанда, ненің не екенін жақсы білетін және шариғаттың майын шағып тастаған аталмыш ғұламалар, ол төрт мәзхабтың біріне мойынсұнбас еді. Төрт мәзхабтың төртеуі дұрыс болғандықтан, оларды дәріптеген. 

Ендеше, дәреттің үкімін толық білмей тұрып «мәзхаб ұстанбаймын» деу не сасқандық?

Енді мынадай сауал ойға келеді: "Мәзхаб ұстанбау діннен шығара ма?"  

Мәзхаб ұстанбау адамды діннен шығармайды, бірақ адастырады. Түсінемін, егер «мүжтәһид-мұтлақ» деңгейне жетіп «менің өз жолым» бар деп жатса, оған «мархабат» дегеннен басқа айтарымыз болмас еді, өйткені шариғатта "ижтиһад" есігі қияметке дейін ашық. Бірақ ғалымдық деңгейі былай тұрсын, Құранды дұрыс оқи алмай тұрып, «мен мәзхаб ұстанбаймын» деу, бұл енді ұят тірлік.

Сондықтан да, сұрақтағы бауырымызға айтарым, Құран-Сүннетті ұстанамын дегені дұрыс, бірақ сол екі қайнар көзді, әсіресе шариғат үкімдері қамтылған аят-хадистерді, мысалы, Әбу Ханифаның үйретуі бойынша ұстанғаны одан да дұрыс. Өйткені 6 мың аят бар. 30 мыңға жуық хадис бар. Оның қайсысымен амал етуді үйрететін мектеп, ол - мәзхаб болмақ. Мысалы, хадис жинақтарын аптека деп алсақ, ондағы дәрілер - хадистер. Ал қай дәріні ішу керектігін сізге ұсынатын фармацевт, ол - мәзхаб. Егер біз өз білгенімізше кез-келген дәріні іше берсек, не болады? Ауруға ауру қосып аламыз. Мәзхабпен жүрмеу де солай. 

Сөз соныңда, Имам Суютидің мына кеңесін айтқым келеді, Ол (р.а.) өзі Шәфиғи мәзхабының өкілі бола тұра, Ханафи мәзхабының діндегі алар орнын паш ете келе былай деген екен: «Пейішке кіргің келсе, Ханафи мәзхабын ұстан!».

Алла Тағала баршамызға тауфиқ, һидаят берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым